2007 жылы қант өнеркәсібі өкілдері бұл мәселеге назар аударуға тырысып, қазақстандық қант экспорты қысқарғанын, сырттан келетін өнім көлемі 30,3 пайызға дейін өсіп, отандық зауыттар небәрі 328 мың тонна қант шығаратынын айтқан. Ауыл шаруашылығы министрлігі қантқа байланысты дағдарыстың алдын-алу үшін қант қызылшасы мен ақ қант өндірісін дамыту бағдарламасын әзірлей бастаған. Үкімет сол кезде болашақты болжай алса, 15 жылдан кейін мемлекеттік бағдарламалар мен субсидияларға қарамастан, Қазақстанда қант өнеркәсібі жойылуға шақ қалатынын түсінер еді.
– Қызым, осында қал, мен тағы да кезекке тұрайын! – дейді дүкенде кішкентай қызына сөйлеп тұрған әйел.
Сағат 15:00 шамасында шағын дүкен ішінде жұрт ұзын-сонар кезекте тұр. Мұндай кезекке тұрып үйренген халық шуламай, бірін-бірі итермей, тәртіп сақтап тұр. Олар дүкенде бір килограмм қант 500 теңгеден қант сатылып жатыр дегенді естіп келген. Өйткені қазір қант кез келген жерден табыла бермейді, табылған күннің өзінде келісін 850 не 1000 теңгеден сатып аласыз.
2022 жылы жазда қантқа кезекке тұру елдің еті үйренген, әдеттегі көрініске айналды. Себебі қант қымбат әрі тапшы. Тосап жабатын мезгілде қат тауарды қалта көтеретін бағада алу үшін кезекке тұру керек. Бірақ қант кезегі барлық жерде бірдей тыныш өте бермейді: шілденің басында Семей, Ақтау мен Оралда арзан бағадағы қантқа таластың аяғы төбелеске ұласқан.
Қазіргі жағдай кондитерлерге де оңай тиіп жатқан жоқ. Оралда №1 нан зауытының жанындағы кондитер фабрикасы жабылып қалды. Өйткені ішкі нарық ресейлік тауарлардан қорғалмаған, ал қант тапшылығы мен бағаның өсуі отандық кондитер өнімдерінің бәсекеге қабілеттігін төмендетеді.
Қант тапшылығы оңтүстік кореялық "Рахат" компаниясына да әсер еткен. Компания фабрикаларының бірін жауып, "барбарис" және "ирис" кәмпиттерін шығаруды тоқтатты. Өңірлерде кәсіпкерлер тығырықтан шығар жол іздеп, өзара келісімге келуге тырысып жатыр.
Сауда кәсіпорындары қауымдастығы Шығыс Қазақстан облыстық өкілдігінің директоры Владимир Бердник "Ертiс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және Өскемен қалалық әкімдігімен қантты арзан бағада жеткізу туралы үшжақты келісім жасалғанын хабарлады.
– Қантты келісін 469 теңгеден өзіміз барып алып кетеміз. Қаладағы 55 дүкен осы жүйеге қосылды. Көлікке тиеп жеткіземіз де, 549 теңгеден сатамыз. Бұл жақсы баға деп ойлаймын. Әрине, әлі де кезекте тұрғандар бар, бірақ екі-үш аптадан кейін бұл жағдай реттеледі деп сенеміз. Қанттың бұдан арзан сатылмайтыны анық, өнім жиналғанша осы бағаны ұстап тұрсақ та жаман емес. Қант қазір көтерме бағамен саудада 800 теңгеден, дүкендерде 950 теңгеден сатылып жатыр, – дейді Бердник.
Халықтың тәтті үшін тартысып, фабрикалардың жабылып қалуына отандық қант өнеркәсібінің импортқа тәуелділігі себеп болған. Қазақстан осы уақытқа дейін қантты Украинаға қарсы соғыс бастаған Ресейден алып келген. Ресей қант экспортын тоқтатқаннан кейін елде қант қат тауарға айналды. Ақорданың өзінде үкімет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады деген сын айтылды.
ОТАНДЫҚ ҚАНТ ӨНДІРІСІ НЕГЕ КЕНЖЕ ҚАЛДЫ?
