Accessibility links

"Жел, шаң, жарылған қабырға". Жаңа ықшамауданда шешілмеген проблема көп


Қарағайлы ықшамауданындағы жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлер. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.
Қарағайлы ықшамауданындағы жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлер. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.

2015 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейде Қарағайлы деп аталған жаңа аудан салу туралы бағдарлама қабылдады. Оған қоныстанған тұрғындар ықшамаудандағы жаңа үйлердің қабырғасы жарылып, инфрақұрылым дамымағанына шағынады.

Шығыс Қазақстан облысының шенеуніктері "қазіргі заманғы архитектуралық талаптарға сәйкес келетін" жаңа ықшамаудан құрылысы туралы бірнеше жылдан бері айтып жүр. Жаңа ауданның құрылысына дайындық Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұсында басталған. Ол кезде белгіленген жерге коммуникациялық желілер де тартылған. Бірақ Сапарбаевтан кейін әкім болған Даниал Ахметов бастаманы тоқтатып, жаңа ықшамауданды басқа жерге салу керек деген шешім қабылдады.

Құрылыс орны қала сыртындағы орман белдеуіне ауысты.

Облыс әкімі Даниал Ахметов "2019 жылы Семей толықтай өзгереді", аз уақытта қалада сапалы және әдемі ғимараттар, әлеуметтік нысандар салынады деп уәде берген еді.

Қарағайлы ықшамауданы. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.
Қарағайлы ықшамауданы. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.

Жоспарға сәйкес, ықшамаудан 2025 жылы толық пайдалануға берілуі керек. Бірақ Қарағайлыға қоныстанып үлгерген тұрғындар жаңа ауданда қазірдің өзінде шешілмеген мәселе көп екенін айтады.

ШАҢДЫ ДАУЫЛ МЕН ҚАБЫРҒАСЫ ЖАРЫЛҒАН ҮЙЛЕР

Қала орталығынан Қарағайлы ықшамауданына дейін жеті километр. Жаңа аудан қаладан шығатын тұста, Павлодарға баратын тасжолдың бойында, қалалық зираттан бір километр жерде орналасқан.

Ықшамаудан алыстан бірден көзге түседі: түрлі-түсті үйлер әдеттегі сұрқай көпқабатты үйлерге ұқсамайды. Жақындаған сайын бұл көріністің сиқы жоғала бастайды - Қарағайлы қонақтарын өкпек желі және құм төбешіктерімен қарсы алады. Қарағайлы орман белдеуінде салынғанына қарамастан, айналада ағаш жоқ, сондықтан бұл жерде шаңды дауыл жиі соғады.

Семейдегі жаңадан салынған Қарағайлы ықшамауданы. 30 сәуір 2020 жыл.
Семейдегі жаңадан салынған Қарағайлы ықшамауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

Тұрғындар әдетте Қарағайлыдағы үйлерді "Нұрлы жер" немесе "Өз үйім" сияқты мемлекеттік бағдарламалар арқылы сатып алады.

- Пәтерді "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы сатып алдық. Жаңа әрі қазіргі заманғы аудан деп, жарнамасына қарап алдық. Шынымды айтсам, әзірге толықтай көңілім толмайды. Пәтерлері жақсы, кең, жылы. Бірақ айналада көп нәрсе жоқ. Жалғыз ғана дүкен бар, оның өзі бос тұр, - дейді Қарағайлының Анар есімді тұрғыны.

Жаңа үйлердің бірінде пәтер жалдап тұратын Виктория ештеңе өзгермесе, басқа жерден пәтер іздейтінін айтады.

- Әзірге бұл аудан толыққанды өмір сүруге жарамайды. Орталықтан алыс, айнала құм, жел. Берген уәделері орындалады деп үміттенемін. Құрылыс идеясы жақсы, бірақ қазір жақсы ештеңесі жоқ.

Қарағайлы ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үй ауласында ойнап жүрген балалар. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.
Қарағайлы ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үй ауласында ойнап жүрген балалар. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.

Жергілікті қоғам қайраткері және Қазақстанның құрметті құрылысшысы Николай Исаев ықшамаудан құрылысына таңдалған жерге ғана емес, ғимаратты жобалаушылардың бұл мәселені ескермегеніне де таңғалғанын айтады.

- Инфрақұрылымға келсек, дайындық болмағаны көрініп тұр. Тұрғындар қазірдің өзінде құмды дауылға шағынып жүр. Ауданды көгалдандыру қажет. Сондықтан бірден суғару жүйесін жасап, жерді құнарландыру мәселесін шешу үшін көп көлемде топырақ әкелу керек, - дейді Николай Исаев.

Жергілікті тұрғындарды жаңа үйлердің қабырғасында пайда болған жарықтар да алаңдатады. Осында пәтер жалдап тұратын Оксана да осы мәселеге тап болған.

- Біздің үйдің және көршілеріміздің пәтерінің қабырғасы жарылды. Басқарушы компания "солай болуы керек, үй жерге орнығып жатыр" дейді. Жарылған жерлерін сылап қойдық. Бірақ алаңдап отырмыз. Жылу ұстайтындай етіп істемеген. Бұл пәтерлерге көршілес қабырға үнемі суық боп тұрады, - дейді подъездер арасындағы сылақты көрсеткен Оксана.

Ықшамауданда жаңа үйінің қабырғасы жарылғанын айтқан тұрғын көп.

- Біріншіден, қабырға жұқа, көршілердің дауысы анық естіледі. Екіншіден, қабырғалар жарылып жатыр. Осылай болуы керек деп отыр. Жарылған жерін сылап қойдық. Бір жақсысы, мұндағы пәтерлер кең, бірақ өмір сүруге қолайлы жағдай жоқ, - дейді Қарағайлының тағы бір тұрғыны Екатерина.

Тағы бір отбасы үйінің қабырғасындағы сылап үлгермеген жарықтарды көрсетті. Жарық үйдің қабырғасы мен төбесінің ортасына түскен.

"СОЛАЙ БОЛУЫ КЕРЕК"

"Бәйтерек Жасыл" басқарушы компаниясының директоры Әбіш Спанғазиев жаңа үйлердің қабырғасында жарықтың пайда болуы – қалыпты нәрсе, солай болуы керек деп түсіндіреді.

- Үйлер жерге орнығып жатыр, үш жыл бойы қабырғалар осылай жарылады. Мердігер ұйымдар өтініш бойынша жарылған тұсын сылап береді, - дейді ол.

"Бәйтерек Жасыл" басқарушы компаниясының директоры Әбіш Спанғазиев. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.
"Бәйтерек Жасыл" басқарушы компаниясының директоры Әбіш Спанғазиев. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.

Құрылыс саласының сарапшысы Николай Исаев дұрыс салынған үйде жарық болмауы керегін айтады.

- Нормада мұндай жоқ. Үйдің орнын дұрыс дайындамаған, осыдан ғимарат енді орнығып жатыр. Бұл дайындық жұмыстарының нашар болғанын көрсетеді. Ғимараттың сыртына қарап, ары қарай не боларын айта алмайсың. Бірақ сұмдық ештеңе бола қоймас деп ойлаймын, - дейді ол.

Исаевтың айтуынша, ықшамауданда үйлердің сапасы мен көгалдандырудан бөлек, жолайрық мәселесі де бар.

- Жолайрық дұрыс ойластырылмаған, осыдан қазірдің өзінде кептеліс болып жүр. Алдағы уақытта жоспар бойынша ықшамаудан құрылысының 50 пайызы аяқталғанның өзінде шешілмеген мәселелер көріне бастайды. Спорт кешені ашылғанда-ақ оған көз жеткізгенбіз, - дейді сарапшы.

ЖҮЗЕГЕ АСПАЙ ТҰРҒАН ҮЛКЕН ЖОСПАР

Облыс пен қала билігі Қарағайлының құрылысына көп қаржы мен уақыт жұмсап отыр. Биліктің жоспары үлкен. Ауданда үш балабақша, бес мектеп, аурухана салынып, үлкен дүкен мен басқа да коммерциялық нысандар ашылады деп жоспарланған.

Қарағайлы ықшамауданындағы жаңа спорт кешені. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.
Қарағайлы ықшамауданындағы жаңа спорт кешені. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.

Бірақ ауданда әзірге бір балабақша мен құрылысына 16 миллиард теңге қаржы кеткен спорт кешенінен басқа ештеңе жоқ. 2018 жылдың басында Семей әкімі Ермак Сәлімов жақында Қарағайлыда 200 орындық қалалық балалар ауруханасы салынады деп мәлімдеген, бірақ бұл уәде әлі күнге орындалған жоқ.

"Бәйтерек Жасыл" басқарушы компаниясының директоры Әбіш Спанғазиевтің мәліметінше, Қарағайлыда 14 үй пайдалануға берілген. Семей әкімдігі сәуірдің 27-сі күні өткен брифингте ауданда 14 емес, 29 үйдің құрылысы аяқталды деген ақпарат берді.

- Қазір мұнда 14 үйде адамдар тұрып жатыр. Балабақшалар мен коммерциялық нысандар болады. Эконом санатындағы 10 үй бар. Бұл санаттағы үйлердің құрылысына ақша үнемделген: қоқыс құбыры жоқ, үйдің төбесі биік емес. Сондықтан арзан. Басқа үйлер қымбаттау және сапалырақ, - деді Әбіш Спанғазиев.

Қарағайлы ықшамауданындағы жалғыз дүкен. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.
Қарағайлы ықшамауданындағы жалғыз дүкен. Семей, 30 сәуір 2020 жыл.

Ауданда бір ғана шағын дүкен бар. Тұрғындардың бәрі керегін сол жерден алады. Жаңа ауданнан арзан пәтер жалдап отырған аз қамтылған отбасылар азық-түлікке баратын көлігі болмай, қиналып отырғанын айтады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жаңа ықшамаудан құрылысы дұрыс жүреді, 2019 жылға қарай Семей толықтай өзгереді деп уәде берген. Бірақ 2020 жылы да әкім уәдесінің орындалғаны көрінбейді: жол жөнделмеген, жағалауды жөндеу жұмыстарынан кейін көп кемшілік табылды, жаңа ықшамаудан құрылысына даулы орын таңдалған, ал жаңа ғимараттардың сапасы нашар.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG