Accessibility links

"Неге мектепте асылып қалғанын түсінбейміз"


90-мектепке қойылған мұғалім Такиржан Әбішевтің суреті мен көңіл айту жазбасы. Шымкент, 23 сәуір 2018 жыл
90-мектепке қойылған мұғалім Такиржан Әбішевтің суреті мен көңіл айту жазбасы. Шымкент, 23 сәуір 2018 жыл

Шымкенттегі 90-мектептің мұғалімі мектеп зертханасында "асылып өлді" деп хабарланды. ОҚО полициясы бұл оқиға бойынша тергеу-тексеру жүріп жатқанын айтады. Шымкентте былтырдан бері осымен екінші мұғалімнің "мектеп ғимаратында өзіне қол жұмсағаны" тіркелді.

Сәуірдің 21-інде Шымкенттің Асар шағынауданындағы 90-мектептің педагог-ұйымдастырушысы әрі информатика пәнінің мұғалімі 28 жастағы Такирхан Әбішевтің мектеп зертханасында асылып өлгені туралы ақпарат тарады. Туысы Әкімбек Көшікбаевтың айтуынша, Такирхан Әбішевтің ана-анасы Мақтарал ауданы Абай ауылдық округінде тұрады. Жексенбі күні марқұмды жерлеу рәсімі өткен.

- Такирхан менің қолымда осы Асарда тұрып жұмыс істейтін. Информатика пәнінің мұғалімі, 4 жылдан бері бізбен бірге тұратын. Сол күні үйден ойнап-күліп шығып кеткен болатын. Ешкімге өкпеміз жоқ. Ешкімге, мектеп ұжымына кінә артпаймыз, - деді Әкімбек Көшікбаев.

Сенбі күні Такирхан Әбішевтің суреті мен мезгілсіз қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыстарына мектеп ұжымы атынан қайғырып көңіл айтылған жазба және мұғалімнің әр жылдары алған алғыс хаттары мен марапаттары мектеп дәлізіне қойылды. Ары-бері өткен кейбір оқушылар мұғалімдерін еске алып жылап жатты.

Такиржан Әбішев сабақ берген 90-мектептің ғимараты. Шымкент, 23 сәуір 2018 жыл
Такиржан Әбішев сабақ берген 90-мектептің ғимараты. Шымкент, 23 сәуір 2018 жыл

Марқұмның әріптесі әрі досы Ержан Асанов Такирхан Әбішевпен үш жылдан бері дос болып, туған бауырдай араласқанын айтады. Ол Такирханды "жұмысына тиянақты, жауапты, белсенді" деп сипаттайды.

- Неліктен өзіне-өзі қол салғанын түсінбей отырмын. Соңғы рет көргенімде көңіл-күйі көтеріңкі болатын. Тек мектепте ғана емес, Асар шағынауданында көпшілік танитын. Сыйлайтын. Армандары көп еді. Күзде үйленіп, отбасылы болсам деп жоспарлайтын, - деді Ержан Асанов.

Мектеп директоры Арман Орынбековтің айтуынша, сәуірдің 21-інде облыс әкімдігінің нұсқауына сәйкес мектепте сенбілік өткізілген. Такирхан Әбішовтің сенбі күні сабағы болмаған. Педагог-ұйымдастырушы, әрі информатика пәнінің мұғалімі ретінде ол балаларды үйірмеге тартып, мектептегі үйірмелердің жұмыстарын қадағалап, іс-шараларды ұйымдастырып жүрген. 2013 жылы Шымкент аймақтық-әлеуметтік университетін бітірген Такирхан 2014 жылдан бері 90-мектепте жұмыс істеп келген.

Отбасында төрт ағайынды Такирхан екінші бала болған. Әріптестерінің айтуынша, "2017 жылғы мамыр айында інісі де асылып қайтыс болған".

Жұмыс істеп жүргеніне төрт жыл болса да бір де бір рет адаммен сөзге келгенін көрген емеспіз. Балалардың өзі оны көрсе құшақтап, ойнайтын. Есеңгіреп қалдық.

- Cенбілікке келгендерді тексеріп, аралап жүрдік. Такирхан өз жұмысын істеп, компьютер қарап отырған. Сағат 17:00-де 11-сынып оқушылары бақылау тестін тапсырған. Оқушылар тест тапсырып болған соң 17:30-шамасында бірін-бірі іздеп, үшінші қабаттағы шеткі ашық тұрған кабинетке барған. Онда жылу жүйесінің құбырына асылып қалған мұғалімнің өлі денесін көрген. Кейін пән мұғалімі мен күзетшілер барған. Әріптесіміздің неге асылып қалғанын, неге мектепте асылып қалғанын ойлап түбіне жете алмай отырмыз, - деді мектеп директоры Арман Орынбеков.

Мектеп директоры Такирханды "үнемі күліп жүретін, мінезі ашық, жайдары еді" деп еске алады.

- Бүгін Такирханды еске алып, жиналыс өткіздік. Ұжымдағы мұғалімдердің бәрі жылап еске алды. Жұмыс істеп жүргеніне төрт жыл болса да бір де бір рет адаммен сөзге келгенін көрген емеспіз. Балалардың өзі оны көрсе құшақтап, ойнайтын. Есеңгіреп қалдық, - деді директор.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Шахноза Сейітқұлова сенбі күнгі сенбіліктен бөлек мектепте отбасылық сайыс болғанын айтты. Оның сөзінше, отбасылық сайысты өткізуге қатысқан Такирхан жексенбі күні мектепте өтуі тиіс таэквандо жарысын ұйымдастыруға дайындалу үшін қалған болуы керек.

Шахноза Сейітқұлова, 90-мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Шымкент, 23 сәуір 2018 жыл
Шахноза Сейітқұлова, 90-мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Шымкент, 23 сәуір 2018 жыл

- Асылып қалғанын көрген соң бірден жедел жәрдем қызметін шақырдық. Іле барлық инстанцияларға хабар бердік. Оқушылар мен пән мұғалімі көрген кезде кеш еді. Қазір кабинет жабық, мөр басылған. Бізге өте ауыр. Бұл мектеп, ұжымы үшін үлкен қайғы, қаза болды, - деді Шахноза Сейітқұлова.

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мира Мүсілімнің Азаттыққа айтуынша, жедел жәрдем қызметіндегі дәрігерлер оқиға орнына жетіп, 90-мектепте «асылып қалған» Такирхан Әбішевті тексерген.

- Дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтап, хабарлаған, - деді Мира Мүсілім.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова Азаттыққа Асар шағынауданындағы 90-мектеп мұғалімінің асылып қайтыс болуы бойынша дерек Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінде тіркелгенін хабарлады.

- Қазіргі уақытта аудандық ішкі істер бөлімінің полицейлері тергеп тексеру жұмыстарын жүргізуде, - деді баспасөз хатшысы.

Қазақстанда өзіне қол салып өлім құшатын жас адамдар мен жасөспірімдердің саны азаймай тұр. Биыл қаңтарда Алматыда өткен жиында парламент мәжілісінің депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева «2017 жылы суицидке бекінген 114 бала райынан қайтарылды» деп хабарлады. Облыстық білім басқармасының Азаттыққа берген мәліметі бойынша 2017 жылы облыста 112 бала суицид жасауға оқталған, олардың 41-і қайтыс болған.

Былтыр қыркүйекте Шымкенттің іргесіндегі Мәртөбе ауылында №27 жалпы орта мектептің 58 жастағы математика мұғалімінің асылып өлгені хабарланған.

ОҚО ІІД аға инспекторы Алма Серғазиева Азаттыққа бұған дейін облыста жиілеген суицид оқиғаларына қатысты берген комментариінде:

- Суицид жасаудың негізгі себептері ретінде жүйке жұқару, жалғыздық, экономикалық және қаржылық қиындықтар мен жұмыссыздықты атай аламыз, - деген.

Көре отырыңыз: Өзіне қол жұмсаған мұғалім

"Өзіне қол жұмсаған" мұғалім
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

Ал Шымкентте тұратын клиникалық психолог Абылайхан Рысдәулет бұған дейін Азаттықа айтқан пікірінде суицидтің «аутодеструктивті мінез-құлық» ретінде адамның өз ортасына бейімделе алмауынан да, я болмаса қарсы шығуынан пайда болатынын айтқан.

- Бұл - әлеуметтік-психологиялық дезадаптация нәтижесі, екінші жағынан қоғамға деген қарсылық реакциясы. Түп-тамыры қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси, идеологиялық факторларда жатыр. Мұқтаждық, мақсат пен мүмкіндіктің сай келмеуі, кедейлік, келешекке сенбеу - барлығы да адамның өмірден түңілуіне соқтырады. Созылмалы әрі терең күйзелістің соңғы нүктесі – суицид, - деген психолог.

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы есебі бойынша, Қазақстан әлемде суициді көп елдер тізімінде алғашқы бестікке кірген.

XS
SM
MD
LG