Шекер қант құрағынан немесе қант қызылшасынан өндіріледі. Қант құрағы тропикалық аймақта өседі. Ал қант қызылшасын көп елде, оның ішінде Қазақстанда да өсіруге болады. Бірақ тасымал шығынын қоса есептегеннің өзінде шекерді қант қызылшасына қарағанда, тропикалық аймақтардан әкелінетін қант құрағынан өндіру әлдеқайда арзанға түседі. Сондықтан Қазақстан шикізат өсіруге бас қатырмай, Бразилиядан қант құрағын сатып алып келген.
Ал Қазақстан Кеден одағына кіргеннен кейін бұл кәсіптің тамырына балта шабылды: одаққа мүше мемлекеттер қант қызылшасын өсіріп, ішкі өндірісті дамыту үшін қант құрағы шикізатына баж алымын енгізу туралы келісімге келді.
Қант инжинирингі бойынша бизнес-кеңесші Жамбыл Жуасбековтың айтуынша, бұл шара Ресей мен Беларусьте ғана жақсы нәтиже берген.
– Жыл өткен сайын қант өндірісінде қызылшаның үлесі арта бастады. 2010 жылы Ресейде шекердің 42 пайызы қант шикізатынан өндірілсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш тоғыз пайызға дейін төмендеп кетті. 2016-2021 жылдары Ресей мен Беларусь қант шикізатын сатып алмайтын болды. Қант зауыттарын қолдау шаралары енгізілді: шетелден технологиялық құрал-жабдық сатып алған кәсіпорындар қосымша құн салығын азырақ төледі немесе міндетті төлемнен мүлде босатылды. Құрал-жабдық импортына кеден салығы азайды, қант зауыттарын салып, жетілдіруге субсидия бөлінді. Қант зауытының иелері мемлекет қолдауын сезініп, жергілікті шикізатпен жұмыс істеудің пайдасын түсініп, өз кәсіпорындарын қант қызылшасымен қамтамасыз етуді қолға алды, – дейді сарапшы.
Қазақстан басқа жолды таңдады: 2019 жылға дейін қант шикізатын басқа елдерден кеден салығынсыз сатып алу құқығына ие болды. 2019 жылы Ресей Қазақстанның шетелден арзан қант шикізатын сатып алып, Ресейге төмен бағада өнім шығарып отырғанын, орыс шаруалары шығынға батып жатқанын мәлімдеді. Ресейліктер Қазақстанның дайын ақ қантты шетелден кеден салығынсыз әкелу құқығын 2020 жылға дейін ұзартып алғанына наразы болды. Ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, қант сатып алу жеңілдігі төрт кәсіпорынға – оңтүстік кореялық "Рахат", Ерлан Баймұратовтың "Баян Сұлу", Райымбек Баталовтың Raimbek Bottlers және Қайрат Мәжібаевтың RG Brands Kazakhstan компанияларына берілген.
Еуразия қант қауымдастығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, "бұл жеңілдіктер қазақстандық алкогольсіз сусындар мен кондитер өнімдерін шығаратын компанияларға бес жылда Еуразия экономика одағы елдеріне экспорт көлемін бірнеше есе арттыруға көмектескен".
Сол кездегі ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеев "бұл жеңілдіктерді алып тастау керек, осы уақыт ішінде Ресей мен Беларусь қант өндірісін жолға қойып алды, көршілеріміз бізді қанттың астында қалдыратын болды" деп ескертті.
Министрдің айтқаны айдай келді. Қазақстандық өндірушілер мен шаруалар қиын жағдайда қалды.
– Қазақстанның қант зауыттары Ресей мен Беларусь экспансиясына төтеп бере алмайтын болып шықты. Ресей мен Беларусь бұған дейін де Қазақстанға қант қызылшасынан жасалған шекер сатып келген еді. Бірақ Мерке мен Таразда кеден салығынсыз келген арзан қант құрағын өңдеу ішкі нарыққа қантты едәуір ұтымды бағада сатуға мүмкіндік берді. 2020-2021 жылдары қант шикізаты бағасы күрт өсіп, оны сатып алуға біршама валюта қоры қажет болды. Шикізатты теңіз портынан тасымалдау бағасы өсіп, газ қымбаттады. Ресей мен Беларусьтің қант өндірушілері осы жағдайды пайдаланып, Қазақстан нарығын қант қызылшасынан өндірілген шекерге толтырып тастады, – дейді сарапшы.
Жуасбаев Қазақстан өз шикізаты мен зауыттарын дамытуы керек еді деп есептейді.
