Accessibility links

Соққыға жығылған ресейлік әлеуметтанушы бұзақылардың әрекетін нәсілшілдікке жатқызбайды


Алматыда таяқ жеген ресейлік әлеуметтанушы Максим Тихонов. Алматы, 17 наурыз, 2009 жыл.
Алматыда таяқ жеген ресейлік әлеуметтанушы Максим Тихонов. Алматы, 17 наурыз, 2009 жыл.

Қазақстанға жеке шаруасымен келген ресейлік ғалым Максим Тихонов аяусыз соққыға жығылды. Ол осыған дейін Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымның қызметіне, мәслихат сайлауларының ерекшеліктеріне қызығушылық танытқан көрінеді. Зардап шегуші бұдан басқа түсініктеме айта алмай отыр.

Максим Тихоновтың айтуынша, оқиға наурыздың 15-сінде болған. Алматыдағы танысының үйіне тұрақтаған оған үйдің кіре берісінде (подъезде) белгісіз үш адам жабылып, соққыға жығады. Соққы салдарынан оның бас сүйегі және саусағы, тістері сынады. Бір қызығы, мұның бәрі көзді ашып жұмғанша, өте жылдам болған. Сол сәтте Максим шабуыл жасаушы адамдардың «өз істерін білетін» кәнігі бұзақылар екенін байқап үлгеріпті.

- Бірден айтайын, бұл қандай да бір нашақорлардың, ұрылардың шабуылы емес, себебі, олар жеке заттарымды алуға тырысқан жоқ. Соққы зардабының бер жағы ғана сіздерге көрініп тұр. Шын мәнінде ауыр жарақат алдым. Бақытыма орай, осындағы «Аман-саулық» қорының мүшесіне хабарласып үлгердім. Ол көрші подьезде тұратын. Ол сондай ақ, құқық қорғау органдарына да шығуға көмектесті.

Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде Максимге бірден операция жасалады. Әлі толығымен емделіп бітпеген оған дәрігерлер компьютерлік томография жасау керектігін айтып отыр. Қазіргі уақытта Алмалы ауданының ішкі істер департаментінде оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.

Аталмыш оқиғаны Максим немен байланыстыратынын білмейді. Себебі, ол қоғамдық резонанс тудыратындай жобалармен айналыспапты. Бұдан бөлек, «мені аңдушылар болса, мені Қазақстаннан гөрі Ресейден табу оңай» дейді ол. Оның ойынша, мұның бір ғана себебі болуы мүмкін. Алматыға келген соң ғалым «Аман-саулық» қоғамдық қорының жетекшісі Бақтылы Түменовамен бірнеше мәрте кездесіп, әлеуметтік саладағы өзекті деген мәселелер туралы әңгімелессе керек.

- Қай күні екені нақты есімде жоқ, ақпанда Максим маған хабарласып, қордың жұмысымен толығырақ танысқысы келетінін айтты. Ол келген соң біз бір жарым сағаттай әңгімелестік. Мен оған қордың халықаралық деңгейде жұмыс істейтінін, жоспарын, үкіметтік емес ұйымдардың құқықтары туралы т.б мәселелер жайында айттым. Мен үшін бұл күтпеген сұмдық жағдай болды. Шабуыл жасаушылардың Максимді ұрмақ түгіл, өлтірмек ойлары болған. Бізге мұндай оқиғаның себебі түсініксіз. Біздің қорға шетелдерден ғалымдардың келуінен мен ешқандай оғаштық көріп отырған жоқпын, -

дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының жетекшісі Бақтылы Түменова.

Максим Тихоновтың қызығушылық танытқан мәселелерінің бірі мәслихат сайлауының ерекшеліктері болыпты. Ол барлық үміткерлердің жеке бағдарламаларымен танысып, ғылыми жұмыстарының қоғамға, билікке және жергілікті басқару органдарына кіруге тырысып жүргендерге қаншалықты қажет екенін анықтамақ болған.

- Мен оқиғаны бұл жағдайлармен байланыстырып отырған жоқпын. Бірақ менде бұдан өзге түсініктеме жоқ, – дейді Максим Тихонов.

Қазіргі таңда Максимнің денсаулығын бақылауды аталмыш қор өз міндетіне алыпты. «Мұндай оқиға еліміздің атына кір келтіреді. Біз мұны жылы жауып қойғымыз келмейді» дейді Бақтылы Түменова.

Тағы да айта кететін жайт, Максим өзіне жасалған шабуылдың нәсілшілдік сипаттағы шабуыл екенін жоққа шығарады. Себебі, ол соққы барысында, бұзақылардың бет әлпеті славяндық нәсілге ұқсас болғанын алға тартады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG