Accessibility links

Орталық Азияда жарық неге сөніп қала береді?


Қазақстандағы электр сымдары. 2021 жылдың қазаны.
Қазақстандағы электр сымдары. 2021 жылдың қазаны.

Қыс түспей жатып Орталық Азияда электр энергиясы тапшылығы байқалды. Бұл аймақтағы елдердің биліктері тәуелсіздік алған соң энергетика секторына қыруар қаржы бөлген. Соған қарамастан электр жарығының неліктен ауық-ауық сөніп қалатынын түсіну қиын.

Орталық Азияның Батыс Қазақстаннан оңтүстік Тәжікстанға дейінгі жерінде электр қуаты тапшы. Бұл миллиондаған адамның өміріне кері әсер етіп, қиындықтар мен төтенше жағдайларға әкеп соғады.

14 қазанда Қазақстанның солтүстік-шығысындағы үш электр станциясында бірнеше энергетикалық блок істен шығып, мыңнан астам мегаватт (МВт) электр энергиясын жоғалтты.

Бұл энергетика инфрақұрылымы мен энергия жүйелеріне жүздеген миллион доллар бөлінетініне қарамастан Орталық Азияда әлі энергетика проблемалары шешілмегенін көрсетеді.

Бұл проблемалардың себебі белгілі. Бірақ энергетика саласына қаржы бөлетін, халықаралық қаржы ұйымдарынан көмек алатын елдерде қыс түсерде жағдайдың қиындауы таң қалдырады.

КІМ КІНӘЛІ?

14 қазанда энергетика блоктары бұзылып, Екібастұз-1, Екібастұз-2, Ақсу электр станциялары істен шықты.

Екібастұз-1 – Қазақстандағы ең ірі электр станциясы. Ол Қазақстандағы электр энергиясының 13 пайызын (4 мың МВт) өндіреді.

Қазақстандағы электр энергиясының негізгі тасымалдаушысы – KEGOC ұлттық компаниясы проблемаларды электр станцияларындағы энергия қондырғыларының едәуір бөлігінің дұрыс жұмыс істемей тұрғанымен және жоспардан тыс жөндеумен, электр энергиясын тұтынудың қатты өсуімен байланыстырды. Кейін үкімет проблемаға Қытайдан Қазақстанға келген криптовалюта майнингі себеп деді. Пекин биткоин мен басқа да криптовалюталарды өндіруге тыйым салған соң майнерлер Қазақстанға келген еді.

Бірақ 7-8 қарашада Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында, Алматы мен Шымкент секілді ірі қалаларда да жарық беру шектелгені хабарланды.

Өзбекстандағы жұрт та электр жарығының ара-тұра өшіп қалатынын айтады. Ал энергетика министрлігі мұны "қысқамерзімді мәселе" дейді. Алайда биыл қыста елде табиғи газ жеткізу проблемасы туындайтыны бірнеше апта бұрын анық болды.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қырғызстанда қыс кезінде электр энергиясы шектелмейтінін айтып келеді. Бірақ қыркүйектің аяғында ұлттық энергетика холдингі "кішкентай көшелерге, жарнама мен дүкен алдына, кафелер мен басқа да адам тұрмайтын жерлерге" жарық беруді шектеуді бұйырды.

Тәжікстанның көп бөлігінде де электр жарығымен қамтуда қиындықтар бар. Ал әлемде табиғи газ қоры бойынша төртінші орында тұрған Түркіменстанда да электр энергетикасында, ал ел астанасы Ашхабадта жылумен қамтуда проблема бары хабарланды.

МӘСЕЛЕНІҢ ТҮП-ТАМЫРЫ

Кейбір мәселелердің себебі анық. Аймақта халық саны едәуір өскен. 1991 жылы Совет одағы құлаған соң Орталық Азияда 50 миллион адам болса, қазір 75 миллионға жеткен.

Қырғызстан мен Тәжікстан – су электр энергиясымен кең танылған таулы елдер. Қырғызстанда электр энергиясының 90 пайызы, Тәжікстанда 98 пайызы су электр станциясынан өндіріледі.

Биыл Орталық Азияда болған қуаңшылық су энергетикасының, жалпы, өңірдегі энергия тұтынудың азаюына себеп болды.

Тәжікстан билігі негізгі су қоймаларындағы су көлемінің азайғаны жайлы ештеңе демеді. Бірақ Қырғызстан Тоқтағұл су электр станциясында су көлемінің 11,8 миллиард текше метрге жеткенін хабарлады. Бұл – кейінгі бірнеше жылдағы ең төмен көрсеткіш. 2020 жылы қарашада мұнда 14,7 миллиард текше метр су болған.

Қуаты 120 МВт болатын Тоқтағұл станциясы елдегі электр энергиясының 40 пайызын өндіреді. Бірақ биыл қыста станция энергияны қажет мөлшерде өндірсе, көктем-жазда ауыл шаруашылығында қолданылатын судың азаю қаупі туады.

Тоқтағұл станциясы.
Тоқтағұл станциясы.

Қырғызстан мен Тәжікстан саны артып жатқан халқын электр энергиясымен қалай қамтамасыз ететінін жоспарлау үшін биылғы қуаңшылықты назарға алуы керек. Су энергетикасы тиімді жол болғанымен, климат өзгеріп жатқан кезде оған сенім аз.

Өзбекстан да биылғы қуаңшылықтың зардабын тартып жатыр. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, Өзбекстандағы энергияның 12 пайызын су электр станциясы өндіреді. Елдің энергетика министрлігі СЭС-тегі су көлемінің азаюынан биыл су электр энергиясын өндіру 23 пайызға азайғанын мәлімдеді.

Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы халық саны ең көп елдер. Мұнда электр энергиясы негізінен жылу электр станцияларында (ЖЭС) өндіріледі.

Қазақстандағы ЖЭС-тердің көбі көмір жағады, ал Өзбекстандағылардың көбі газбен жұмыс істейді.

Қазақстанда 68 электр станциясы бар. Оның 80 пайызы көмір жағады. Олардың көбі ең ірі көмір кен орындары орналасқан солтүстік өңірлерде тұр. Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде оныншы орын алады.

Өзбекстанда электр энергиясының 88 пайызын ЖЭС өндіреді. Олардың көбі табиғи газбен жұмыс істейді.

Өзбекстанда 800 миллиард текше метр газ қоры бары айтылады, бірақ елде газ өндірісі төмендеп барады.

2020 жылғы желтоқсанда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев газ экспортына тыйым салып, газды ішкі нарыққа жұмсауды тапсырды. Ол алдағы қыс қарсаңында да осындай бұйрық берді.

ЕСКІРГЕН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫ

Орталық Азиядағы энергетика инфрақұрылымының ескіруі негізгі проблема болып отыр. Елдегі электр станциялары түгелдей дерлік совет кезеңінде салынған.

Орталық Азияда "ескі" және "тозығы жеткен" электр станциялары мен электр желілерін пайдаланудан басқа амал қалмаған.

2016 жылғы қыркүйекте Азия даму банкі Қазақстан туралы баяндамасында "электр энергиясын өндіретін инфрақұрылымның 70 пайызы жөндеуді қажет етеді" деп жазды.

Екібастұз-1 ЖЭС Орталық Азиядағы стандарт бойынша салыстырмалы түрде жаңа. ЖЭС-тің 8 блогының алғашқысы 1980 жылы пайдалануға берілген.

Ақсу ЖЭС-тің бірінші блогы 1968 жылы, ал Жамбыл облысындағы газ электр станциясы 1967 жылы іске қосылған.

Орталық Азиядағы ең ірі ЖЭС – Өзбекстандағы 3 мың МВт қуаты бар Сырдария ЖЭС-інің бірінші блогы 1972 жылы іске қосылған.

Ташкент ЖЭС-інде 12 агрегаттың қуаты 2230 МВт болады. Оның бірінші блогы 1963 жылы, Қарақалпақстан мен Науаидегі Тахиаташ (770 МВт) 1960 жылдардың басында салынған. Бішкектегі ЖЭС-тің бірінші блогы 60 жыл бұрын іске қосылған.

Орталық Азияда электр энергиясы желілерінде де ортақ проблема бар. Мысалы, Қазақстанда электр желілерінің ескі болуынан электр энергиясының 15-16 пайызы жоғалады.

Түркіменстандағы 12 ЖЭС-тің сегізі осы ғасырдың басында іске қосылған. Орталық Азияда 1991 жылдан соң салынған бірнеше электр станциясы ғана бар. Өзбекстандағы қуаты 1700 МВт болатын Талимаржан ЖЭС құрылысы 2004 жылы, Душанбедегі ЖЭС (қуаты 400 МВт) үш жыл бұрын салынды. Аймақ елдерінің жоспарында көп станция салу болған еді, бірақ станция құрылыстары аз.

Қазақстан Балқаш көлінде қуаты 1320 МВт болатын, 2,5 миллион долларға бағаланған ЖЭС салу жоспарлаған. Өзбекстанның Сурхандариясында газбен жұмыс істейтін, 1,2 миллиард долларға бағаланған ЖЭС салу жоспары бар.

Бірақ қазір жұмыс істеп тұрған энергетика инфрақұрылымының жұмысына да көп қаржы кетіп жатыр.

МОДЕРНИЗАЦИЯ КӨМЕКТЕСЕ МЕ?

2006 жылы Өзбекстанда Сырдария ЖЭС-інің бесінші блогын жөндеу жұмыстары басталды. Бұған 41 млн доллар жұмсалды. Алтыншы блокты жөндеу жұмыстары 2010 жылы аяқталды, оған 29 миллион доллар шығын кетті. 2014 жылы тағы екі блок 60 миллион долларға қайта жабдықталған.

2013 жылғы қыркүйекте Өзбекстан Тахиаташ ЖЭС-ін жөндеу жұмыстарына 700 млн доллар жұмсайтынын, оның 300 миллион долларын Азия даму банкінен кредитке алатынын айтты.

2013 жылы Жапония Өзбекстанға Науаи ЖЭС-ін жөндеуге 354 млн доллар бөлді. 2019 жылғы шілдеде ЖЭС электр желілері проблемасы кесірінен істен шығып, Өзбекстанның солтүстік-батысының көп бөлігі жарықсыз қалды.
2021 жылғы қаңтарда Өзбекстанды Қазақстан және Қырғызстанмен байланыстыратын энергетика желілерінде ақау шықты. Соның кесірінен Тахиаташ, Науаи, Ташкент пен Талимаржан ЖЭС-інде электр энергиясы тоқтап қалды. Бұл Өзбекстанның көп бөлігін, Қазақстан мен Қырғызстанның кей жерін электр жарығымен қамтуда қиындық туғызды.

2008 жылы Қазақстанда "Қазақмыс" мемлекеттік компаниясы "Екібастұз-1" ЖЭС-ін сатып алды. Ал одан кейінгі жылы оның жартысын "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорына сатып жіберді. Екі жақ ЖЭС-ке алдағы жеті жыл бойы 1 миллирд доллар инвестиция салуға міндет алды.

"Екібастұз-1" ЖЭС-і 2012-2017 жылдары жөнделді, бірақ 2020 жылы жөндеу жұмыстары бойынша жаңа жоба мақұлданды.

Қырғызстан Қытайдың экспорт-импорт банкінен Бішкек ЖЭС-ін толық жөндеуге 386 миллин доллар кредит алды. Жұмыс 2017 жылы тамызда аяқталды. Бірақ 2018 жылы қаңтардың аяғында -27 градус суықта ЖЭС істемей қалды.

2017-2018 жылғы қатты қыстан Түркіменстанда да электр энергиясы өшіп қалды.

2018 жылғы қарашада Азия даму банкі Түркіменстанның энергия жүйесінің "беріктігін нығайтып, тиімділігін арттыру үшін" 500 млн доллар кредит берді. Бірақ 2020 жылғы желтоқсанның аяғында Түркіменстанның астанасы Ашхабад пен басқа да жерлерде жарық сөніп қалды. Бұл сумен қамтуда да проблема туғызды.Елде жарық жаздағы аптап ыстықта да, қыстағы суықта да сөніп қалды.

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтері алда сарқылмайтын энергия көздерін дамытуға ақша бөлетінін айтты. Кейінгі бес жылда Орталық Азия елдері кейінгі бес жылда энергетика саласы үшін деп алған шетелдік қарыздарының көбін сарқылмайтын энергия көздерін жұмсады.

Жаңадан салынуы тиіс электр станцияларының экологиялық зардабы аз, әрі электр энергиясын өндіру және тарату тиімділігі де жоғары.

Аймақ елдері кейінгі жылдары ескі электр желілеріне миллиардтаған доллар жұмсаған, соған қарамастан Орталық Азиядағы жұрт алдағы қыстың суығында тоңып қалмаудың қамымен жүргені таң қалдырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG