Ақтөбеде маусымның 5-і қарулы топ қару дүкендерін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Шабуылдаушылар қолынан жеті адам қаза тапты: үшеуі – әскерилер, төртеуі – бейбіт тұрғын. Шабуылшы топқа қарсы арнайы операциялар бірнеше күнге созылды. 9 күдікті ұсталып, 18 «содырдың» көзі жойылғаны хабарланды.
Ақтөбе шабуылдарынан кейін билік және қоғам өкілдері Қазақстандағы діни радикализм жөнінде пікір айтуды жиілетті. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 10-ы күні бұл оқиғаны «салафиттер тобының террористік шабуылы» деп бағалады.
Ішкі істер министрі Қалмұхамед Қасымов маусымның 14-інде «шабуылға Сириядағы әлдебір имамнан тапсырма болған сияқты» деп мәлімдеді.
Ақтөбе облыстық ҰҚКД бастығы Нурлан Қыдырбаев маусымның 15-і күні «Ақтөбе облысында исламның радикалдық ағымын ұстанушылар саны - 1655 адам, оның 90-ны - «жиһад» жасауға оңтайлы сәт күтіп жүргендер» деп хабарлады.
Осыған байланысты AzattyqLIVE хабары «Қазақстандағы діни радикализмнің бетін қалай қайтаруға болады?» деген сауалды теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетаймен талқылады.