Accessibility links

Бір аптада екі тікұшақ құлады


Тікұшақ құлаған жер. Алматы облысы, 28 қаңтар 2016 жыл. ІІМ ТЖК суреті.
Тікұшақ құлаған жер. Алматы облысы, 28 қаңтар 2016 жыл. ІІМ ТЖК суреті.

Алматы облысында жоғалған тікұшақтың апатқа ұшыраған мәлім болды. Тікұшақтағы бес адам түгел қаза тапқан.

Бүгін Алматы облысы аумағында кеше жоғалған тікұшақтың сынықтары табылды. Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің өкілі Руслан Иманқұловтың хабарлауынша, тікұшақта болған бес адамның барлығы қаза тапқан. Тікұшақ сынықтары бүгін таңертең сағат сегіз жарым шамасында облыстың Қапал елді мекеніне бұрылыстан үш километр жерден табылған.

MD 600N тікұшағы

MD 600N тікұшағы

АҚШ-та жобаланған MD 600N тікұшағы азаматтық мақсаттарға пайдаланылатын әуе аппараты саналады. 1995-97 жылдары сатыла бастаған. MD 630N тікұшағы негізінде жасалған аппараттың екі есігі бар, кабинасына 8 адам отыра алады. Көтеретін жүк салмағы - 1300 килограмм шамасында.

"Аспан" компаниясының UP-MD 600-N маркалы азаматтық мақсаттағы тікұшағы кеше сағат 15:45-те Алакөл ауданының Үшарал қаласынан Талдықорғанға қарай ұшып шығып, сағат шамамен 16:55-те радардан жоғалып кеткен. Тікұшақ бортында бес адам - ұшқыш, екі дәрігер және бала мен ана болған. Тікұшақ 2015 жылы туған, науқастанып қалған сәбиді облыстық ауруханаға жеткізуі тиіс болған.

Тікұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тікұшақ құлаған орынға ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко барған. Тікұшақты іздеуге 500-ге тарта адам мен 70 техника тартылған.

ИНФОГРАФИКА: Қазақстан әуе көліктерінің апаттары

Қазақстанда соңғы бір апта ішінде осымен екінші тікұшақ апатқа ұшырап отыр. 23 қаңтар күні Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында "Жаңа Әлем" авиакомпаниясына қарасты МИ-2 тікұшағы апатқа ұшыраған. Апаттан ұшқыш денесінің жартысынан астамын күйік шалып, ауруханаға түскен. Қазір бұл тікұшақтың апатқа ұшырау себебін комиссия анықтап жатыр.

XS
SM
MD
LG