Accessibility links

Бөгет бұзылуынан келген зиянды үшінші жыл өндіре алмай жүр


Көкпекті ауылындағы 2014 жылы су басқан үй-жайдың бірі. Қарағанды облысы, 2016 жылдың маусымы.
Көкпекті ауылындағы 2014 жылы су басқан үй-жайдың бірі. Қарағанды облысы, 2016 жылдың маусымы.

Қарағанды облысындағы Көкпекті және Рабочий ауылдарының 20-дан аса тұрғыны 2014 жылы Көкпекті бөгеті бұзылғаннан келген зиянның өтемақысын үш жыл бойы өндірте алмай жүр. Облыстық сот өкілдерінің сөзінше, жапа шегушілер енді азаматтық сотқа жүгінуі тиіс.

Зардап шегушілердің Көкпекті бөгеті бұзылуынан келген зиянды өтеу туралы берген талап-арыздары жеке өндіріске алынып, енді азаматтық сотта қаралатын болды. Бұл мәселе бұрын бөгеттің бұзылуына қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында қаралған еді. Қарағанды облыстық соты апелляциялық сот қаулысын алғашқы үкімді шығарған Бұқар жырау аудандық сотына жолдамақ.

Өтемақы үшін күрес
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:24 0:00
Жүктеп алу

2014 жылғы наурыздың 31-і күні Көкпекті бөгеті бұзылып, 351 адам зардап шеккен. Бес адам қаза тауып, ондаған адам түрлі жарақат алып, суық тигізген, жүздеген үй бүлінген болатын. Сараптама Көкпекті бөгетінің бұзылуының негізгі техникалық себебі – "су ағызғыштың дұрыс істемеуі салдарынан судың арнасынан асып кетуі" деп тапқан. Болжам бойынша, апат бөгетті қайта жаңарту кезінде тиісті талаптардың орындалмауынан болған.

СУДЫҢ АРЫНЫ

Апелляциялық сот шешімінен кейін зардап шегушілердің еңсесі тіпті түсіп кетті. Бұқар жырау аудандық соты шығарған үкіммен келіспеген 20-дан аса адам облыстық сотқа шағымданған. Зардап шегушілер арыздарында үйлерін жөндеу үшін - материалдық, ал су тасқыны болған күнгі күйзеліс үшін моральдық шығынды өтеуді талап еткен.

2014 жылғы наурыздың 31-іне қараған түні біреулер эвакуацияға дер кезінде үлгеріп, ал біреулердің мұздай суға тұншығып, жаны әрең қалғанын, енді біреулер үйдің шатыры немесе шифонеьердің үстінде қамалып отырғанын, сол түні бес адам мерт болғанын ауыл тұрғындарының көбі әлі күнге түршіге еске алады.

Су басқан үйдің қабырғасы мен едені. Қарағанды облысы Көкпекті ауылы, 2016 жылдың маусымы.
Су басқан үйдің қабырғасы мен едені. Қарағанды облысы Көкпекті ауылы, 2016 жылдың маусымы.

Су тасқынынан төрт жасар ұлы, күйеуі және өзі аман қалған Виктория Онищук зиянды өтеуді ары қарай да талап ете беретінін айтады. Ол талап-арызында бүлінген үйін жөндету үшін төрт миллион 200 мың теңге (сметаға сәйкес) және моральдық зиянның өтеуі ретінде тағы бір миллион теңге талап еткен.

- Ұзақ ауырып, емделдім. Ал үйдің 40 пайызы ғана жөнделді, қалғанын қалпына келтіруге ақша жетпеді. Жалақымыздың жартысына жуығын үйді жөндеуге алған несиені төлеуге беріп отырмыз. Кезінде қоғамдық қордан 750 мың теңге бөлген, бірақ әлгі ақша ештеңеге жетпеді, оның үстіне, сатушылар басымызға түскен ауыртпалықты пайдаланып, құрылыс материалдарының бағасын бірден көтеріп жіберді. Сумен келген мұз кесектері соғылып, үйдің ішкі қабырғалары қақырап, едені түсіп қалды, терезелерінің быт-шыты шықты. Еденді ауыстырып үлгермедік, ол әлі кеппеген, үйде сыздан кейде бу көтеріледі - дейді Виктория Онищук Азаттыққа.

БАЛ ОРНЫНА - БАҚА

Зейнеткер Раиса Рябчихинаның үйінен өзге дүниесі де зардап шеккен. Ол нәпақа айырып отырған малы мен бал араларынан айырылған.

- Суға батып кеткен бес сиырдың өтемақысын төледі, ал «төлейміз» деп уәде бергенімен, күн көріп отырған араларым үшін ештеңе төлеген жоқ. Араларым үшін тіпті соттасып та көрдім, бірақ одан ештеңе шықпады. Ал бүлінген үй үшін өтемақы өндіру мүмкін емес. Күткенімізге үш жылға айналды. Билікке талай бардық, «Үкімді күтіңдер» деп шығарып салады. Екі сот болды, ал зиянды өтеу мәселесі сол күйі шешілмей қалды. Вокзалда тұрып жатқандаймыз, еден астында бақа бақылдайды, үйдің іші әлі сыз, тынысың тарылады, - дейді Раиса Рябчихина.

Су бөгеті бұзылған кезде жапа шеккен Көкпекті ауылы тұрғыны Татьяна Кузнецова.
Су бөгеті бұзылған кезде жапа шеккен Көкпекті ауылы тұрғыны Татьяна Кузнецова.

Көкпекті ауылы тұрғындарының айтуынша, жұрт арасында енді зиянды өтеу жайлы екіұшты пікір тараған.

- Қолдау қорынан ақша қалай бөлінгені де түсініксіз. Үйлерін сүріп тастағандарға, құдайға шүкір, жаңа үй салып берді. Ал қалғандарымызға, кей үйлер апатты жағдайда болғанымен, жөндеуге ақша жетпеді, - дейді Татьяна Кузнецова.

Көкпектінің тағы бір тұрғыны Нүрия Хуснутдинова үйін жөндеуді үш жылдан бері бітіре алмай тағы несие алуға мәжбүр болған. Ол үйдің едені көтеріліп, қабырғалары қақырап кеткенін, ал үйдің асты әлі көлкілдеген су екенін айтады. Нүрия Хуснутдинова ертеректе мамандар есептеген смета бойынша моральдық зиянды - бір миллион теңге, ал материалдық шығынды екі миллион 300 мың теңге деп бағалаған.

ЗАҢГЕР ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУ ҚАЖЕТТІГІН АЙТАДЫ

Қазақстандық заңгер Әбілда Әбдікәрімов Көкпекті бөгеті бұзылу салдарынан зардап шеккен тұрғындарға бүкіл жайтты баяндап бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне хат жазуға және хатқа сот үкімін қоса тіркеуге кеңес береді.

- Адам өліміне соқтырған салақтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды, сосын зиянды өтеуді талап ету керек. Ал іс азаматтық сотта қаралса, келтірілген зиян көлемін ұзақ дәлелдеуге тура келеді. «Ипподром» деген ұғым бар, яғни жұртты сандалтып қояды, сондықтан заңды білмейтін адам жылдар бойы соттасуы мүмкін, - дейді заңгер.

КРЮЧКОВТЫҢ ЖАЗАСЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ

Апелляциялық сот қаулысына су қоймасын жалға алған, Көкпекті бөгетінің бұзылуына қатысты қылмыстық істегі негізгі айыпталушы Владимир Крючков қана қуанған тәрізді. Оның үкімі жеңілдетілді. Крючковке тағылған айыптар қатарынан түрмеге кесу жазасы қарастырылған «Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамай, абайсызда адам өліміне немесе басқа да ауыр зардаптарға әкеп соқтырды» деген бап алынып тасталды. Үш жылға сотталып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеудің орнына Владимир Крючковке бас еркіндігін екі жылға шектеу жазасы кесілді.

2014 жылы су басып бүлінген үйлердің орнына салынған үйлер. Қарағанды облысы Көкпекті ауылы, 20 маусым 2016 жыл.
2014 жылы су басып бүлінген үйлердің орнына салынған үйлер. Қарағанды облысы Көкпекті ауылы, 20 маусым 2016 жыл.

Іс бойынша «ауыр зардапқа соқтырған салақтық танытты" деп айыпталып, бірақ сот "мерзімі өтіп кетуіне" байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған тағы екі айыпталушы - аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің экс-бастығы Ришат Жантөлеков пен Көкпекті ауылының бұрынғы әкімі Бақытжан Смаиловтың үкімі өзгеріссіз қалды.

XS
SM
MD
LG