Accessibility links

"Жертөледе қалғандай күйге түсеміз". Семей тұрғындары жаңа құрылысқа наразы


Көрші маңынан көпқабатты ғимарат салынса күннің көзін жауып тастайды деп шағым айтқан тұрғындар тұратын үйдің ауласы. Семей қаласы, Шығыс Қазақстан облысы.
Көрші маңынан көпқабатты ғимарат салынса күннің көзін жауып тастайды деп шағым айтқан тұрғындар тұратын үйдің ауласы. Семей қаласы, Шығыс Қазақстан облысы.

Қазақстанда тар жерде бір-біріне жақын зәулім үй салу мегаполистерде ғана емес, аймақтағы қалаларда да кездеседі. Семей тұрғындары үйіне баратын жол мен терезесін күннің көзінен жабатын құрылыспен күресуге мәжбүр болып отырғанын айтады. Қала құрылысына жауапты орган басшылығы жемқорлық жанжалынан кейін ауысқанымен, жағдай жақсарып кетпеген.

2020 жылы ақпанда Семей соты қалалық сәулет өнері және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақтияр Сәлімовке 8,7 миллион теңге айыппұл кесіп, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды. Сот шенеунік 2019 жылы күзде жергілікті кәсіпкерлерден жобалардың сызбасы мен ситуациялық жоспарларын мақұлдау үшін жүйелі түрде пара алған деп тапты. Бірақ сот қандай ғимараттардың құрылысына осындай жолмен рұқсат берілгенін нақты айтқан жоқ.

Жергілікті тұрғындар Сәлімов қызметінен кеткеннен кейін де жағдайдың жақсарып кетпегенін айтады.

"ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫДАЙ ЖАПСАРЛАСТЫРЫП САЛЫП ЖАТЫР"

Ендігі кезек 15-ықшамаудан тұрғындарына келген. Бұл ықшамаудан жақсы жерде тұр: бір жағында Мұхтар Әуезов алаңы, одан сәл төмен Ертіс өзенінің жағалауы бар. Өзенге жақын маңда көпқабатты тұрғын үйлердің қатарына жапсарлас жеке сектор жайғасқан.

Қазір көпқабатты үйлер мен жеке сектор аумағының арасында жаңадан "Тольяна" көпқабатты тұрғын үй кешені салынып жатыр. Тұрғындар бұл құрылыс өздеріне маңызды жолды бөгеп, күн сәулесін жауып қалады деп шағым айтады.

Толық аты-жөнін атағысы келмеген жергілікті тұрғын Яна жақында салынған үйлердің бірін нұсқап көрсетіп, әңгімесін былай бастады:

– Үйімізге осы жақтан түсетін күн сәулесін жауып қалды. Енді біз жақ қараңғы болып тұр. Ас үйде күндіз-түні жарық жағып отыруға тура келеді. Енді мына үйді де салса, үнемі жарық жағып, жертөледегідей өмір сүреміз. Қаланың аумағы үлкен, неге әр метрі өте қымбатқа түсетін Ұлыбританиядағыдай бәрін бір-біріне жапсарластырып салып жатыр? Тұрғындардың пікірін неге ескермейді? Сәл ары салсын. Бізге күн сәулесі керек, – дейді Яна.

Семей қаласының тұрғыны Әсел Макремова.
Семей қаласының тұрғыны Әсел Макремова.

– Пәтеріміз онсыз да қараңғы болып қалды, енді не болады? Бұл жер онсыз да тар, көлік қоятын жер жоқ, гараждарды алып тастаған. Жаңа үй салғандарына қарсымын, – дейді тағы бір тұрғын Әсел Макремова.

Тұрғындардың сөзінше, көпқабатты тұрғын үй құрылысы 2020 жылы сәуірде басталған. Басында жергілікті жұрт алаңсыз жүрген, өйткені құрылыс басталған жер учаскесінің қолданылу мақсаты "жеке тұрғын үй" деп көрсетілген. Кейінірек халық жетіқабат тұрғын үй салынып жатқанын естіген.

Осыдан кейін тұрғындар белсенді іс-қимылға көшкен. Аз уақыттың ішінде 50 адамнан қол жинап, әкімдікке, прокуратураға, осы аумақтан сайланған депутатқа және биліктегі "Нұр Отан" партиясына жаңа басталған құрылыс жайлы хат жолдаған. Құрылыс бөлімінен келген жауаптан кейін тұрғындардың көңілі тынышталған.

Сәулет өнері және қала құрылысы бөлімі тұрғындарға берген жауабында "Бөлім құрылыс иесіне рұқсат қағазын берген жоқ" деп жазыпты.

Ал қала әкімдігі "толық жоспарға сәйкес, жер учаскесі көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарланған аумаққа кіреді" деп жауап берген. Бірақ бұл жауап "әкімдіктің рұқсатынсыз басталған құрылыс тоқтауы керек" деп ойлаған тұрғындарды аса алаңдата қоймаған.

