Accessibility links

«Сирияға кетті» дегендердің тағы бірнешеуі анықталды


Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кенті. 16 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кенті. 16 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақтөбенің Темір ауданынан «Сирияға кетті» делінген адамдардың алтауының аты-жөні белгілі болды. Туыстары олардың да «Египетте дін оқып жатқанын» айтады.

Азаттық тілшісі «Ақтөбе облысының Темір ауданынан Сирияға кетті» деп сипатталған адамдардың алтауының аты-жөнін білді. Олар – немере ағайынды Сабырхан мен Жарасқан Әділхановтар, Руслан Қуанов, ерлі-зайыпты Әсет Амангелдиев пен Әсем Қырқымбаева және сәбилері Хасан.

«ОЛАР ЕГИПЕТТЕ ДІН ОҚЫП ЖАТЫР»

Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кенті тұрғыны, 28 жастағы Жарасқан Әділхановтың анасы Баршын Бүркіттің айтуынша, ұлы 2012 жылы қарашаның 9-ы күні немерелес туысы Сабырхан Әділханов екеуі Мәскеудегі әуежайлардың бірінен ұшып кеткен.

– Оны біз кейін білдік. Ұлым Ақтөбеде пәтер жалдап тұрды. Евроремонт жасайтын (пәтер жөндейтін – ред.). Қанша ақша тапса да, ешқашан жарқырап киінген емес. Сірә, шетелге бару үшін алдын ала қор жинаса керек, – дейді Жарасқан Әділхановтың анасы.

Шұбарқұдық кентіндегі ата-анасына анда-санда хабарласып тұратын Жарасқан Әділханов «Египетте діни білім алып жатқанын» айтқан. Анасы «Жарасқан Сирияға соғысқа кетті» деген сөзге сенгісі жоқ.

– Шылым шегіп, арақ ішпейтін, кісіге қылдай қиянаты жоқ бала қалай қолына қару ұстайды? Мен түсінбейтін бір нәрсе бар. Ол неге, кім үшін соғысуы тиіс? – дейді Жарасқан Әділхановтың анасы Баршын Бүркіт.

Анасының айтуынша, Ақтөбедегі мұнайшылар колледжінің түлегі Жарасқан Әділханов мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, қаржылай қиындықты көп
Шұбарқұдық кентіндегі Досжан ишан мешітінің сыртқы көрінісі. 16 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Шұбарқұдық кентіндегі Досжан ишан мешітінің сыртқы көрінісі. 16 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
көрген. Кейін пәтер жөндеп, ақша таба бастаған. Жарасқанның 5 жастағы қызы мен 3 жастағы ұлы бар. Балалар Жарасқаннан ажырасып, екінші рет тұрмыс құрған аналарының қолында. Баршын Бүркіт жуырда Skype арқылы сөйлесіп отырғанда қызының «Папа, қашан келесің?» деген сауалына Жарасқанның «Әзір емес. Көп күндерден кейін келемін» деп жауап бергенін айтады.

– Соңғы рет сөйлескенінде арғы жақтан бала-шағаның шуылы естіліп жатты. «Сен бала үйленіп алған жоқсың ба? Анау неғылған шу?» дегенімде ұлым «Компьютер клубындамын, мұнда кісі көп» деп жауап берді, – дейді Жарасқан Әділхановтың анасы Баршын Бүркіт.

Баршын Бүркіт Азаттық тілшісіне ұлының Skype логинін бермеді, суретін де көрсеткен жоқ.

Темірлік тағы бір тұрғын Руслан Қуановтың ата-анасы «Египеттен жолданған
Аудандық "Темір" газетіндегі (2013 жылғы 8 қараша) ислам діні туралы мақала. 16 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Аудандық "Темір" газетіндегі (2013 жылғы 8 қараша) ислам діні туралы мақала. 16 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
сурет» деп көрсеткен фотода басында тақиясы бар ұлдары кітап сөресінің жанында отыр. 22 жастағы Русланның әкесі Ербол Қуановтың сөзіне қарағанда, ол кісінің ұлы да Египетке араб тілін үйреніп, діни білім алу үшін кеткен.

– Мен өзім намаз оқымайтын адаммын. Шынымды айтсам, баламнан «Қай университетте оқып жүрсің?» деп сұраған емеспін. Соңғы рет хабарласқанымда әкімшіліктен адамдар келіп кеткенін айтқан едім. Балам «Алаңдамаңдар, мен білім қуып жүрген адаммын» деді. Мен ұлыма сенемін. Ара-тұра есепшотына ақша аударып та тұрамыз, – дейді Ербол Қуанов.

«ЕЛГЕ ҚАЙТАМЫЗ ДЕСЕ, ҚАРАЖАТ БЕРУГЕ ӘЗІРМІЗ»

Жергілікті билік Таяу Шығысқа кеткен азаматтар туралы «жас шамасы 20 мен 35-тің аралығында» дегеннен өзге ақпарат берген жоқ. Олардың біреуі елден – 2011 жылы, үшеуі – 2012 жылы, бесеуі (төрт ересек адам мен бір бала) 2013 жылы кетіп қалған.

Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауовтың айтуынша, балаларының Таяу Шығысқа кетіп бара жатқанын бір-екі отбасы ғана білген,
Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов. Шұбарқұдық, 16 қараша 2013 жыл.
Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов. Шұбарқұдық, 16 қараша 2013 жыл.
өзгелері бұл хабарды ең алғаш аудандық әкімдіктен естіген.

– Таяу Шығыстағы темірліктер елге қайтамыз десе, жолына қаражат беруге де дайынбыз. Діни білім алғысы келсе, «Нұр» университетіне жіберер едік. Араб тілін үйренгілері келсе, маман шақыртуға да мүмкіндігіміз бар. Осының бәрін олардың туыстарымен кездесіп, түсіндірдік. Үйлеріне хат та жолдадық, – дейді Нұржауған Қалауов.

Нұржауған Қалауовтың балалары Таяу Шығыста жүрген темірліктерге жазған хатында: «Ауданның бірнеше азаматы араб елдерінде жүр, бірнеше азаматтың кетуге ниеті бар. Көпшілігі араб елдеріне теологиялық білім алу ниетімен кетуде. Шетелдегі жерлестеріміз аудандағы таныстарымен байланыс кезінде ол жақтағы тұрмыс жағдайымен қызықтырып, сонда барып тұруға да үгіттеуде» деген жолдар бар.

Нұржауған Қалауовтың жұмыс үстелінде дін тақырыбындағы кітаптар мен
Нұржауған Қалауовтың жұмыс үстеліндегі кітаптар. Шұбарқұдық, 16 қараша 2013 жыл.
Нұржауған Қалауовтың жұмыс үстеліндегі кітаптар. Шұбарқұдық, 16 қараша 2013 жыл.
журналдар, басқа да баспа материалдары жатты. Ол Азаттық тілшісінің «Сіздің діни сауатыңыз бар ма?» деген сауалына «Мен қазір почти имаммын» деп күле жауап қатты.

Ақтөбе облысындағы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары 13 қарашада «Темір ауданының сегіз тұрғыны Сирияға соғысуға кеткен» деген ақпарат таратқан еді.

«Сирияда жүрген қазақ жиһадшылары» туралы мәлімет биыл қазан айының ортасында YouTube-те жарияланған бір видеодан кейін тараған еді. Ол видеодағы қазақша және орысша сөйлеген азаматтар өздерін «жиһад жасау үшін бала-шағамызбен бірге Қазақстаннан Сирияға келдік» деп мәлімдеген. Кейін Азаттық ол видеодағы бірнеше ер адам мен жас балалардың расымен қазақстандықтар екенін анықтаған.
XS
SM
MD
LG