Айтыскерлер арасында «киллер» деген аты бар түркістандық Бегарыс сөзін саясат туралы бастап:
- Жүкеңе мен бір ақыл айтайыншы,
Осы сөзім шындыққа жанасады.
Бұл айтысты «Нұрайтыс» деп атасақ,
Күнімен қыздырар ек тамашаны.
Құр отанды «Нұротан» жасағандай,
Айтысқа да «нұр» сөзі жарасады.
Алғашқы «Нұрайтысты» мем (мемлекет – ред.) бергенде,
Сонан соң барлық әкім таласады, - деді.
«Нұр Отан» туралы сөзін ақын ары қарай Жаңаөзенге бұрып:
- Рас болар жылатқаны мұнайшыны,
Жеті ай бойы мұң-зарын оқымастан.
Елбасымды ол жаққа жібермепті,
Қай-қайдағы біреулер ақылы асқан.
Өзіңнің патшаңменен қандай азап,
Қан төгіп одан кейін қатынасқан.
Өкімет енді келіп езеуреп тұр,
Есігін Маңғыстаудың тосып ашқан.
... Оқ атқан өкіметіңе өкпелеме,
Қайтадан жігер жина жасымастан.
Соры қалың халықтың өкіметінің,
Беті қалың болады екі бастан, - деді.
Ал Бегарыстың қарсыласы Төреғали Жаңаөзен тақырыбын жалғастырып:
- Мұнайшылар салам деп Астанаңды,
Жер қазып қаншама уақыт дедектеді.
Салатын Астананы салдырып ап,
Соларға оқ атардай не жетпеді?
Өзге емес балағыңнан алып жатқан,
Өзімнің ауылымның төбеттері.
Жаныма бататыны өзге емес,
Өзімнің мылтығымнан оқ өткені.
Сол мұнай Астанаңа ажар қосып,
Демеуші боп тұрмап па еді, демеп тегі.
Ажарыңды кіргізген қайран мұнай,
Ажалыңның боп қалды-ау себепкері, - деді.
Айтыстың радиолық нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.