Дүйсенбі, қазанның 21-і күні Талдықорған қалалық соты 68 жастағы Болатхан Жүнісовті Қазақстанда қызметіне тыйым салынып, сот шешімімен экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының қызметіне қатысқаны үшін айыпты деп таныды.
Ақпан айында Жүнісов дәл осы айыппен бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Айыпталушының алдыңғы жазасын толық өтеп үлгермегенін ескеріп, сот жаза мерзімін бір жыл төрт ай деп белгіледі. Сот үкіміне сәйкес, Жүнісовке тұрғылықты жерін тастап шығуға, көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынды.
Судья Бейбіт Тұрысовтың түсіндіруінше, сот Жүнісовті көзқарасы үшін емес, жасаған қылмыстық құқықбұзушылығы үшін айыпты деп тапқан. Сот процесіне қатысушылар 15 күн ішінде үкімге шағым түсіре алады.
Сот Болатхан Жүнісовке бұған дейін шығарылған бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны сот залынан босатты және тұтқында ұстау мерзімін шілденің 5-нен бастап есептеу туралы шешім шығарды. Судья Жүнісовке бас бостандығын шектеу жазасын өтеуден жалтарған жағдайда мұның кері салдары болатынын, жазаның өтелмеген мерзімі бас бостандығынан айыру түріне ауысуы мүмкін екенін ескертті.
Сот дәлізінде Жүнісовті оның қызы және қоғамдық қорғаушысы Лаура Жүнісова, адвокат Ғалым Нұрпейісов, достары мен жергілікті белсенділер қарсы алды. Азаттық тілшісінің "Айыптау үкіміне шағым бересіз бе?" деген сұрағына Жүнісов сот үкімін ғана емес, оның кей тұстарының егжей-тегжейін де қарастыруы керегін, бұл үшін үкімнің ресми көшірмесі қажет екенін айтты.
ПРОКУРОР СӨЗІ
Қазанның 18-і күні соттағы жарыссөзде прокурор Марат Әбуев судьядан Болатхан Жүнісовке екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесуді, алдыңғы жазасының мерзімі толық өтелмегенін ескеріп, жаза мерзімін екі жарым жыл деп белгілеуді сұраған.
Прокурор Жүнісовке тағылған айыптар сот процесі кезінде толық дәлелденгенін, ал Жүнісов тергеу басталған кезде кінәсін мойындап, кейін түсініктемесін өзгерткен, сотта да кінәсін жоққа шығарғанын айтты. Әбуевтің сөзінше, 2018 жылғы маусымның 21-і күні Талдықорған прокуратурасы Жүнісовке ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп тану және оның қызметіне ел аумағында тыйым салу туралы сот шешімінің жазбаша түсіндірмесін тапсырған.
Прокурордың айтуынша, Жүнісов ескертуге қарамастан, Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына ҚДТ ұраны бар үндеулер, пікірлер мен жазбалар жариялауды жалғастырған. Әбуев сарапшылар қорытындысына сәйкес, Болатхан Жүнісовтің жазбаларынан ұлттық және әлеуметтік араздыққа шақыратын ешнәрсе табылмағанын мойындады.
Прокурордың сөзінше, шілденің 5-і күні Болатхан Жүнісов Талдықорғандағы базарда азаматтарды әлеуметтік желіде ҚДТ қызметімен танысуға, шілденің 6-сы күні рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырып, "оларға ҚДТ басшылығы 10 мың доллар көлеміндегі сыйақы төлейтінін" айтқан.
Марат Әбуев соттан негізгі жазадан бөлек Жүнісовке қосымша жаза ретінде интернеттің қазақстандық бөлігі мен БАҚ-та, телекоммуникациялық және әлеуметтік желілерде, мессенджерлер мен ҚДТ-ны қолдауға байланысты видеохостингтерде құзыретті органның рұқсатынсыз кез келген ақпарат түрін жариялауға, аталған ұйым жиналыстарына қатысуға тыйым салуды сұрады.
БҰРЫНҒЫ ІІМ МАЙОРЫ – БҮГІНГІ САЯСИ ТҰТҚЫН
Азаттық тілшісімен әңгімеде Болатхан Жүнісов бостандыққа шыққанына қуанышты екенін, бірақ өзіне айыптау үкімі шығарылғанына көңілі толмайтынын айтты. Ол өзіне қарсы қозғалған екі істің де саяси астары бар деп есептейді.
