Accessibility links

"Статистика үшін ғана сайлайды". Парламентте әйел аз, шын белсенділер мүлде жоқ


Әйел құқығын қорғау митингісі. Алматы, 8 наурыз, 2023 жыл
Әйел құқығын қорғау митингісі. Алматы, 8 наурыз, 2023 жыл

Сегізінші шақырылымдағы мәжіліс депутаттарының 18 пайызы ғана – әйел. Олардың арасында әйел құқығы мәселесін көтеретін депутат аз. Сарапшылар "әйелдерді парламентке статистика үшін ғана жинайды" дейді. Қазақстандағы гендерлік теңдіктің жайы қалай?

"ӘЙЕЛДЕР – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ КӨП СТИГМАҒА ҰШЫРАЙТЫН ТОП"

Аида Әлжанова – гендерлік теңдік бойынша сарапшы. Жақында өткен парламент сайлауында мәжіліс депутаты болуға кандидатурасын ұсынған. Тіркеуден де өткен. Бірақ "тренинг әдістемесіне авторлық құқығы барын көрсетпеді" деген сылтаумен сайлаудан шеттетілді.

Әлжанова сайлау нәтижесін "гендерлік саясаттың жеңілісі" деп бағалап, әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар азаматтарға бөлінген квота "дискриминациялық сипатқа ие" дейді.

– Әрине, бұл – қорлық қой. Көп жылдан бері гендерлік квота туралы айтып келеміз. Әйелдерге арналған квотаға жастарды да, мүгедектігі бар адамдарды да қосып жіберді, – дейді Әлжанова.

Қазақстандағы партиялық сайлау тізіміне гендерлік квота 2019 жылы БҰҰ комиссиясының ұсынуымен енгізілді. Бірақ квота бірнеше топ арасында бөліске салынды. Әйелдерге арналған 30 пайыз орынға жастарды да, мүгедектігі бар азаматтарды да қосты. Қазіргі талап бойынша, "Әйел, жас және мүгедектігі бар азамат деген үш санатқа жататын депутаттар саны мәжілістің 30 пайызын құрауға тиіс".

– Мүгедектігі бар азаматтар мен жастарға қарсылығым жоқ, бірақ оларға жеке квота бөлінсін. Елде мүгедектігі бар 500 мыңға жуық азамат тұрады, ал парламентте бес депутат қана отыр. Халықтың 51 пайызы әйел болғанымен, мәжілісте 18 әйел депутат қана бар, – дейді сарапшы.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да заң шығарушы органда әйелдер үлесі аз деген пікірді растайды. Ол "Квота туралы заң жобасын қайта қарап, 30 пайызға әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар азаматтардың бәрін қосуға болмайды. Әйелдер – Қазақстан халқының жартысы, демек, олардың саясаттағы үлесі де осы шамалас болуы керек" дейді.

– Содан кейін ғана ерлер мен әйелдер арасында жастар, мүгедектігі бар азаматтар мен басқа да топ өкілдері болуын қадағалаймыз. Бұл өте маңызды, – дейді Ирина Смирнова.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова, керісінше, квотаның пайдасын көрген.

– Квотаның арқасында "Аманат" партиясынан ұсынылған депутаттардың 26 пайызы әйелдер болды, – дейді депутат.

Депутаттыққа үміткер, "Феминита" феминистік бастамасының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева квота керек, бірақ қазіргідей емес, басқа формада қолданылсын деген ұсыныс айтады.

– Квота – уақытша қолдау. Теңдікке қол жеткізсек, квотаны алып тастайды. Өйткені оның керегі болмай қалады. Бұл – әдетте мемлекет ісін басқаруға жіберілмейтін, стигмаға көп ұшырайтын топтарды қолдауға арналған уақытша шара. Өкінішке қарай, жағымсыз естілсе де, әйелдер осы топқа жатады, – дейді ол.

Ирина Смирнова партияда гендерлік бөлініс сақталғанымен, бірмандатты кандидаттар арасында әйелдер аз болғанына назар аударды.

"Аманат", Қазақстан халық партиясы мен "Ақ жолдың" сайлауалды тізімінде кандидаттардың 27-28 пайызы әйелдер болғанын атап өту керек. Ең көп әйел кандидат "Республика" партиясынан тіркелген (32 пайыз).

