2021 жылғы 6 қаңтарда "Шығыс Қазақстан облысындағы екі стратегиялық нысанның 100 пайыз акциясы жеке тұлғаларға сатылады" деген ақпарат тарады. Сәуірде бұл шешімге наразы азаматтар су электр станциясын сатуға қарсы петиция дайындап, оған 10 мыңнан астам адам қол қойды. Жыл бойы әлеуметтік желілерде ондаған қолданушы су электр станциясын жекешелендіруге қарсы жазба жариялады, бірақ олардың пікірі елеусіз қалды.
Өйткені бұл келісімшарт Қазақстандағы жоғары шенді тұлғаларға тиімді болатын.
НАЗАРБАЕВ, ХАНЗАДАЛАР ЖӘНЕ ШЕЙХТЕР
2020 жылдың аяғында ақпарат құралдары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министр Асқар Маминнің Біріккен Араб Әмірліктеріне барғанын жазды. Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтынан алынған ақпаратқа сәйкес, сапар барысында құны 6 миллиард доллардан асатын инвестиция жобаларын жүзеге асыру туралы келісім жасалған.
Келіссөз барысында Қазақстандағы су электр станцияларын жекеменшікке беру мәселесі де талқыланған болуы мүмкін.
Бұл туралы бір жылдан кейін 2021 жылғы 8 қазанда жарияланған үкімет қаулысында айтылады. Құжатта "Қазақстаның электр желілерін басқару жөніндегі "KEGOC" компаниясы мен "Самрұқ-Энерго" ұлттық компаниясының үлесі, Шүлбі және Өскемен су электр станциялары араб және қазақ инвесторларының консорциумына сатылды" деп жазылған.
Кейінірек энергетика саласында осындай келісімшарт жасалғанын энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев те растап, Қазақстан экономикасына алты миллиард доллар инвестиция құйылатынын айтты.
– Мұнда су электр станцияларын жекешелендіру туралы ғана емес, Қазақстан экономикасына алты миллиард доллар инвестиция құю туралы сөз болып отыр. Бұл келісімшарт шетел инвестициясын әкеледі. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, инвестор елдің энергетика саласын дамытатынын түсіну керек, – деді министр.
Басқаша айтқанда, су электр станциясын сату мәселесі байқау жарияланбай тұрып келісілгенге ұқсайды. Қазір келісімшартқа қатысушы тараптардың бір бөлігі ғана белгілі. Олардың қатарында арабтың ADQ компаниясы (Abu Dhabi Developmental Holding Company PJSC – 2018 жылы құрылған инвестицияларды басқару жөніндегі ұйым. Директорлар кеңесінің төрағасы – БАӘ-ның негізін салған шейхтың ұлы Тахнун бин Заид аль-Нахайян) бар.
Қазақстан тарапынан келісімшартқа кім қатысып жатқаны белгісіз. Жарияланған декларацияда 2026 жылдан бастап Шүлбі және Өскемен су электр станцияларында өндірілген энергияның 50 пайызы белгісіз қазақстандық инвестордың зауытына берілетіні айтылған.
Құжатта "2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін электр энергиясының сатуға шығарылған көлемі, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өндірілген энергия мен аттестацияланған электр қуаты қызметінің 50 % қазақстандық инвестордың елдің басқа өңірінде орналасқан өндіріс зауыттарына беріледі" делінген.
Журналистер қазақстандық инвесторлардың аты-жөнін жариялауды сұраған еді, бірақ олардың өтініші орындалмады.
Қоғам қазақстандық және араб инвесторларының кім екенін ғана емес, олардың қолына қандай билік тиетінін де білуге ынтық. Декларацияға сәйкес, электр энергиясының бағасы қарызға алынған ақша мен табыстың ішкі нормасына негізделеді. Бұл доллармен есептегенде табыстың 13 пайызына тең. Баға доллар бағамына қарай өзгеріп отырады. Энергетика саласының маманы Әсет Наурызбаев ақпарат құралдарына берген сұхбатында "доллар өскен сайын тариф те қымбаттайды" деген. Сарапшы инвесторларға су электр станциясы ғана емес, одан әлдеқайда қымбат тұратын, мың жылға дейін жарайтын бөгет те сатылып кеткенін айтады. Энергетик мұны "қызық әрі түсініксіз әрекет" деп бағалайды.
"ҰЛТТЫҚ МҮДДЕДЕН ЖОҒАРЫ ТҰРҒАН ЖЕКЕ МҮДДЕ"
Қоғам қайраткері, экономист, бұрын жылу электр станциясын басқарған Петр Своик бұл келісімшарт жеке мүддені көздейді деп есептейді. Ал үкімет осы жоба "энергетика саласын дамытады" деп отыр.
Қазір электр энергетикасы жеке қолданушылардың қолына өткен, елде бірыңғай тариф саясаты жоқ.
– Бұл ең алдымен жекелеген топтардың мүддесі ұлттық мүддеден жоғары тұратынын көрсетеді. Осының бәрі Қазақстанның энергетика саласында өндіріс қуаты мен инвестиция көлемін арттыру керек деген кезге тұспа-тұс келіп отыр. Қазір электр энергетикасы жеке қолданушылардың қолына өткен, елде бірыңғай тариф саясаты жоқ. Әр қолданушы бірінші кезекте өзінің және өзіне жақын тұтынушылардың қажетін қанағаттандырып, тек содан кейін ғана қалған қымбат энергияны ортақ нарыққа береді, – дейді Своик.
Своиктың пікірінше, елдегі ең арзан электр энергиясын "араб инвесторларына" сатылды делінген су электр станциялары өндіреді. Ал жекешелендіру бірінші кезекте арзан энергияны жеке меншікке беріп, ортақ нарыққа емес, жеке жобаларға пайдалануды көздейді.