Жүнісов соттағы соңғы сөзінде наурыз айында отставкаға кеткенін мәлімдегенімен, әлі де билік тізгінін қолында ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың диктаторлық басқаруынан туған елдегі тұралаған жағдайға қарап отыра алмағаны үшін айыпталушылар қатарынан табылғанын атап өтті.
Жүнісов судья мен прокурорды өзінің үлгісін қайталап, елде шынайы әділеттік орнатуға шақырды.
- Мұны біз сияқты заңгерлер жасама, басқа кім жасайды? - деген Болатхан Жүнісов судья мен прокурордан бөлек, өзі де заңгер екенін еске салды.
Тараптар арасындағы жарыссөз кезінде Болатхан Жүнісов шілденің 5-і күні Талдықорғандағы орталық базарда жүріп, азаматтарды ҚДТ қызметімен танысуға және шілденің 6-сы күні рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырғанын мойындады. Бірақ ол азаматтарға "10 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу туралы уәде бергенін" жоққа шығарды. Жүнісовтің сөзінше, ол ҚДТ жеңісінен кейін қаржы жемқорлар қалтасына кетпей, халық қажетіне жұмсалуы үшін, халық байлығын қайта бөлу мүмкіндігі туатынын айтқан. "Бұл жағдайда қарапайым есептің өзі Қазақстанның әр азаматына кемінде 10 мың доллардан үлес тиетінін көрсетеді" дейді Жүнісов.
Тараптар арасындағы жарыссөз кезінде Болатхан Жүнісов Қазақстанды президенттік билеуден парламенттік басқару жүйесіне бейбіт жолмен көшіруді қолдайтынын айтты. Ол Мұхтар Әблязовпен (Қазақстан билігін сынаушы қуғындағы бұрынғы банкир – ред.) таныс емесін, одан ақша алмағанын, ҚДТ қозғалысына кірмегенін, бірақ ұйым бағдарламасының халықтың жағдайын жақсарту, парламенттік басқару жүйесіне өту сияқты кей тұстарын қолдайтынын мәлімдеді. Жүнісов Конституцияда өз пікірін еркін білдіру құқығы қорғалатыны атап жазылғанын еске салды.
Жүнісовтің ісінде саяси астар барын соттағы жарыссөз кезінде адвокат Ғалым Нұрпейісов те атап өтті. Ол қорғауындағы азаматтың ісінде қылмыстық құрам жоғын, айыпталушыны қылмыстық қудалауға оның саяси көзқарасы себеп болғанын айтты. Нұрпейісов соттан істі тоқтатуды сұрады.
Болатхан Жүнісовтің ісі бойынша сот үкімі оқылған соң, адвокат Нұрпейісов айыптау шешімімен келіспейтінін, қорғауындағы азаматтың кінәсі жоғын айтты. Ғалым Нұрпейісов апелляциялық шағым түсіретінін, бірақ бірінші кезекте клиенті қалай шешсе, солай болатынын мәлімдеді.
ҚДТ "ҚЫЗМЕТІНЕ ҚАТЫСҚАНЫ ҮШІН" ҚУДАЛАУ
- Дүйсенбі, қазанның 21-і күні сот екі қазақстандық белсенді – Нұр-Сұлтан тұрғыны Гүлмира Халықова мен атыраулық Динара Мұқатоваға ҚДТ қызметін қолдағаны үшін бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Екі белсенді де сотта өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ.
- Дәл осындай айыппен қазанның 15-і күні сот белсенділер Еркін Қазиев (Қаскелең) және Серік Жахиннің (Нұр-Сұлтан) бір жылға бас бостандығын шектеді.
- Қазір ҚДТ "қызметіне қатысты" деген айыппен Нұр-Сұлтанда Ақмарал Керімбаева тұтқында отыр. Алматыда үш әйел: көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызілікті аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуова, белсенді Әнуар Әшірәлиев күдікті деп танылған. Қазақстандағы сарапшылар қауымдастығы аталған белсенділерді саяси тұтқындар қатарына қосқан.
- 2018 жылы наурыздың 13-і күні Астана соты (Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы атауы – ред.) ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оның қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салды. Осыдан кейін елде ҚДТ қозғалысының ондаған шынайы және ықтимал жақтастарына қарсы қылмыстық істер қозғала бастады. Кей заңгер белсенділерді қудалауға негіз жоғын, ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімінің негіздемесінде түсініксіз және қайшылықты тұстар көп екенін айтады.
- 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов қозғалыстың құрылғаны туралы 2017 жылы сәуір айында көпшілікке хабарлап, ұйымның мақсатын "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформалар жүргізу" деп көрсеткен.
ПІКІРЛЕР