Сайлау нәтижесінде "Аманат" партиясының тізімінен әйел кандидаттардың 20 пайызы (40 әйелдің сегізі), бірмандатты округ бойынша 9 пайызы депутат болды.

Ауыл партиясында бұл көрсеткіш 12,5 пайыз (депутаттыққа ұсынылған сегіз әйелдің біреуі), Қазақстан халық партиясында 40 пайыз (бес әйелдің екеуі), "Ақ жол" партиясында 12,5 пайыз (сегіз сегіз әйелдің біреуі), Жалпыхалықтық социал-демократиялық партияда 25 пайыз (төрт әйелдің біреуі) болды.

Гендерлік теңдікті жақсы сақтаған партиялардың бірі – "Республика" (50 пайыз). Партия атынан мәжіліске өткен алты депутаттың үшеуі – әйел.

Депутаттыққа өзін-өзі ұсынған әйелдердің бірде-бірі мәжіліске өткен жоқ.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ШЕШІМ ШЫҒАРУ ПРОЦЕСІНЕ ҚАТЫСУЫ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Мұндай квоталарды "позитив дискриминация" немесе "позитив теңестіру шарасы" деп атайды. Ол қоғамда теңдік орнату үшін әртүрлі себеппен қудаланған топтарға артықшылық береді. 2019 жылы "Қадір-қасиет" қоғамдық бірлестігі АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігімен бірлесіп, "Әйелдің мемлекет ісіне араласу құқығын қамтамасыз ету" деген оқу құралын дайындады. Онда шешім шығару процесіндегі гендерлік тепе-теңдік саяси қадамдардың сапасын арттырып, демократияны нығайтады делінген.

Оқу құралындағы ақпаратқа қарағанда, саяси қызметтегі әйелдер саны аз: 2021 жылы саясатта 670 ер және небәрі 67 әйел адам болған.

Сарапшылар шешім шығаруда гендерлік теңдік маңызды екенін еске салады.

– Ұжымдық ойлану теориясы бар. Шешім шығаратын топтарда әйелдер көп болса, ерлерді қосу керек. Өйткені гендерлік тепе-теңдік шешім сапасына әсер етеді. Ерлер соғыс бастау сияқты өз болмысына сай шешім шығарады, әйелдер әдетте бұған қарсы болады, – дейді Аида Әлжанова.

Ирина Смирнова мен Жұлдыз Сүлейменова шешім шығару процесіне әйелдер де үн қосуы керек деп есептейді.

– Бұл өте маңызды, өйткені әйел ер адам білмейтін немесе ол мән бермеген мәселені көтеруі мүмкін, – дейді Смирнова.

– Мәслихатта да әйелдер болуы керек. Мектеп, жол, ауызсу, кедергісіз орта мәселесі. Әйелдер болса, осының бәрі тезірек шешілер еді, – дейді Сүлейменова.

Аида Әлжанова тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты шығарылған шешімдерді мысалға келтіреді.

– Олар тұрмыстағы зорлықты Қылмыстық кодекске енгізіп, жазаны ауырлату отбасына зиян, балаларға кері әсер етеді дегенді алға тартады. Осыдан қанша әйел таяқ жеп, тіпті өлім құшып жатқанын ойламайды. Ер адамның түсінігі қоғамда мұндай қауіп барын мойындамайтын сияқты.

Жанар Секербаева да "ерлер әйел болып өмір сүрудің қандай екенін білмейді, сондықтан олар үшін маңызды шешімдер шығара алмайды" дейді.

– Олар біздің қорқыныштарымыз бен зорлықтан кейінгі жарақатымызды білмейді. Сондықтан жаны ашымайды. Жанына батқан мәселе болмаған соң, басын ауыртпайды, қызым не әйелім мұндайға ұшырамайды деп ойлайды. Маңызды саяси шешімдерді ерлер ғана шығармауы керек. Экологиялық ұйым ашқан, ағаш отырғызып не қараусыз қалған жануарларды қорғаумен айналысатын ерлерді көрмеймін, – дейді Секербаева.

