Кемеровадағы қайғылы оқиғадан бір аптадан аса уақыт өтті. Осы аралықта Қазақстандағы сауда орындарындағы қауіпсіздік туралы көп айтылды. WhatsApp арқылы тіпті "31 наурыз ойын сауық орындарына бармай, бойкот жариялайық" деген хабарламалар тарады.
"САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ"
Өткен аптада Алматыдағы ойын-сауық орындарында адамның аздығы байқалды. Көктемгі демалыс болғанына қарамастан оқушылар саны аз көрінді. Балаларымен келген бірнеше ата-ана Азаттық тілшісіне "ойын-сауық орнының қауіпсіздігіне сенетіндерін" айтып жатты.
- Айына бірнеше рет келеміз, оның үстіне қазір каникул ғой. Ресейдегі өрттен жаман әсер алдық. Бірақ мына жерде сенімде секілді, - деді бес жасар ұлын лабиринтке кіргізіп жіберіп сыртта күтіп отырған Әлия.
Әлия өзімен бірге осы күні құрбысы да баласымен келіп, бірге қыдырамыз деп жоспарлағанын айтады. Бірақ құрбысы соңғы сәтте келмейтінін айтыпты.
- "Біздің сауда орталықтарына сенім жоқ, сақтықта қорлық жоқ" дейді құрбым. Бірақ қайда барады, бір-екі аптадан соң бәрібір баласымен келеді ғой, - деді жас ана.
Екі баланың анасы Жазира да ойын-сауық кешеніне келгенімен, көңілі күпті болып тұрды.
- "Апат айтып келмейді" дейді ғой. Қорқамыз, әрине. Бірақ балаларға түсіндіре алмайсыз ғой. Тезірек күн жылынса, сауда орталығына емес, саябақта қыдырамыз ғой, - дейді Жазира.
"АПАТ ЕСІКТЕРІНІҢ ҚАЙДА ЕКЕНІН СҰРАЙДЫ"
Ата-аналардың алаңдап жатқанын ойын-сауық кешенінің өкілдері де растайды.
- Бізге демалыс күндері орта есеппен 100-ден аса, кейде тіпті 200-ге тарта адам келеді. Осы демалыста біршама аздау. Ата-аналар қауіпсіздік шарасы мен апат есіктерінің қайда екенін сұрап жатыр. Мейлінше түсіндіруге тырысып жатырмыз. Біздегі бес ойын зонасында 13 оператор қызмет етеді. Одан бөлек қауіпсіздік қызметі бар. Біз жұмысқа келгенде апатты жағдайда не істеу керектігін онсыз да айтып отырамыз. Алайда соңғы аптада талап пен міндет күшейтілді, - дейді өзін "Айдын" деп таныстырған қызметкер.
Видео: "Кемерово трагедиясы Қазақстанға сабақ болуы тиіс"
Өзге сауда орнының қызметкері Абай да соңғы аптада өзара түсіндіру жұмыстары жүргенін, сауда орталығының ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларына апатты жағдайға қатысты барлық ақпарат ілінгенін айтады.
Бұған дейін сауда орындарындағы балалар ойын-сауық кешенінің жоғары қабатта орналасуы – ондағы жалға алу құнының аздығына байланысты деген пікір айтылған. Балаларға арналған зона үшінші қабатта орналасқан сауда орталығының менеджері Екатерина бұл пікірмен келіспейді.
- Бұл енді жалға алушы адамның таңдауы. Әдетте төменгі қабаттарда бутиктер орналасқан. Ал ойын-сауық кешеніне ауқымды алаң қажет. Сондықтан көп жағдайда олар жоғарыда орналасқан, - деп қысқа қайырды.
"АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК ҚАЖЕТ"
Билік өртке қарсы қызметке елдегі барлық сауда орталықтарын жоспардан тыс тексеруді тапсырды. Адвокат Жохар Өтебеков елдегі кейбір сауда орталықтарындағы апат есіктері мен қауіпсіздік мәселесін бұрын да көтеріп келген. Соңғы аптада ол бұл мәселеге қатысты сауда орталықтарын аралап, қауіпсіздік шараларын тексеріп жүр. Көрген-білгенін күнделікті Facebook желісіндегі парақшасына жариялап отырған адвокат әзірге талапқа сай бір де бір сауда орнын таппағанын айтады.
- Қауіпсіздік жеткілікті дәрежеде емес деп ойлаймын. Өзім инженер болмағандықтан инженерлік-техникалық жағдайы, өрт сөндіру және түтін сейілту жүйесі, [электр] желілері қандай күйде екенін тексере алмаймын. Бірақ эвакуация жоспары, бағыт сілтейтін жарық белгілер, ал ең бастысы, эвакуация кезінде шығатын жолдар мен есіктерге қатысты жұмыстың жайы өте нашар екенін – шығар жолдың бітеліп, есіктердің тарс жабық тұрғанын көрдім. Қауіпсіздікке қатысты ең қарапайым жайттардың өзі сақталмаған болса, бұдан күрделісінің жайы мүлде сын көтермейді-ау деген күдігімді күшейтті. Қазақстанда көпшілік баратын нысандардың ешбірі өрт қауіпсіздігінің барлық талабына толық сай деуге келмейді деген қорытынды жасауға болады. Алматыдағы ірі сауда орталықтарының бірнешеуінде болдым. Кейбірі өте ауқымды жұмыстарды қолға ала бастаса, өзгелері мүлде дайын еместігін көрсетті. Олардағы өрт қауіпсіздігінің жайы сұмдық енді, өкінішке қарай, сынымды қабылдамады, - дейді ол.
Адвокаттың сөзінше, Кемеровода тәрізді төтенше оқиға Қазақстанда қайталануы әбден мүмкін.
- Әрине, мүмкін. Өйткені біздегі барлық жағдай Ресейдегімен ұқсас. Тіпті заңдарымыз да сәйкес келеді. Кемероводағы сауда орталығын келсін-келмесін шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркегендіктен, оны тексере алмаған. Дәл осындай проблема бізде де бар. Бұған қоса, менталитет жағынан да ұқсастығымыз бар, салғырт-салақтық, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің төмендігі, тұрғындардың бойкүйездігі тәрізді нәрселер бізге де тән, - дейді Өтебеков.
Оқи отырыңыз: Шенеунік сөзі шерліні күйзелтті
Адвокат қоғамды әлеуметтік белсенділігін күшейтіп, азаматтық жауапкершілік жүгін арқалауға және қайғылы оқиғалардың алдын алуға шақырады. Оның ойынша, тұрғындар эвакуация жолдарын, шығар есіктерді тексеріп, тиісті орындарға хабарлап тұруы тиіс.
Ресейдің Кемерово қаласындағы "Зимняя вишня" cауда және ойын-сауық орталығында наурыздың 25-інде болған өрттен кем дегенде 64 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Қаза болғандардың 41-і – балалар. Оқиғадан бір апта өткен соң Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев өз еркімен қызметтен кетті. 73 жастағы губернатор облысты 1997 жылдан бастап басқарып келген.