Семейдегі 15-ықшамаудан тұрғындары қарсы болып отырған құрылыс.
Семейдегі 15-ықшамаудан тұрғындары қарсы болып отырған құрылыс.

Бір жағынан олардың "құрылыс тоқтайды" деген сеніміне сәулет өнері бөлімінің ғимаратты салып жатқан "Арлан Строй Монтаж KZ" компаниясына қарсы іс қозғалды деп хабарлауы да әсер еткен. Сәулет өнері бөлімі Азаттыққа аталған компанияға "сараптамадан өтпеген жобалық-сметалық құжаттама бойынша құрылыс жүргізді" деген айып тағылғанын, кейіннен кәсіпкер айыппұл төлеп, тиісті рұқсат алған соң, құрылысты қайта жалғастырғанын айтты.

Сәулет өнері бөлімінің дерегінше, компанияға қарсы қозғалған іс туралы хабар 19 мамыр күні түскен. 16 маусымда Семей қаласының әкімдігі жер учаскесінің қолданылу мақсаты өзгергені туралы қаулы шығарып, құрылысты заңдастырған.

"МЕН ҚҰРЫЛЫСТЫ АДАЛ ЖҮРГІЗІП ОТЫРМЫН"

Бірақ осы уақыт ішінде құрылыс тоқтамай, жалғаса берген. Маусым айында наразы тұрғындар құрылысқа рұқсат берілгенін білген. 4 маусымда кәсіпкер жобаның сызбасын мақұлдауға жіберген, ал 16 маусымда жер учаскесінің қолданылу мақсаты "көпқабатты көппәттерлі тұрғын үй салу" деп өзгерген.

Сәулет өнері және қала құрылысы бөлімі Азаттықтың хатына: "Жоғарыда көрсетілген тапсырыс беруші жобаның сызбасын 04.06.2020 күні мақұлдауға жіберген. Ары қарай жергілікті атқарушы орган жобаға рұқсат берген. Бұл жерде тұрғындардың келісімі болуы қажет емес. Жоба сызбасының көшірмесін қоса жолдап отырмыз" деп жауап берді.

"Арлан Строй Монтаж KZ" компаниясы құрылтайшыларының бірі Станислав Ахметов адамдардың наразылығына таңданысын жасырмады.

– Біз үй салып жатырмыз, рұқсатымыз бен нысанның паспорты бар. Мен құрылысты адал жүргізіп отырмын. Басында тұрғындар "Салыңдар, ауданымызды көркейтіп жатырсыңдар" деді. Бұрын мына гараждардың артында нашақорлар жиналып, есірткі қабылдап жүретін. Енді ол жерде балаларға арналған ойын алаңы болады. Бұл құрылыс қалаға тек пайда әкеледі деп санаймын. Біраз уақыт өткен соң, бәрі қарсы болып шыға келді. Олай болмайды ғой, – дейді құрылыс компаниясының өкілі.

Тұрғындар оның пікірімен мүлде келіспейді.

– Үйдің негізі қаланған кезден бері осы жерде тұрамын. Соңғы кезде тар жерге көп құрылыстың шоғырлануы тұрмысымыз бен қозғалысымызға кедергі келтіре бастады. Мені олардың аулаға өтетін жолды жабатыны алаңдатады. Ол жер өте тар, қыста көлік жүре алмайды, жедел-жәрдем әзер өтеді, кейде өте алмай, үйге жетпей тоқтайды, – дейді тұрғындардың бірі.

Оның пікіріне жеке секторда тұратын адамдар да қосылады. Жеке сектор жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйдің арғы бетінде орналасқан.

– Біз ашулымыз, өйткені қауіпсіздік, санитарлық нормалар сақталып отырған жоқ. Қыста өрт болды, өрт сөндіру көлігі өте алмады. Осының бәрін бізден келісім алмай қандай негізде салып жатыр? – дейді жеке сектор тұрғыны.

СЕМЕЙДІҢ АРХИТЕКТУРАЛЫҚ "КӨРНЕКІ ЖЕРЛЕРІ"

Семейдің байырғы тұрғындары қалада жер тапшы деп айтуға ауыз бармаса да, мұнда қисынсыз көрінетін және тұрғындарға зиян келтіретін құрылыс көп деп санайды. Оған мысал ретінде қала орталығындағы екі сауда үйінің арасына салынып жатқан, беткейі үш-ақ метр болатын көпқабатты ғимаратты көрсетеді.

Семейде биік екі ғимараттың ортасына қыстырып жаңадан салып жатқан, беткейі үш метр болатын көпқабатты ғимарат.
Семейде биік екі ғимараттың ортасына қыстырып жаңадан салып жатқан, беткейі үш метр болатын көпқабатты ғимарат.

Тұрғындар жиі талқылайтын тағы бір ғимарат қалалық соттың дәл алдында орналасқан. Жаңа ғимарат сот үйінің терезелерін күн сәулесінен көлегейлегені былай тұрсын, оның ішінде болып жатқан жағдайларды сырттай бақылап тұруға мүмкіндік береді.