"Позитив теңестіру шарасын" қолдаушылар да, оған қарсы адамдар да бар. Халықаралық қауымдастық зерттеу жүргізіп, гендерлік теңсіздікті жою үшін арнайы бағдарламалар керек деген қорытындыға келген. Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегінше, қазіргідей жалғаса берсе, бүкіләлемдік гендерлік алшақтық 130 жылдан кейін ғана жойылады. Бұл – гендерлік алшақтық индексіне негізделген болжалды баға.

ТОКЕНИЗМ ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОЛ НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?

Статистика әйелдердің шешім шығару процесіне қатысу деңгейін анық көрсетпейді. Аида Әлжанованың айтуынша, "токенизм" деген ұғым бар, ол символикалық мәнге ие дүниені шынайы әрекет деп қабылдауды білдіреді. Сарапшы токенизмнің өзінде әйелдердің бірігуіне жағдай жасау керек деп есептейді.

– Бір жағынан, токенизм, яғни шын белсенді, азаматтық не саяси көшбасшы әйелдердің орнына басқаларды таңдау бар. Оларды статистика үшін, парламенттен әйелдерге орын бөлінгенін көрсету мақсатында ғана жинайды. Мәжілістің алтыншы шақырылымында осылай жиналған әйелдер тұрмыстағы зорлықтың алдын алу туралы жаңа заң жобасын қорғап қалмады. 2009 жылы қабылданған заң ескірді, ал жаңа заңды қорғайтын депутат табылмады. Қазір әйелдер азайды, енді олар парламент ішінен партияаралық әйелдер тобын құрмаса, заң жобасын қорғап қалатынына сенбеймін. Кез келген пікірді топпен қорғау керек, – дейді сарапшы.

Биыл парламентке өткен депутаттардың бірі – Қарақат Әбден. Ол аз уақыт ішінде шетел азаматына тұрмысқа шығатын қазақ қыздарына салық салу керек деген ұсынысымен танылып үлгерді. Бұл ұсыныстан кейін "Әбденді депутат мандатынан айыру керек!" деген талаппен петиция жарияланды. Қоғам депутатты әйелдерге дискриминация жасады деп айыптады.

– Мәжіліске өткен Қарақат Әбден сияқты депутаттар әйелдердің үміті мен талабын жеткізе алмайды. Қызды алып қашатын, әмеңгерлікпен қосатын, қалыңмалмен бағалайтын дәстүрлі өткенімізге оралғымыз келмейді. Прогрессив болашаққа ұмтылғымыз келеді, – дейді Секербаева.

Қызға салық салу, әйелге ие болу... Қазіргі қазақ әйелі оған көне ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:04 0:00

ӘЙЕЛ – "ОТБАСЫ, ОШАҚ ҚАСЫ" ҒАНА ЕМЕС

Қазақстанда президент не премьер-министр әйел болмаған. Кейінгі 30 жылда екі әйел ғана республикалық маңызы бар қаланы басқарды. 2020 жылы бірінші рет облысы әкімі қызметіне әйел адам тағайындалды.

Аида Әлжанова Қазақстанда басқарушы қызметтегі әйелдердің аздығын "саясат ерлерге арналған" деген түсініктен көреді.

– Бізде әйелге әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, экология сияқты салаларды ғана сеніп тапсырады. Бірақ өндіріске жібермейді. Қазақстанда елдің экономикасын көтерген мықты топ-менеджер, қаржыгер әйелдер бар. Статистика бойынша, PhD дәрежесі бар, жоғары білім алған әйелдер ерлерден әлдеқайда көп. Қазақстан әйелдерінің даму деңгейі жоғары. Оларға кішкене қолдау ғана жетпейді.

Ирина Смирнова әйелдердің сайлаудағы белсенділігіне дән риза.

– Сайлауға қанша әйел қатысқанын көрдіңіз бе? Бірмандатты округтерден әйелдердің саясатқа араласып, қоғамның дамуына көзқарасын білдіргісі келетінін көрдік. Бірақ жеңіске жете алмады. Ресурсы аз болғандықтан, сайлауалды науқанды жүргізетін жақсы команда жинай алмаған шығар. Әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда 30 пайыз төмен екенін білеміз. Әйелдер әлсіз болғандықтан, не істерін білмегендіктен өтпей қалған жоқ. Олар не істеу керегін біледі. Парламентке көп нәрсені өзгерте алатын мықты тұлғалар өтпей қалып отыр.

Әйелдердің саяси карьерасына мемлекеттің ана образы туралы пропагандасы да кедергі жасап отыр. Биліктегі ер адамдар әйелдің орны "отбасы, ошақ қасы" деп ойлайды.

– Мемлекеттік бағдарламалар ана образын насихаттайды. Мәслихат депутаттығына үміткер қызға "Тұрмысқа шықпайсың ба?", "Неге әлі балаң жоқ?" деген сұрақ қояды. Саясатта әйел неге аз демес бұрын, оларға қандай жағдай жасалғанына назар аударуымыз керек. Әйелге үнемі қысым көрсетіп, қалай өмір сүру керегін үйретуден жалықпаймыз. Мұндай қысымның арасында жүріп, олар сайлауға түсетін уақыт, ақша мен күшті қайдан тапсын? Белсенді, саясаткер, зерттеуші әріптестерімнен "Сайлауға неге түспейсіңдер?" деп сұрағанымда, "Ондай ақшамыз жоқ" деген жауап алдым, – дейді Секербаева.

Қазіргі парламенттегі әйелдердің көбі әлеуметтік-мәдени даму (5), заң және сот-құқықтық реформалар комитетіне (4) мүше.

Әлжанова Қазақстан үкіметі гендерлік теңдік ұғымын дұрыс түсінбейді дейді. Ол әйел істері және гендерлік теңдік жөніндегі комиссияның атауы "әйел істері және отбасылық-демографиялық саясат" деп өзгергенін мысалға келтіреді.

– Олар отбасылық-демографиялық саясатқа, әйелдің отбасындағы рөліне мән бере бастады. Саясат туралы мүлде сөз қозғалмайтын болды. Комиссия "әйел отбасына қарап, бала тәрбиелеуі керек" дейтін түсініксіз клубқа айналып кетті. Бала сүйе алмайтын әйелдер бар, бұдан олардың құны төмендемейді, қоғам қатарынан шығып қалмайды. Осы мәселелердің бәрі ашық талқылануға тиіс. Осыдан әйелдің саясатқа араласуын дұрыс түсінбейміз.

ӘЛЕМДЕГІ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК

БҰҰ-ның 2023 жылғы 1 қаңтардағы дерегі бойынша, әлемдегі мемлекеттердің 11,3 пайызында (монархиялы жүйелерді қоспағанда, 151 елдің 17-сінде) әйел адам президент, ал 9,8 пайызында (193 мемлекеттің 19-ында) үкімет басшысы болған.

Әйелдер көбіне гендерлік теңдік, адам құқықтары, әлеуметтік салаларды басқарады. Қорғаныс, энергетика, табиғи ресурстар мен тау-кен өндірісіндегі топ-менеджер әйелдер аз.

БҰҰ есебінше, қазіргі даму қарқынымен биліктегі гендерлік теңдікке 130 жылдан кейін ғана жетеміз. Әйелдердің жағдайы жақсарғанымен, бұл процесс баяу жүріп жатыр. БҰҰ дерегінше, прогреске гендерлік квота әсер еткен. Осындай квота бөлінген елдерде парламент пен жергілікті билік органдарындағы әйелдердің үлесі басқа мемлекеттермен салыстырғанда 5-7 пайыз жоғары.

90-жылдардың аяғында Қазақстанда әйелдердің саяси белсенділігі жоғары болды. 1999 жылы "Қазақстандағы әйелдер ұйымдарының саяси альянсы" деген партия құрылды. Оларды сайлауға қатыстырмды. Кейін партия атауы "Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясы" болып өзгерді. Оны Раушан Сәрсембаева басқарды. Партияға 3 мыңға жуық адам мүше болған. Ол партиядан бірде-бір әйел мәжіліске өтпеді. 2002 жылы ұйым жабылып қалды.

2021 жылы "Халықаралық қатынастар бойынша кеңес" ұйымының парламент, министрлер кабинеті мен жергілікті атқару органдарындағы әйелдер санына қарайтын Women’s Power Index рейтингіcінде Қазақстан 193 елдің ішінен 104-орын алды. Ол кезде қазақстандық әйелдердің парламенттегі үлесі 24 пайыз болатын.

Дүниежүзілік банк гендерлік теңдікті экономикалық дамуға бастайтын факторлардың бірі деп көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG