Accessibility links

Көкпектідегі тасқыннан адамдар мерт болды


Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданындағы су тасқыны салдары. 31 наурыз 2014 жыл. (Сурет bnews.kz сайтының Твиттердегі парағынан алынды.)
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданындағы су тасқыны салдары. 31 наурыз 2014 жыл. (Сурет bnews.kz сайтының Твиттердегі парағынан алынды.)

Наурыздың 31-іне қараған түні Қарағанды облысы Көкпекті ауылындағы су тасқынынан бес адам қаза болғаны туралы хабарланды. Ондаған үйді су басып, жүздеген тұрғын көшірілген.

Наурыздың 31-іне қараған түні Қарағанды облысы Көкпекті су қоймасындағы бөгет бүлініп, сол маңдағы Көкпекті ауылының ондаған үйін су басқан.

Дүйсенбі күні Бұқар Жырау ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Көкпекті ауылында табиғи апат кесірінен 5 адамның қаза болғаны туралы ақпаратты Азаттық тілшісіне растады. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір су деңгейі бұрынғы қалпына түскен, ауылда тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін төтенше жағдайлар қызметі табиғи апат аймағынан құтқару шаралары кезінде төрт адамның денесі табылғанын хабарлаған еді.

Астана уақытымен сағат 16.30 кезінде Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Көкпекті ауылының тұрғыны Мереке Әукешев хабар-ошарсыз кеткен адамдардың бар екенін жеткізді.

- Ауылдың сыртында үлкен көл бар еді, кеше түнгі сағат екі жарым шамасында арнасынан асып, бөгетті бұзып кетті. 150-дей үйді су басып, есіктің алдындағы малдың бәрі қырылып қалды. Бес адам өлді деген сөз бар, хабарсыз кеткен бірнеше адам әлі табылған жоқ. Судың деңгейі біздің үйдің қасында 2,5-3 метр, үйімнің ішінде - 2 метрдей болды, үй мүлде жарамай қалды. Құтқару жұмысы таңғы 5-тен басталған, бәрі көмектесіп жатыр. Үстіміздегі киімнен өзге ештеңе қалған жоқ, әзірге шығынымызды есептеген жоқ, - деді Мереке Әукешев.

Азаттық тілшісімен сөйлескен жергілікті тұрғын Гүлнәр Серікқызы да су апатынан көп мал қырылғанын растады. Ауыл әкімі Бақытжан Смайыловтың айтуынша, Көкпектінің жоғарғы жағындағы үлкен бөгетке толған жауын-шашын суы бөгеттің қабырғасын бұзып, Көкпекті өзенін тасытып жіберген. Тасқынның кесірінен өзен жағасындағы үйлердің кейбірі қираған.

"Өлген мал көп, судың астында қалып қойған, қазір құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр" деді Көкпекті ауылының әкімі Азаттыққа дүйсенбі күні тәуліктің бірінші жартысында.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бөгетті су шайып кету қаупіне байланысты жергілікті билік органдары Көкпекті ауылының өзен жағасында тұрған 70 үйді 210 адамымен бірге, Сортировка кентінің 30 үйін 150 адамымен бірге көшіріп, туған-туыстары мен мектеп ғимараттарына орналастырған. Көкпекті және Нұра өзені жағасындағы барлық елді мекендерге су тасқыны туралы хабар берілген.

"Қазіргі уақытта 11 техника және 44 адамнан құралған құтқарушылар жұмыс істеп жатыр, Көкпекті ауылының 125 тұрғыны құтқарылған. Сонымен қатар 30 адамнан құралған 10 медициналық бригада көмекке келген" деп жазылған облыс әкімдігі таратқан ақпаратта.

Бұған дейін төтенше жағдайлар министрлігі наурыздың 30-ы күні сағат 18.30-дан бастап қойма шлюзі суды қажетті мөлшерде сыртқа өткізіп үлгермегендіктен, су бөгеттің ернеуінен асып төгіле бастағанын хабарлаған еді.

Ресми ақпарат бойынша, табиғи апаттан Көкпекті ауылындағы 810 үйдің 100 шақтысын су басқан.

Қазір ауылда төтенше оқиға салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда көктем айында су қоймаларының бұзылып, маңындағы ауыл-айымақты сел боп басу оқиғалары ара-тұра болып тұрады. Тұрғындар көп жағдайда апат туралы алдын-ала ескертпеген орталық және жергілікті билік өкілдерін кінәлап жатады.

2010 жылы наурыздың 12-сіне қараған түні Алматы облысындағы үш жарым мыңдай тұрғыны бар Қызылағаш ауылында тасқын су қойманы бұзып шығып, селден 45 адам қаза болған еді. Бұл төтенше оқиғаға байланысты орталық үкімет пен жергілікті билік тармақтарының бірнеше өкілі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталған болатын.
XS
SM
MD
LG