Accessibility links

"Төбесінен су ағып, қабырғасы жарылған". Сапасыз құрылыс неге көбейді?


"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты тұрғын үйдің сырты. Өскемен, 2021 жылғы сәуір айы.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты тұрғын үйдің сырты. Өскемен, 2021 жылғы сәуір айы.

Сырты түсе бастаған, шатырынан су сорғалап, кірпіші құлаған, қабырғасы жарылып, едені опырылған үйлер. Мұндай көрініс Қазақстанда жаңадан пайдалануға берілген, әсіресе, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлерде жиі кездеседі. Сарапшылар оның себебін құрылыс саласындағы кәсіби біліктіліктің төмендеуінен, қоғамда тамыр жайған жемқорлықтан іздейді.

"ЗАҢ БҰЗЫЛҒАНЫНА ДӘЛЕЛ ЖЕТКІЛІКСІЗ"

"Халықтың әл-ауқатын көтеретін маңызды бағдарлама". 2017 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұрлы жер" бағдарламасын осылай сипаттаған. Мемлекеттік бағдарлама атауында елдегі көптеген басқа ұйым мен нысанға берілген "нұрлы" сөзі бар. Жұрттың көбі мұны бұрынғы президенттің жеке басына табынуға жатқызады.

Қазақ тілінде "нұрлы" сөзі шуақты деген мағына береді. Бірақ мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған, сапасы сын көтермейтін тұрғын үй ипотекаға пәтер алған азаматтардың өміріне шуақ шашып, нұрландырып жіберді деп айту қиын.

2020 жылғы маусым айы, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы. Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 2018 жылы салынған үй қирай бастаған: қабырғасы жарылып, шатырынан су сорғалаған ғимараттың сырты бүлінуге айналған. 2021 жылы сәуірде үйдің сыртқы бетінің жартысы түсіп қалған. Қазір "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша көп жылға несие алған тұрғындар не істерін білмей отыр. Олар жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне арызданған, бірақ агенттік "ешқандай заңбұзушылық табылмағанын" айтқан. Үй 2020 жылы құрылыс операторлары – "Бәйтерек Девелопмент" пен "Қазақстан ипотека компаниясына" (екі компания да "Бәйтерек" ұлттық холдингінің еншілес ұйымдары, биыл екеуі бір компанияға біріктірілген) өткен. Компания үш жыл бұрын ғана пайдалануға берілген нысанның қазіргі күйіне қынжылыс білдірмесе де, ғимаратты жөндеп беруге уәде еткен.

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы жалбырап, түсіп жатыр. Өскемен, 2021 жылғы сәуір айында түсірілген.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы жалбырап, түсіп жатыр. Өскемен, 2021 жылғы сәуір айында түсірілген.

"Бәйтерек девелопмент" өкілі Бекзат Марат ақпарат құралдарына компания үйді "бірер кемшілігіне ғана бола пайдалануға бермей қоя алмады" деп түсіндірген.

2021 жылы тамызда Өскемендегі Есенберлин көшесінде 2020 жылы салынған бесқабатты үйден ақау табылған. Жаңа үйден ипотекаға пәтер алған тұрғындар ғимараттың қабырғасы 11 сантиметрге дейін жарылған кезде дабыл қаққан. Бұл нысан да мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің дерегінше, 2021 жылы тамызда тұрғындар мердігер "DK PROEKT" ЖШС компаниясын жауапқа тартуды сұрап, ұжым боп арыз берген. Бірақ "қылмыс заңын бұзғанына дәлел-дәйек жеткіліксіз болуына байланысты" бұл арыз Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігіне жіберілген. Өскеменде мұндай үй бір-екеу ғана емес.

Мұндай жағдай Қазақстанның өзге өңірінде де жиі кездеседі.

2021 жылы маусымда Павлодарда құрылысы бітпеген төртқабатты үй құлаған. Сол жылы сәуірде Нұр-Сұлтанда тоғыз жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған 12 қабатты үйдің сырты түсіп қалған. Шенеуніктер үйді сараптамадан өткізуден бас тартқан. Олар сараптаманы бюджет есебінен тегін жүргізу үшін үйдің салынғанына он жыл толуы керегін айтқан. Ал сараптамасыз жөндеу жұмыстарын бастауға болмайды.

Ақтауда 30-ықшамаудандағы үйдің сырты бірнеше рет бүлінген, 2021 жылы мамырда ғимараттың беткі қабатының біраз бөлігін жел ұшырып әкеткен. Үй 2011 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша пайдалануға берілген. Әкімдік үйді қалпына келтіру жұмыстарын өз бақылауына алуға уәде берген.

