Accessibility links

Бақылаудан кеткен лифтілерде оқыс оқиғалар көбейді


Көпқабатты тұрғын үйдегі лифтіде мерт болған Айзат Әбдісаматты ақтық сапарға шығарып салу. Ақтөбе, 7 сәуір 2018 жыл
Көпқабатты тұрғын үйдегі лифтіде мерт болған Айзат Әбдісаматты ақтық сапарға шығарып салу. Ақтөбе, 7 сәуір 2018 жыл

Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйдегі лифтіде опат болған Айзат Әбдісаматты сенбі күні жерледі. Тұрғындар техникалық жағдайы мемлекеттік органдар тарапынан бақылаусыз қалған лифтілердегі қайғылы оқиғалар қайталана ма деп қорқады.

Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйдегі лифтіде опат болған жергілікті телеарна журналисі Айзат Әбдісаматты сәуірдің 7-і күні ақтық сапарға шығарып салды. Айзат аз уақыт тұрған және қайғылы оқиға болған үйдің жанында өткізілген жаназа рәсіміне марқұмның туған-туысы, дос-жараны мен әріптестері - барлығы 300-ден аса адам жиналды.

27 жасында қазаға ұшыраған келіншекпен қоштасу кезінде қайғыдан қатты әлсіреген кейбір туыстарына жедел жәрдем шақыруға тура келді.

Тұрғын үйдегі лифтіде қаза болған журналист Айзат Әбдісаматпен қоштасуға жиналған адамдар. Ақтөбе, 7 сәуір 2018 жыл
Тұрғын үйдегі лифтіде қаза болған журналист Айзат Әбдісаматпен қоштасуға жиналған адамдар. Ақтөбе, 7 сәуір 2018 жыл

Айзат Әбдісаматты Ақтөбе қаласының іргесіндегі зиратқа жерледі. Марқұмның артында үшке толмаған қызы мен жұбайы қалды.

ЕСКІ ЛИФТІДЕГІ ҚАЗА

Қайғылы оқиға Ақтөбе қаласындағы 12-ықшамауданындағы он қабатты №19 үйдің 2-подъезінде сәуірдің 4-і күні кешкі сағат тоғыздар шамасында болған. Үйдің алтыншы қабатында тұратын жергілікті телеарна журналисі Айзат Әбдісамат лифтіге кірген кезде аяқ астынан ажал құшқан.

Айзат Әбдісамат қазаға ұшыраған лифт. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл
Айзат Әбдісамат қазаға ұшыраған лифт. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл

Болжам бойынша, ол кішкентай қызымен бірге кіре бергенде кенеттен қатты қозғалып кеткен лифт есігі келіншекті қысып қалған. Лифтінің ішінде жан тапсырған Айзат Әбдісаматтың жанында қалып, шошып жылаған баланы біршама уақыттан соң тұрғындардың шақыруы бойынша жеткен құтқарушылар алып шыққан. Ауруханаға жеткізілген сәбидің денсаулық жағдайын тексерген дәрігерлер оған қауіп жоқ деп хабарлады.

Азаттық тілшісі қайғылы оқиға болған күннің ертесінде үй тұрғындарына жолықты. Ажалға себеп болған лифтінің жұмысы тоқтатылған. Қаза болған келіншек тұрған алтыншы қабатта лифтінің есігін диванмен жауып қойыпты.

Ешкім де ескі лифтінің жауапкершілігін мойнына алғысы келмейді. Наурыздың 30-ы күні бұл лифтінің тросын өз күшімізбен ауыстырғанбыз. Жүріп тұрған еді...

Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын салынған көпқабатты үйдің тұрғындары ғимаратқа қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативі – "Жаңабек-Сервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тозығы жеткен лифтінің ақауы бары туралы бұған дейін бірнеше рет ескерткендерін айтады.

- Мен де алтыншы қабатта тұрамын. Лифт қызметін жиі пайдаланамын. Бірақ бұл лифтінің жүргенінен тұрғаны көп. Пәтер иелері кооперативі "қосалқы бөлшек жоқ", "анау жоқ, мынау жоқ" деп қырық түрлі сылтау айтады, - дейді қайғылы оқиға болған үйдің тұрғыны Мақпал Аймашева.

"Жаңабек-Сервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрағасы Кенен Жаңабеков. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл
"Жаңабек-Сервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрағасы Кенен Жаңабеков. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл

Бұл үйге қызмет көрсететін "Жаңабек-Сервис" ЖШС төрағасы Кенен Жаңабековтің айтуынша, көпқабатты ғимарат серіктестік қарауына осыдан үш жыл бұрын, 2015 жылғы сәуір айында өткен. Серіктестік бұдан бөлек көпқабатты тағы 18 үйге қызмет көрсетеді.

ЖШС басшысы тұрғынның ажалына себепкер болған лифтінің техникалық жай-күйі туралы құжаты жоқ екенін және лифтіге арнайы мамандары бар мекеменің техникалық қызмет көрсетпегенін айтады. Ол қаладағы көпқабатты ғимараттардағы лифтілерге техникалық қызмет көрсететін мекемелер тозған лифтілерді жөндеуге құлықсыздық танытады деп ақталды.

- Ешкім де ескі лифтінің жауапкершілігін мойнына алғысы келмейді. Наурыздың 30-ы күні бұл лифтінің тросын өз күшімізбен ауыстырғанбыз. Жүріп тұрған еді... Не болғанын түсіндіре алмаймын, - дейді Кенен Жаңабеков.

"Жаңабек-Сервис" ЖШС төрағасы Азаттық тілшісіне кооператив қызметі үшін тұрғындардың уақытылы төлем жасамайтыны туралы айта бастағаны сол еді, наразы тұрғындар шулап қоя берді.

12-ықшамаудандағы №19 үйдің Бота есімді тұрғыны. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл
12-ықшамаудандағы №19 үйдің Бота есімді тұрғыны. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл

- "Лифт шиқылдап тұр, майлайсыңдар ма, жөндейсіңдер ме, бірдеңе қылыңдар! Тоғызыншы қабатта тұрамын, 80 жастағы қарт анама күнара жедел жәрдем шақырамын" деп алдарыңа қанша рет бардым?! Тыңдадыңдар ма? Жоқ! "Тозығы жеткен" деп қоя саласыңдар. Айына осы лифт үшін 700 теңгеден төлеп отырмыз ғой, - деді өзін Бота деп таныстырған әйел ЖШС басшысына ашулы дауыспен.

Осы үйдің тағы бір тұрғыны Виктория Кручина да "тек ақша жинауды ғана біледі" деп пәтер иелері кооперативін кінәлады. Оның сөзінше, кооператив ай сайын үй тұрғындардан жинайтын төлем ақшаның ішінде лифт қызметін пайдалану ақысы да бар.

Журналист Айзат Әбдісамат лифтіде қаза ұшыраған көпқабатты тұрғын үй. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл
Журналист Айзат Әбдісамат лифтіде қаза ұшыраған көпқабатты тұрғын үй. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл

Көпқабатты үйдің тұрғындары техникалық жағдайына қадағалаушы органдар болмаса арнайы маманданған мекемелер бақылау жасамайтын лифтіні пайдаланудан қорқатындарын айтады.

"ЕШКІМ БАҚЫЛАУ ЖАСАМАЙДЫ"

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қала бойынша көпқабатты ғимараттарда 372 лифт тіркелген. Тұтынуға жарамсыз деп танылған 2 лифт жуырда пәтер иелері кооперативтерінің берген өтініші бойынша басқарманың есебінен шығарылған. Ал қаладағы өзге лифтілердің қазіргі таңда техникалық жайы-күні қандай екенін басқарма басшысы Дастан Аманов айта алмады.

Қазақстанда лифт орнату және пайдалану қызметін көрсету үшін лицензия беру тәртібі 2012 жылдан бастап жойылған. Сол себепті, лифтілердің техникалық жағдайына пәтер иелері кооперативі жауапты дейді шенеунік.

"Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Дастан Аманов. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл
"Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Дастан Аманов. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл

- Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы "Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қадиғаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, лифтіні ақаусыз ұстау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету лифт иесінің құзырына берілген. Біз лифт иелерін, яғни тұрғын үй иелері кооперативтерін тексере де, олардың жұмысын бақылай да алмаймыз. Тек лифт санын тіркеп қана отырамыз. Лифт – техникалық тұрғыдан аса қауіпті нысан. Кооперативтердің олардың жұмысын күн сайын қадағалап отырғанына күмәнім бар, - деді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Дастан Аманов.

Лифт – техникалық тұрғыдан аса қауіпті нысан. Кооперативтердің олардың жұмысын күн сайын қадағалап отырғанына күмәнім бар

Оның пікірінше, бақылау жүйесін қалыпқа келтірмейінше, лифт тұрғындар үшін қауіп көзі болып қала бермек. Лифт – пәтер иелері кооперативтерінің иелігінде болғанымен оны пайдалануға беру және жөндеумен аттестациядан өткен тиісті мамандары бар арнайы мекемелер ғана айналыса алады. Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасында ондай 8 мекеме тіркелген. Бірақ олардың ешбірі Айзат Әбдісаматтың ажалына себепкер болған ескі лифтіге техникалық қызмет көрсетпеген. Дастан Аманов тұрғын қаза болған лифтінің автоматика жүйесінде ақау болуы мүмкін деп болжайды.


Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі лифт кабинасында мерт болған Айзат Әбдісаматтың қазасына байланысты Қылмыстық кодекстің 278-бабының 2-тармағы ("Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан сапасыз салынған құрылыс") бойынша іс қозғалып, соталды тергеу басталғаны және бірнеше сараптама тағайындалғаны туралы хабарлады.

ЛИФТІДЕГІ ОҚЫС ОҚИҒАЛАР

Ақтөбелік 63 жастағы Жайлаубай Медетов журналист Айзат Әбдісаматтың қазасын естігенде күйзеліп, өз басынан өткен оқиғаны еске алғанын айтады.

Медетов 2013 жылғы желтоқсан айында қаладағы "Болашақ" ықшамауданындағы көпқабатты үйдегі лифтінің шахтасына құлап, ауыр жарақат алған. Өз айтуынша, екінші қабаттағы есігі ашылған лифтіге аттап кірмек болған тұрғын көзді ашып-жұмғанша үңірейген шахта түбіне құлап түскен. Кейін лифтінің жұмысына жауапты ұйымның үстінен құқық органдарына шағым түсіргенімен, іс аяғы сиырқұйымшақтанып кете берген.

- Бір жарым ай ауруханада жатып, кейін үш айға жуық прокуратура мен полицияның екі ортасында сандалып жүрдім. Пәтер иелері кооперативіне қарсы қозғалған істің неге сотқа жетпей жабылып қала бергенін әлі күнге білмеймін. Бас амандығына шүкіршілік етіп, одан әрі қуынбадым, - дейді зейнеткер.

Көпқабаттағы үйдегі лифт шахтасы
Көпқабаттағы үйдегі лифт шахтасы

Қазақстанда көпқабатты ғимараттардағы лифтілерде болған оқыс оқиғалар жиі тіркеледі.

Биыл ақпанның 28-і күні Ақмола облысы Ерейментау қаласындағы аудандық ауруханада зейнеткер әйел жүк көтеретін лифтінің шахтасына құлап, зардап шеккен.

Сол айдың 15-і күні Астанадағы "Гранд Астана Элит" кешеніндегі көпқабатты үйде бес адам мінген лифтінің кабинасы төменге қатты жылдамдықпен құлдырап, бірінші қабатқа жетпей тұрып қалған. Абырой болғанда, трос үзілмей, амандар аман қалған.

Қаңтардың 12-інде Қостанай облысы Лисаковск қаласындағы көпқабатты үйде кілт тоқтап қалған лифтіде қалып қойған 16 жастағы бала өз бетімен шыға бергенде кабина жүріп кетіп, жасөспірім сол жерде мерт болған.

Өткен жылы желтоқсанның 31-і күні Астанадағы "Тұмар" тұрғын үй кешеніндегі ішінде сегіз адам болған лифт кабинасы үшінші қабаттан шахтаға құлаған. Әртүрлі дәрежедегі жарақат алғандар арасында балалар да бар.

Азаттық 2008 жылы қазанда Астанадағы "Мәскеу" тұрғын үй кешеніндегі ғимараттың 15-қабатынан лифтінің ашық қалған есігінен шахтаға құлап мерт болған 35 жастағы әйел туралы жазған болатын.

XS
SM
MD
LG