– Қант – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тауарлардың бірі. Қазір бірен-саран елде ғана қант зауыты жоқ. Мысалы, "әлемдегі ең ірі қант өндірушісі Бразилиямен көрші Чилиге қант зауытының керегі қанша?" деп ойлауыңыз мүмкін. Соған қарамастан, Чилидің өзінде қант қызылшасынан қант өндіретін зауыттар бар. Ол жақта бір гектардан 100 тонна қант қызылшасы жиналады! Әр қант зауыты шаруалар, қант қызылшасын жинайтын және көлік компаниялары, тұқым, тыңайтқыш пен қорғаныс құралдарын жеткізушілер, қап өндірушілер, қызмет көрсету сияқты өндірістік және логистикалық тізбектермен жұмыс істейді. Сондықтан қант зауытының қызметінен Бразилияның шаруалары емес, жергілікті кәсіпкерлер пайда табады, – дейді Жуасбеков.
"АГРАРЛЫҚ САЛАНЫ ҚҰРДЫМҒА ЖІБЕРДІК"
Үкімет шикізат өндірісін дамыту керек деген мәселені бірнеше рет көтерген. 2007 жылы саланы қолдау үшін қант қызылшасын өсірушілерге әр гектарға берілетін субсидия көлемін 11 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін арттырмақ болған.
Сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың хатына үкіметтің жауабында "Мемлекет субсидия бөліп, шығындардың шамамен 30 пайызын өтесе, шаруалар қант қызылшасын өсіруге көшеді" деп жазылған.
Бірақ іс жүзінде өзгергені шамалы. Экономист Айман Тұрсынхан ескі техника, сапалы тұқым қорының тапшылығы, нарықтың қорғалмауы сияқты 15 жыл бұрын айтылған мәселелер әлі де көкейкесті мәселе болып отырғанын айтады. Сарапшының пікірінше, бұл мәселелер қант өндірісіне ғана емес, басқа да салаларға кесірін тигізіп отыр.
– Бізде дәстүрлі егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан өңірлердің өзінде бір гектар жердегі астық өнімділігі масқара деңгейге – 15 центнерге дейін төмендеп жатыр. Бұл Сахара шөлі үшін де нонсенс саналады. Бұған дұрыс ауыл шаруашылық техникасының, уақытылы, тұрақты каналдар арқылы жеткізілетін арзан жанар-жағармайдың болмауы себеп. Сонда азық-түлік өнімдерінің өз бағасына отыз пайыз үстеме қосылмас еді, – дейді экономист.
Тұрсынхан "дұрыс ауыл шаруашылық техникасының болмауын" шетелден әкелінген көліктерге салынатын утилизация алымының енгізілуімен түсіндіреді.
– Бұл ауыл механизациясына кедергі келтірді. Утилизация алымы арқылы бізді "Белорусь", НТЗ сияқты өнімділігі өте төмен техникамен жұмыс істеуге мәжбүрледі. Беларусь көліктері кеден төлемдерінен, қосымша құн салығы мен утилизация алымынан босатылды. Билік мұны отандық көлік құрастырушы компанияларды қорғау үшін жасап отырмыз деп түсіндірді. Бірақ бізде отандық көлік өндірісі жоқ, Ресей мен Беларусьтен келген бөлшектерді құрастырумен ғана айналысамыз. Яғни, отандық көлік саласы дамыған жоқ, осылайша нарығымызды "үлкен көршімізге" ашып беріп, аграрлық саланы құрдымға жібердік. Одан бөлек, химиялық қоспалар, тыңайтқыштар жетіспейді, агротехнология талаптары мүлде сақталмайды деуге болады. Осының бәрі саланың дамуын кенжелетіп, астық өнімділігін азайтты. Оған қоса, мелиорация мекемелерінде жемқорлыққа байланысты қандай дау-дамайлар болғанын білесіз, – дейді экономист.
"ӨҢДЕУГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРУ КЕРЕК"
Айман Тұрсынхан "Ресей қант экспортына тыйым салғаннан кейін "Рахат" компаниясының ізімен Қазақстан да Үндістаннан қант сатып алса болар еді, бірақ мүмкіндікті пайдаланған жоқ" дейді.
– Әлемдік тауар биржаларында экспортқа шығарылатын үнді қантының бір келісінің орташа бағасы 36-38 центке сатылған кездер болды. Нәтижесінде сондай сатушылармен "Прокорпорацияның" тікелей жүргізген келіссөздерінде бір тонна өнімнің бағасы, ұмытпасам, 700 доллар болатын. Бұл мәселе сол кезде неге шешілмеді? – дейді Тұрсынхан.
Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі 15 жыл бұрынғы жоспарына қайта оралып, қант өндірісін жолға қою, субсидия бөліп, зауыттарды модернизациядан өткізу туралы айта бастады. Бір қызығы, ведомство бұл жолы да шикізатты басқа елден сатып алуға емес, қант қызылшасын Қазақстанда өсіруге басымдық беріп отыр.
Жамбыл Жуасбеков жаңа зауыттар салуға көңіл бөлу керегін айтады.
– Иә, жаңа зауытқа көп ақша керек. Күніне алты мың тонна қызылша өңдейтін қазіргі заманғы зауыт құрылысына 145 миллион еуро, қуаты сегіз мың тоннаға жететін кәсіпорынға 180 миллион еуро кетеді. Иран, Қытай, Израиль, АҚШ, Египет пен Ресейдегі қант зауыттарын салуға және реконструкциядан өткізуге қатысқан маман ретінде зауыт қуаты мың тоннаға артқан сайын модернизацияға 12-15 миллион еуро кететінін білемін. Бірақ бұл жылдар бойы техникалық мүмкіндіктерін жетілдіріп келген зауыттар үшін тиімді. Ал Қазақстандағы зауыттардың құрылғылары бұрынғы Совет одағы мен Германия демократиялық республикасынан қалған. Реконструкция кезінде барлық құбырлар мен желілерді ауыстырып, ғимараттың іргетасы мен бағандарын нығайтуға тура келеді. Оған кететін шығын жаңа зауыт құрылысына жұмсалатын ақшамен теңесіп қалады, – дейді сарапшы.
Жуасбековтың пікірінше, Қазақстанға қажет көлемде қант өндіру үшін екі немесе үш зауыт салу керек.
– Елге қажет 550 мың тонна қант шығару үшін төрт миллион тонна қант қызылшасын өсіріп, өңдеу керек. Қазіргі 40 пайыз астық өнімділігімен бізге 100 мың гектар, төрт танапты айналымды ескерсек, 400 мың гектар егістік алқабы керек. Мұндай көлемдегі өнімді қантқа айналдыру үшін қуаты сегіз мың тонна болатын, бір маусымда миллион тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы екі-үш жаңа зауыт қажет болады.
Жамбыл Жуасбеков импортқа тәуелділіктен арылу үшін осы шараларды қолға алу керек деп санайды.
– Иә, бұл үлкен жоспар. Зауыт құрылысымен қатар, шикізат саласын да дамытуға тура келеді. Бірақ бұл импортқа тәуелділіктен біржола құтылып, ондаған мың жұмыс орнын ашуға, салық көлемін арттыруға көмектеседі. Қазақстан географиялық жағдайын пайдаланып, Орталық Азия елдеріне ғана емес, Сібір, Шыңжаң өңірлеріне де қант сата алады, – дейді ол.
Сарапшы қант зауыты құрылысына субсидия бөліп, жеңілдетілген лизинг ұсынып, шетелден технологиялық құрылғылар (астық жинайтын, өңдейтін техника, тамшылатып суғару жүйесі) сатып алған компанияларды қосымша құн салығынан босатып, шаруаларға, шикізат өңдейтін зауыт иелеріне мемлекеттік қолдау көрсетуге шақырады.
– Ал қант шикізаты мен ақ қант импортына тек ерекше жағдайларда ғана рұқсат берілуі тиіс. Басқа елдің экономикасына инвестиция құюдың қажеті жоқ, – дейді Жуасбеков.
Айман Тұрсынхан Қазақстан басқа салаларда да импортқа тәуелділіктен арылуға тырысуы керегін еске салады. Экономистің есебінше, Қазақстан Ресейден 60 мың тонна бургер нанын сатып алады. Ал елде өсетін қарақұмық Ресейге экспортталып, сол жақта қапталғаннан кейін қайтадан Қазақстанға сатылады.
– Өңдеуге басымдық береміз деп жариялайық. Өңдеуші кәсіпорындарды кемінде үш жылға дейін салықтың барлық түрінен босату керек. Сонда кәсіпке икемі бар азаматтар аз уақытта өндірісті жолға қоюдың амалын табатынына сенімдімін, – дейді сарапшы.
ПІКІРЛЕР