Ақтөбеде 2009 жылы салынған үйлердің бірі он жылдан кейін сыр беріп, 2019 жылы ақпанда ғимараттың шатыры отыра бастаған. Пәтер иелері кооперативі шатырды уақытша ағаш бағаналармен тіреп, тұрғындар бақылаушы органдарға жүгірген. Мемлекеттік органдар тұрғындарды "қорқынышты ештеңе болған жоқ" деп қайтарған. Ақтөбедегі жаңа үйлерге де шағым көбейген: апатты жағдайдағы үй тұрғындары баспанамыз құлап қалуы мүмкін деп қауіптенеді.

2021 жылы Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметтік құзыретін асыра пайдаланғаны үшін төрт жарым жылға бас бостандығынан айырылған: ол мердігер компания өз міндетін толық орындамаса да, атқарылған жұмыстар туралы актілерге қол қойып отырған. 2020 жылы мамырда дәл осы басқарманың басшысы да ұсталған, бірақ оның немен аяқталғаны беймәлім.

2016 жылы Оралда 2012 жылы салынған тоғыз қабатты үйдің қабырғасы шатырынан бастап жетінші қабатқа дейін жарылған. Бұл кезде құрылысқа берілген кепілдеме мерзімі әлі бітпеген, сондықтан мердігер үйді тегін жөндеп берген. Сол жылы қаладағы басқа ықшамауданда бірнеше ай бұрын пайдалануға берілген тұрғын үйдің қабырғасы жарылып, отыра бастаған.

Кейінгі бірнеше жылда осыған ұқсас шағымдар Көкшетау, Қостанай, Тараз, Қарағанды, Теміртау, Шымкент қалаларында да тіркелген. Құрылыс сапасы нашар ғимараттардың бәрі мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үй.

"ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫН ҚАДАҒАЛАЙТЫН АДАМДАРДЫ КОНВЕРТ БЕРІП, ОҢАЙ ЖОЛДАН ТАЙДЫРУҒА БОЛАДЫ"

Мұндай мәселе тұрғын үй ғана емес, мектеп, аурухана, сауықтыру нысандарында да кездеседі.

2014 жылы Алматы облысындағы Қаратал ауылында бастауыш мектеп салынған. Төрт жылдан кейін мектептің едені шіріп, тағы екі жылдан соң қабырғасы мен төбесі жарылған. Алматы облысының мемлекеттік сәулет өнері және құрылысты бақылау басқармасы Азаттыққа 2019 жылы 3 сәуірде бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, бірақ қазір іс тоқтатылғанын хабарлады.

Басқарма өкілдері "Құрылыс сараптамасы жүргізілді. Тергеу уақытша тоқтатылды. Істі толық аяқтау үшін топыраққа кеңейтілген геологиялық сараптама жүргізу керек" деп мәлімдеді.

Басқарма шенеуніктерінің дерегінше, 2021 жылы техникалық қорытынды дайын болған. Оған сәйкес, үйдің бүлінуіне топырақтың тығыз төгілмеуі, еден мен ғимаратты бөлетін қабырғалардың фундаментінің астындағы ылғалдың жоғары болуы әсер еткен. Өйткені су аралас топырақ уақыт өте келе отыра бастайды.

Тәжірибелі сәулетші Алмас Ордабаев құрылыс сапасының төмендігін қадағалаудың дұрыс жүрмеуімен және жемқорлық деңгейінің жоғары болуымен байланыстырады.

Сәулетші Алмас Ордабаев.
Сәулетші Алмас Ордабаев.

– Олардың топырақ пен басқа да себептер туралы айтқаны – ұсақ-түйек нәрсе! Мұның бәрі оңай жасалады. Геологиялық қызмет, мамандар, аудандарға бөлу картасы бар, арнайы геологиялық зерттеулер жүргізіледі, осының бәрін істеу керек еді. Қазіргі жағдай дабыл қағатын деңгейге жетіп отыр. Құрылысты қадағалау жұмыстары көбіне моральдық тұрғыдан тұрақсыз адамдарға жүктеледі. Оларды қолына конверт беріп, оңай жолдан тайдыруға болады. Бүкіл әлемде құрылыс секторы жақсы жұмыс істейтін жемқорлық сызбалары арқылы заңды түрде ақша ұрлауға мүмкіндік беретін салалардың бірі саналады. Бізде әрине, мұндай мүмкіндік назардан тыс қалмайды, – дейді Ордабаев.

Алмас Ордабаев қазір сапасыз жобалардың жиі кездесетінін айтады.

– Сәулет өнерінің деңгейі күрт төмендеп кетті. Сөзсіз солай. Бұған мәдениеттің құлдырауы мен жойылуы, мамандықтың берілген тапсырманы орындаудан әрі аспайтын атқарушы қызметке айналуы сияқты факторлар әсер етті. Қазір сәулетші қарапайым сатушы, шаштаразға айналды. Арасында бірлі-саран білікті маман қалғаны болмаса, сәулетшілердің моральдық және кәсіби деңгейі төмендеді. Бірлі-cаран білікті маман деп отырғаным ар-ожданын жоғалтпаған азын-аулақ адам ғана. Өкінішке қарай, олар елдегі жалпы жағдайға әсер ете алмайды, – дейді ол.

Қазақстанның құрметті құрылысшысы Николай Исаев кейінгі жылдары елде сала қызметкерлерінің біліктілігі төмендеп келе жатыр деген пікірге қосылады.

– Біз бастапқы деңгейдегі құрылысшы мамандарды дайындайтын мектепті жоғалтып алдық. Бұрын құрылыс училищелері көп еді, әр кәсіпорынның өз оқу комбинаты болатын. Ол жақтан дайын құрылысшылар шығатын, қазір ондай жоқ. Салаға тәжірибесі жоқ адамдар келді. Кейінгі отыз жылда орта арнаулы техникалық білім құлдырап, өзі дұрыс оқымаған адамдар басқаларды оқыта бастады. Қазір жаңа құрылыс материалдары шығып жатыр, сапаны көтеретін жаңа технологиялар да бар. Бірақ сапа артқан жоқ, өйткені мамандарды дайындайтын мектеп жоқ, – дейді құрылысшы.

Николай Исаев бақылаушы органдар дұрыс жұмыс істемейтінін айтады.

– Бұрын кез келген құрылысқа қатысты кәсіпорында бүкіл материалды, сұйықтықтарды тексеретін зертхана болатын. Қазір ондай жоқ. Кейде шатырдың астына қағатын ағаштардың қалай дайындалып жатқанын көріп қаламын. Ағаштың бетіне ештеңе жақпайды. Ертең өрт бола қалса, бәрі жанып кетеді ғой. Мемлекет құрылыс саласын мүлде бақыламайды. Біздің "ұлы құрылысшылар" (өздері басшы) мұны байқамайды. Мемлекеттік құрылым бұл туралы жақ ашпайды. Бірінші кезекте, босқа ақы алғандарды емес, осы жұмысты қадағалауға жауапты адамдарды соттау керек.

Алматының Зерделі (бұрын Алғабас деп аталған) ықшамауданындағы қисайған көпқабатты тұрғын үйдің жарылған қабырғасы.
Алматының Зерделі (бұрын Алғабас деп аталған) ықшамауданындағы қисайған көпқабатты тұрғын үйдің жарылған қабырғасы.

Исаев құрылыс сапасының төмендеуін азаматтық белсенділіктің төмендеуімен байланыстырады.

– Біз кішкене белсенді емес шығармыз. Істі сотқа жеткізіп, мамандар жалдап, тәуелсіз сараптама жүргізіп, дәлелдеу керек. Бұл жерде әрине, бастапқы жарна мәселесі бар, ол қиын. Өйткені тұрғындар мәселені шешуге жұмыла кіріспейді: біреудің бір тасы құлап қалса, қалғандары мұның бізге қатысы жоқ деп ойлайды, – дейді Николай Исаев.

Алмас Ордабаев құрылысшылардың қателігін түзету үшін салық төлеушілердің есебінен миллиардтаған доллар қаржы кететінін айтады.

Былтыр "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй коммуналдық даму бағдарламасын жүзеге асыру кезінде, ресми дерек бойынша, 1,1 миллиард теңге ұрланған: басшылар өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салып, инженерлік желі жүргізу кезінде бірнеше миллионды жымқырған. Бұл қылмыстың шынайы ауқымы белгісіз.

Ашық дереккөздерден тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезіндегі ақша жымқыру фактілері жайлы жалпы статистикасын табу мүмкін болмады. Азаттық жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне хат жіберген, бірақ мақала жарияланғанға дейін жауап келген жоқ.

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойнша құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Бағдарламаның мақсаты – азаматтардың баспанаға қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру. 2020-2025 жылдары бұл бағдарламаға 5,2 триллион теңге бөлу қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG