Шымкентте бір жарым жастағы Данилдың анасы іздестіріліп жатыр. Мамандар тастанды балалардың басым бөлігі жаңа туған нәрестелер екенін айтады.
Наурыздың 25-і күні анасы тастап кеткен бір жарым жастағы Данилді полицейлер Шымкенттегі №1 қалалық балалар ауруханасына әкелген. Әлі тілі шықпаған сәбидің жайын білу үшін Азаттық тілшісі ауруханаға барған еді.
«БІР-ЕКІ РЕТ ТҮНДЕ «АПА» ДЕП ЖЫЛАДЫ»
Дәрігерлер бақылауында жүрген Данил жатырқауды білмейді. Ойын баласы, Азаттық тілшісі барғанда дәлізде жүгіріп жүрді. Сырт көзге көңіл-күйі, күтімі жақсы екені байқалды.
Шымкенттегі №1 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Айжан Рахматуллаеваның айтуынша, «Данилді балалар ауруханасына наурыздың 30-ы күні кешкі сағат сегіздер шамасында жедел жәрдем қызметі Шымкент қаласы Еңбекші ауданы полицейлерімен бірге алып келген».
- Наурыздың 25-і күні баланы «Гуля» деген азаматша Роза Чувакова есімді тұрғынға екі сағатқа қарай тұруға тастап кеткен. Наурыздың 30-ына дейін «Гуля» баланы іздеп келмеген. Содан кейін Роза Чувакова полицейлерден көмек сұраған, - дейді балалар дәрігері.
Айжан Рахматуллаева Данилды «жан тартып, еркелеткен адамға тез үйренісіп кететін бала» деп сипаттады. Данил күндіз анасын іздемейді екен. Ауруханаға келгелі бір-екі рет, түнде ұйықтар алдында «апа» деп жылапты.
- Өкінішке қарай, бүгінге дейін баланың анасы, не туысқаны артынан іздеп келген жоқ. Полицейлер анасын іздестіріп жатыр, - дейді дәрігер.
Данилдің денсаулығы мен күтіміне бас-көз болып отырған Айжан Рахматуллаева «балаға толық медициналық зерттеу жүргізілгенін, жағдайы қалыпты» екенін айтты. Аурухана қызметкерлері Данилді балалар үйіне тапсыру үшін құжат әзірлеп жатқандарын білдірді.
«17-19 ЖАСТАҒЫ ТҰРМЫСҚА ШЫҚПАҒАН ҚЫЗДАР»
Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Ғалымжан Ерімбетовтің Азаттық тілшісіне айтуынша, «Тастанды балалардың көпшілігі - жаңа туған нәрестелер. Мәселен, 2014 жылы тастанды 37 баланың 35-і жаңа туған балалар болған. Баласын тастап кететіндер - 17-19 жастағы тұрмысқа шықпаған қыздар».
Маманның сөзіне қарағанда, былтыр тастанды болған 37 баланың екеуінің ғана анасы табылып, сот арқылы олар анасына қайтарылып берілген. Басқалары қамқоршыларға, балалар үйіне тапсырылған. Жыл аяғына дейін олардың 21-ін асырап алған. Ал 2015 жылдың басынан бері алты бала тастанды атанған. Олардың бесеуі - жаңа туған нәресте. Соңғы рет наурыздың 17-сі күні Илья Райыл есімді тастанды бала табылған. «Ал Данил туралы мәлімет бізге әзірге жеткен жоқ» дейді Ғалымжан Ерімбетов.
Ал психолог маман «жас аналардың балаларын тастап кетуін қоғамның психологиялық ахуалының бұзылуынан» көреді». Бақыт Дастанқызының айтуынша, балаларын тастап кететін қыз-келіншектер проблемасы көп отбасынан шығады.
- Әке-шешесінің мейірімін көрмей өскен бала қатыгез, агрессивті болады. Ол бұл мінезін келешекте осылай көрсетуі мүмкін, - дейді ол.
Бұл құбылыстың мұнан басқа себебін психолог жергілікті менталитет ерекшеліктерімен де байланыстырады.
- Тастанды бала қыздардың алданып қалғанынан, жоспарсыз жыныстық қатынастан болады. Ауылдық жерде өскен қыздарды ата-анасы қатал тәрбиелейді. Оларға ер мен әйел қарым-қатынас ерекшеліктерін түсіндіре бермейді. Оның бәрі - жабық тақырып. Сол қыздар үлкен қалаға келгенде еркіндік деген осы екен деп, бейтаныс азаматпен жыныстық қатынасқа түсуі мүмкін. Сөйтіп алданып қалып жатады. Олар бала тууға психологиялық жағынан дайын болмайды, - дейді Бақыт Дастанқызы.
ТАСТАНДЫ БАЛАЛАР 10 ЖЫЛДА ТӨРТ ЕСЕ АЗАЙҒАН
Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Ғалымжан Ерімбетовтің айтуынша, Шымкентте тастанды балалар саны жылма-жыл азайып келеді.
2010-2011 жылдары жылына 50 бала тастанды атанса, былтыр мұндай бала саны 33 болды. Соңғы 10 жылда тастанды балалар саны әлдеқайда кеміді.
- Салыстырмалы түрде алсақ, 2005 жылы Шымкентте ата-анасы қайтыс болған және тастап кеткен 147 бала тіркелді. 2010-2011 жылдары жылына 50 бала тастанды атанса, былтыр мұндай бала саны 33 болды. Соңғы 10 жылда тастанды балалар саны әлдеқайда кеміді, - дейді ол.
Маманның айтуынша, «керісінше, бала асырап аламыз деушілер көп». Ол «Баласын тастап кеткен ана кемінде үш ай іздестіріледі. Табылмаған жағдайда, нәресте балалар үйіне беріледі. Ол жағдайда баланың аты-жөні өзгереді» дейді. Қазір қаладағы Бөбектер үйіндегі жеті топта жаңа туған нәрестеден үш жасқа дейінгі 61 бала тәрбиеленіп жатыр.
Осы мақала жарияланар шақта Азаттық редакциясына Данилдің анасы табылғаны жайлы ақпарат түсті. Қалалық білім бөлімі маманы Ғалымжан Ерімбетов «Данилдің анасын тергеушілер әкелді. Қалалық білім бөлімі баланы анасына беру туралы келісім берді. 28 жастағы келіншек екен. Күйеуімен ажырасып, әке-шешесінің қолына барған көрінеді. Бірақ ол жауапкершіліктен құтылмайды. Үстінен қылмыстық іс қозғалады» деді.