– Бұл – жорамал емес, декларацияда солай жазылған. Инвестор арзан энергия өндіретін электр станциясын өз зауыттарын жарықпен қамтамасыз ету үшін алып отыр, – дейді экономист.
Инвестор өндіріс орындарының Еуропаға тауар экспорттайтынын, су электр станциясын сатып алу арқылы Еуропа елдері енгізетін көмірқышқыл газы салығынан босатылатынын түсініп отыр.
– Сондықтан атауы белгісіз өндіріс орындары арзан энергия көзіне қол жеткізуден бөлек, көмірқышқыл газына салынатын салықты төлемеудің жолын қарастырып отыр. Бұл кей топтар үшін (олардың осындай көлемді жекешелендіру операциясын жүзеге асыруға шамасы жеткенін ескеріп, бұл топқа Қазақстандағы ең ықпалды адамдар кіреді деп топшылауға болады) өте тиімді. Бірақ ұлттық энергетика жүйесі мен тұтынушылар үшін тиімсіз, – дейді Своик.
БАӘ – қазақстандық байлар ақшасын сақтайтын офшор аймағы.
"Жеке мүдде" туралы пікірге басқа сарапшылар да қосылады. Энергетика саласы маманы Әсет Наурызбаев келісімшартқа араб инвесторларының қосылуын Біріккен Араб Әмірліктерінің қазақстандық байлар ақшасын сақтайтын офшор аймағы болуымен байланыстырады. Сарапшылар бұл келісімшарттың артында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұруы мүмкін деп топшылайды.
Журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында сарапшы "Бұл – біреудің айла-шарғысы. Кімдікі екенін жорамалдап қана айта аламыз. Келіссөз жүргізуге премьер-министрдің өзі барғанын ескерсек, оған кім тапсырма бергенін топшылай беруге болады. Премьер-министрге кім тапсырма беруі мүмкін? Біздің елде тек екі адамда ғана осындай құзырет бар: бірінші және екінші президент. Екінші президент мұндай бизнес келісім ұйымдастыратын жағдайда болды деп ойламаймын. Кәсіпкерлік дағды тұрғысынан алғанда, бірінші президент әлдеқайда мықты" деген.
"ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНА ҚАУІП ТӨНІП ТҰР"
Петр Своик инвесторлар жеке мүддені көксеп жүріп, ұлттық мүддені ұмыт қалдырмайтын шығар деп үміттенеді.
– Инвесторлардың дені арабтар емес, қазақтар сияқты. Қазақ инвесторлар бұрын шетелде сақтап келген ақшасын энергетика саласына құямыз деп шешкенге ұқсайды. Қазір энергетика саласы ақша құюды қажет етеді. Қазақ инвесторлар жедел табысқа кенелуді емес, ұзақмерзімді жобалар мен энергетика саласына үлес қосуды ойлау керегін түсінер деп үміттенеміз, – дейді ол.
Сарапшы энергетика саласы қауіпті жағдайда тұр, сондықтан саланы тез арада қайта құрылымдаудан өткізу керек деп есептейді.
– Мемлекет энергетика секторының алдында тұрған үлкен міндеттерді шешу үшін саланы қайта құрылымдаудан өткізуі керек. Көтерме нарығы жоқ, тек әкімшілік бөлінісі ғана бар жүйеде тұтынушының ықпалы жоғары болған сайын, ол тұтынатын электр энергиясының бағасы арзандай түседі. Қайта құрылымдауды неден бастау керегі белгілі. Бұл үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы қол қойған "100 нақты қадам" жоспарын ашып, "бірыңғай сатып алу жүйесін енгізу" деген елуінші қадамға назар аудару керек. Бұл жоспар әлі жүзеге асқан жоқ, соны қолға алу қажет. Бұған ықпалды ойыншылар кедергі келтіріп отыр. Жүйе қазіргі күйінде саланы дамыту мақсатына жете алмайды. Ол тек жекелеген топтардың мүддесін қанағаттандыратын болады, – дейді Петр Своик.
Осыған дейін мәжіліс депутаты Сергей Решетников та осы тақырыпта ой білдіріп, бұл шешім тарифтің өсуіне әсер етеді деп ескерткен.
Қос бірдей су электр станциясының иесі өз дегенін жасата алады.
– Қала өмірі мен электр энергиясының бағасы су электр станцияларына байланысты. 2019 жылғы есеп бойынша, Шүлбі және Өскемен су электр станциялары 3,593 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндірген. Шығыс Қазақстан облысында 8,4 млрд кВт/сағ энергия тұтынған. Яғни өңір халқы тұтынатын электр энергиясының жартысын инвесторларға сатылған су электр станциялары беріп отыр. Электр станциялары үшін шекті тарифті мемлекет бекітеді. Бұл құқық жекешелендірілмейді. Бірақ электр станциясын сату тарифті белгілеу құқығы да соған өтеді дегенді білдіреді. Қос бірдей су электр станциясының иесі өз дегенін жасата алады, – дейді депутат.
2021 жылғы 8 қазанда қол қойылған декларацияда екі су электр станциясын сату туралы келісімнен бөлек, "Стратегиялық инвестициялық жобалар тізімі" деп аталатын кесте бар. Бұл тізімге Екібастұз – 1, Екібастұз – 2, Мойнақ, Шардара су электр станциялары, Алматыдағы жылу электр станциялары мен басқа да нысандар кірген. Модернизацияны "алдын-ала белгіленген араб ұлттық әл-ауқат қорлары" қаржыландырады. Бұл нысандардың бір бөлігі инвесторлардың қолына өте ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ 2020 жылы аталған нысандардың бір бөлігі жекешелендіру аясында сатылуы мүмкін деген ақпарат тараған.
ПІКІРЛЕР