Семей қаласындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнаулы мониторинг тобы басшысының орынбасары, "Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы" атағының иегері Николай Исаев ғимараттарды бір-біріне тым жақын салуға және сәулет өнері ескерткіштерін жоюға қарсы бірнеше жылдан бері күресіп келе жатқанын айтады.

– Қазір орталықтағы стоматология ғимаратына жапсарлас құрылыс жүргізіп жатыр. Рекреациялық аймаққа кіретіндіктен, ол жерде құрылыс салуға болмайды деген мәселе көтерілген. Қоғам өкілдері мен журналистерді жинадық. Әкім "Бұл сұраққа кейін тағы да ораламыз, құрылысқа рұқсат беруге қатысты қандай шешім қабылданғанын айтамыз" деді. Ол мәселені қайта талқылаған жоқпыз, ал құрылыс жалғасып жатыр. Неге бізді, қоғам белсенділерін алдап соқты? Бұл бірінші рет емес, – дейді Николай Исаев.

Семей қалалық сот ғимаратына жапсыра салынған көпқабатты үй.
Семей қалалық сот ғимаратына жапсыра салынған көпқабатты үй.

Ол бұл жағдайды өзгерту мақсатымен Қазақстан президентіне үміт артып, Ақордаға хат жолдаған.

Николай Исаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа жіберген хатында жартылай сатылған көшелер, кәсіпкерлер басып алған тротуарлар, "жасыл" аумақтардағы көлік тұрақтары, дұрыс емес жерге салынған дүкендер, бүлінген архитектура ескерткіштері мен күн сәулесі түспейтіндей етіп көлегейлеген ғимараттардан зиян көріп отырған адамдар туралы жазған.

Қоғам белсендісінің хатында "Тексерілген пәтерлердің бірінде жарық қалыпты мөлшерден сегіз есе аз болып шықты! Бұл балаларды рахит ауруына шалдықтыруы мүмкін D дәрумені тапшылығын туғызады. Тұрғындардың жағдайына ешкім бас қатырған жоқ. Мемлекеттік органдар өкілдері бұл мәселені шешкісі келмейді. Биылдың өзінде маған 2 зейнеткер мен бір мүгедек адамнан шағым түсті. Олар үйінің астында орналасқан мейрамхана аумағын кеңейтіп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне кедергі келтіріп отырғанын айтты. Шатырдың фронтоны пәтер терезелерін толықтай жауып қалған, ал мейрамхана төбесіндегі темір қалпақша жаздың аптап ыстығында пеш сияқты қызып, оның ыстығы тура тұрғындардың терезесіне ұрады" делінген.

Николай Исаев саябақ тақырыбын да айналып өтпеген. Бірнеше жыл бұрын қаланың сол жағалауында қалған соңғы саябақтың орнына көпқабатты үйлер салынған. Екі жылдан бері жөндеу жұмыстарына жабылған орталық саябақтың да жағдайы мәз емес.

"Қалада бір де бір саябақ қалған жоқ. Аумағы небәрі 4 гектарды құрайтын орталық саябақтың жерін кезінде сатып алып, құрылыс бастаған кәсіпкерлер демалыс орнын ішімдік сататын мекемелердің инфрақұрылымына айналдырды" дейді ол.

Семей қаласының көрінісі.
Семей қаласының көрінісі.

Аталған мәселелерді шешуге келгенде әкімдіктен қайран жоғын айтқан Николай Исаев "Тіршілігі бір арнаға түсіп үлгерген аудандарға жапсарлас жаңа ғимараттар салуға рұқсат беру арам пиғылды мамандардың табыс көзіне айналғандай көрінеді" дейді.

Қоғам белсендісі президентке жазған хатында қаладағы жаңа құрылыстарға рұқсат беру туралы шешімдерді зерттеу үшін тәуелсіз комиссия құруды сұраған.

"Жекелеген тұлғалардың мүддесін қорғап, қоғамға зиян келтіретін тәжірибені жоюға көмектесетін көзқарасымды жеткізуді борышым деп санаймын" дейді Николай Исаев.

Осы материал дайындалып жатқанда Николай Исаевқа оның хаты өзі жұмысын сынап, президентке шағынған Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік-архитектуралық бақылау басқармасына жіберілгені туралы жауап келді.

Азаттық та өз хатына жауап алды. Онда "Арлан Строй Монтаж" компаниясында қазір әкімдіктің жер учаскесінің қолданылу мақсатын өзгерту туралы қаулысы, жергілікті билік мақұлдаған жобаның сызбасы сияқты барлық қажет құжаттары бары жазылған. Семей қалалық сәулет өнері бөлімі құрылысқа "жергілікті тұрғындардың келісімі қажет емес" дегенді тағы да атап көрсеткен. Жауапта тұрғындардың шағымы дәл сол мемлекеттік-архитектуралық бақылау қызметіне жіберілетіні айтылған. Ал бұл орган құрылысқа рұқсат беріп, оның заңға сай жүруін қадағалаумен айналысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG