Қазақстан билігі жәрдемақы мен АӘК төлеудің жаңа ережесін енгізе салысымен Нұр-Сұлтан, Алматы мен Қызылордада көп балалы аналар, жалғызбасты әйелдер, мүгедек бала бағып отырғандар билікке барып, наразылық білдірді. Олар биліктен көп балалы жанұядағы және тұрмысы төмен отбасындағы балаға 21 мың теңгеден төлейтін ескі ережені қалдыруды талап етеді. Үкімет биылдан бастап жәрдемақы мен АӘК-ті бөліп тастады.
"ӘР БАЛАҒА 21 МЫҢ ТЕҢГЕ БЕРГЕНІН ҚАЛАЙМЫЗ"
Қаңтардың 13-і күні Нұр-Сұлтанда әйелдер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне келіп, ведомство басшысы Біржан Нұрымбетовпен кездесуді талап еткен. Бірақ министр шықпады. Кейін олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымдарын айту үшін Ақордаға бармақшы болды. Бірақ олардың жолын арнайы жасақ бөгеді. Көп балалы әйелдер былтыр да бірнеше рет Тоқаевтың шығуын талап етіп Ақордаға бармақ болғанда арнайы жасақ пен полиция тосқауылына тап болған.
Жәрдемақы жүйесіне наразы әйелдер билікке барды. 13 қаңтар 2020 ж.
Қаңтардың 13-і күні Ақордаға барып, талаптарын жеткізбек болған әйелдердің арасында бес баланың анасы Аққу Әлімжанова да бар. 33 жастағы әйелдің аяғы ауыр. 2003 жылы Қостанайдан астанаға көшіп келген Әлімжанованың сөзінше, отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Қаладағы жатақхананың бірінде бір бөлмені айына елу мың теңгеге жалдап тұратынын айтады. Көп балалы әйелдің биылғы қаңтардан жаңа тәртіппен беріле бастаған атаулы әлеуметтік көмек пен жәрдемақыға көңілі толмайды.
- Жаңа форматпен төрт балаға бес мың теңгеден 20 мың теңге шықты. Бір балам ауылда оқыған соң оған төлемейді екен. Қазір жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекті қосқанда 73 мың теңге аламын. Былтыр 100 мың теңгедей болған. Біз әр балаға 21 мың теңгеден бергенін қалаймыз, - дейді Аққу.
Нұр-Сұлтанға Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан көшіп келген 35 жастағы Күнсұлу Тасанованың үш баласы бар. Күйеуі сотталған. Өзі қазір қаладағы "кафелердің бірінде ыдыс жуып, ақша табады".
Күнсұлудың сөзінше, айына тапқан 70-80 мың теңгенің 55 мыңын жалдап тұрып жатқан жатақханадағы бір бөлмеге төлейді. Ресми түрде жұмысқа тұрайын десе, коллекторлар бұрын жұбайы алған несие үшін жалақысының 50 пайызын ұстап қалатынын айтады. Былтыр мемлекеттен тұрмысы төмен отбасы ретінде АӘК алып келген Күнсұлу "қазір көмектен қағылғанын" айтады. Үш баланың шешесі де билік әр балаға 21 мың теңге төлегенін қалайды.
- Былтыр әр балаға 21 мың теңгеден алдым. Қазір мемлекет ешқандай қаржылай көмек бермейді. Атаулы әлеуметтік көмек алмағаным үшін мектепте оқитын балаларыма ыстық тамақ та берілмейді. Мектеп атаулы әлеуметтік көмек алатыным туралы анықтама сұрайды, - дейді Күнсұлу Тасанова.
Қазақстан билігі "әр балаға 21 мың теңге берілсін" деген әйелдер талабымен келіспейді. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қаңтардың 10-ы күні үкімет отырысынан кейін "әр балаға 21 мың теңге төлесін деген талап дұрыс емес" деген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "масылдық пен мұқтаждықты ажырата білуіміз керек" деген сөзін еске салған Сапарбаев "қазақстандықтарды жұмысқа үйретуіміз керек, әркім өз отбасын өзі асырауы керек" деді.
Оның алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Ербол Нұрғалиев "мемлекетте әр балаға 21 мың теңге төлейтіндей ақша жоқ" деген.
АӘК ТӨЛЕУ "КАЛЬКУЛЯТОРЫ"
2019 жылы ақпанның 5-і күні астанадағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір үйдің бес баласы опат болған. Өрт шыққанда балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылады. Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар, мүгедек баласы бар әйелдер биліктен жәрдемақыны көбейтуді талап еткен. Сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы және жағдайы төмен отбасындағы (тұрмыс деңгейі отбасының табысын ең төменгі күнкөріс деңгейіне шағып есептегенде) әр балаға 21 мың теңге көлемінде АӘК төлеуді тапсырған.
Көп балалы аналардың билікке талабы. 2019 жылғы ақпан:
Біраз уақыт өткен соң билік "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, мұны парламент пен президент қолдаған.
Жаңа ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. Ал 2019 жылдың 1 сәуірінен бері көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, енді биылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты беріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2020 жылы Қазақстанда күнкөріс деңгейі орташа есеппен 31 мың 183 теңге болып бекітілген. Ал кедейшілік шегі осы күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. Яғни, 21 мың 828 теңге. Бірақ күнкөріс деңгейі әр облыста әртүрлі. Мысалы, Маңғыстау облысында күнкөріс деңгейі 36 мың теңге болса, Алматы облысында 21 мың 505 теңге деп белгіленген.
"Министр шықсын!" Көп балалы әйелдер талабы. Нұр-Сұлтан, 6 қаңтар 2020 жыл.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Асқар Ниязов Азаттыққа көп балалы отбасыларға АӘК қалай төленетінін түсіндіріп берді. Ол мысал ретінде күйеуі 43 мың теңге жалақы алатын, әйелі декреттік демалыста отырған сегіз баласы бар Алматы облысындағы отбасыны алды.
- Отбасы мемлекеттен сегіз бала үшін 74 мың теңге жәрдемақы алады. Күйеуінің 43 мың теңге жалақысы бар. Яғни, бұл отбасының табысы мемлекет беретін жәрдемақымен қоса есептегенде 117 мың теңге. Шаңырақта ата-анасы және 8 баланы қосқанда 10 адам бар. Осы 117 мың теңгені 10 адамға бөлгенде, бір адамға 11 мың 730 теңгеден келеді. Алматы облысында кедейлік шегі 21 мың 505 теңге. Осы 21 мың 505 теңгеден 11 мың 730 теңгені алып тастаймыз. Сонда отбасының әрбір мүшесіне тиесілі атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 9 мың 775 теңгені құрайды. Осыны 10 адамға көбейтеміз. Сонда бұл отбасыға 97 мың 750 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Осылайша "Алтын алқа" иесі ретінде берілетін 16 мың 900 теңгені есептегенде отбасы мемлекеттен 180 мың теңге көлемінде көмек алады. Барлығын есептегенде, бұл отбасының кірісі айына 232 мың теңге көлемінде (74 мың теңге жәрдемақы+43 мың теңге отағасының табысы+98 мың АӘК+17 мың "Алтын алқа" үшін жәрдемақы) болады, - деп есептеді министрлік өкілі.
Билік АӘК тағайындағанда еңбекақыны, зейнетақыны, көп бала үшін берілетін жәрдемақыны, тау кен орнында істейтіндерге төленетін өтемақыны, мүгедектігі үшін алатын жәрдемақыны, мүгедек бала қарап отырған ата-анаға төленетін жәрдемақыны, бір жасқа толмаған бала қарау үшін берілетін жәрдемақыны, асыраушысы жоқ адамға қарап отырғаны үшін берілетін жәрдемақыны, алиментті есепке алады.
Үкімет АӘК тоқсан сайын есептеп отырмақ. Билік осы уақыт аралығында АӘК алып жатқан отбасының еріне я әйеліне жұмыс ұсынады. Отбасы мүшесі үкімет ұсынған жұмысты істеген соң оның табысы жарты жылдан соң АӘК тағайындағанда есепке алынады. Егер отбасы мүшесі үкімет ұсынған жұмыстан бас тартса, АӘК те тоқтайды.
Билік өкілдері мемлекет беретін жәрдемақының азаймағанын айтады. Үкімет жаңа ереже "халықты жұмыс істеуге ынталандыру үшін", "масылдық пен мұқтаждықты ажырату үшін" қабылданды деп түсіндіреді. Бұдан бөлек, Үкімет отбасылар АӘК алып оны балаларға емес, басқа жаққа жұмсап кеткенін, сол үшін АӘК-тің жартысы "тамақ, гигиеналық заттар және киім-кешекпен" берілетін заң да қарастырмақ. Яғни, жаңа заңға сай, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына ай сайын киім, тамақ, қажетті заттар беріліп тұрмақ. Бірақ әйелдер мұнымен келіспейді. Олар "биліктен заттай көмек керек еместігін", АӘК-пен пәтерақы төлеп келгендерін, енді қазір пәтерақыға ақша таппай жүргендерін айтады.
"МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛЫҒЫ БАРЛЫҒЫНА БӨЛІНУІ КЕРЕК"
2019 жылы АӘК тағайындау бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобында болған нұр-сұлтандық заңгер Талғат Омаров көп балалы отбасыларға тағайындалған ай сайынғы жәрдемақы мен АӘК өмір сүруге жетпейтінін айтады.
- Қазақстанда ең аз жалақы 42 мың 500 теңге. Біз [былтыр] жұмыс тобының талқылауында осы деңгейде қалдырып, әр балаға 42 мың 500 теңгеден төлеуді ұсындық. Мемлекеттің байлығы барлығына бөлінуі керек. Балалар жұмыс істей алмайды. Сондықтан оларға осылай төленуі керек. Бала бағып отырған анасына да осындай көлемде ақша төленуі тиіс деген ұсыныс білдірдік, - дейді ол.
Талғат Омаровтың сөзінше, министрлік өкілдері бұл ұсынысты тыңдағанымен, орындамаған.
Министрлік құрған жұмыс тобына мүше болған нұр-сұлтандық белсенді Болатбек Біләлов "Қазақстан билігі әлемдік қауымдастық алдында мемлекетте кедейлер саны көптігін жасыру үшін нақты цифрларды айтпай отыр" деп есептейді.
- Азық-түлік себетін, күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегін қайта қарау керек. Билік айтқандай, биыл кедейлік шегі 22 мың теңге емес, ол 50-70 мың теңге болуы тиіс. Сонда ғана Қазақстан тұрғындарының жартысы кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны көрінетін болады, - дейді ол.
Экономист, бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсаровтың пайымдауынша, билік Ұлттық қорда ақша болса да, дағдарыстан қорқып әлеуметтік көмек көрсетудің ережесін өзгерткен.
- Ұлттық қорда ақша бар. Оны жұмсағысы келмейді. Билік дағдарыстан қорқады. Жалпы, мемлекет халыққа жағдай жасауы керек. Бірақ билік оны істегісі келмей отыр. Ал бұл халық наразылығын тудырады. Мемлекет беріп отырған 20-30 мың теңгелік әлеуметтік көмек ақша емес. Ол неге жетеді? Пәтерге төлей ме, азық-түлік ала ма? – дейді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, жыл басталғалы бері Қазақстан бойынша 367 мың отбасына 17 миллиард теңгеден астам қаржы төленген. 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмекке 327 миллиард теңге қарастырылған. Министрлік дерегінше, бұл былтырғымен салыстырғанда 82 миллиард теңгеге көп. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметтер саясаты департаменті басшысының орынбасары Сырым Наси "осы цифрлардан әлеуметтік көмектің азаймағанын көруге болады" дейді.
ПІКІРЛЕР