Accessibility links

Алматыдағы «жолақ» жолаушылар мен билікке ұнайды


Абай даңғылындағы қоғамдық көлікке арналған жолақ. Алматы, 17 тамыз 2015 жыл.
Абай даңғылындағы қоғамдық көлікке арналған жолақ. Алматы, 17 тамыз 2015 жыл.

Жаз басында Алматының бас даңғылында қоғамдық көлікке арналған алғашқы жолақ іске қосылды. Бұрын елде мұндай тәжірибе болмаған. Қоғамдық көлік жүрісі жеңілдеді, бірақ өзге автомобильдер кептелісі көбейді. Билік эксперимент сәтті іске асты деп санайды.

Алматы қаласындағы №31 маршрут автобусы жүргізушісі Мәдихан Ошақбаев жуырда енгізілген өзгерісті құптап, Абай даңғылындағы сияқты жолақтарды Алматының өзге көшелеріне де енгізуді ұсынады. Орталық даңғыл бойындағы арнайы жолақ екі ай бұрын пайда болған.

- Автобус жүргізушілері үшін өте тиімді: олар тезірек жүретін әрі бір-бірімен жарыспайтын болды. Жуырда «алматылықтардың 75 пайызы діттеген жеріне тезірек жететін болды» деген ақпарат тараған, - дейді Мәдихан Ошақбаев Азаттыққа.

Данияр Тойбатыров, Алматы тұрғыны. 18 тамыз 2015 жыл.
Данияр Тойбатыров, Алматы тұрғыны. 18 тамыз 2015 жыл.

Ал Алматы тұрғыны Данияр Тайбатыровтың пікірі басқа. Оның Азаттыққа айтуынша, кептеліс азаймаған, ал көлік жүргізушілеріне айыппұл салу жиілеген.

Қоғамдық көлікке арнайы жолақ бөлу- әлем елдерінде бұрыннан бар практика. АҚШ-та арнайы жолақтар - 30 жыл, ал Еуропада 20 жыл бұрын пайда болған. Мысалы, Мадридте арнайы жолақтарды қоршап қояды. Ал бізге келсек, Абай даңғылында үнемі кептеліс болатын, енді тіпті көбейіп кетті. Жұрт мұндайға үйренбеген, екінің бірі ереже бұзады, бұрылыста да ыңғайсыз. Бұл даңғылмен мүлде жүрмеуге тырысамын. Қала қазынасын көлік жүргізушілері есебінен толтырғылары келетін сияқты көрінеді, - дейді Данияр Тайбатыров.

Азаттық тілшісі сарапшылардан жаңа өзгерістің тиімділігі және бұл саладағы келешек жоспарлар туралы сұрады. «Колеса» автомобильдер газетінің шолушысы Андрей Тарков:

- Көшелері тар қалада мұндай жолақтар онша ыңғайлы емес. Қоғамдық көлік басқармасының қала тұрғындарының жүріс-тұрысын жайлы етуге тырысқан әрекеттері құптарлық, әрине. Ақыры, автобустың руліне отыратын сауатты адам табу қиын екен, оларды осындай арнайы дәлізбен жүруге көндірсін. Апатты жағдайларды көбінесе автобус жүргізушілері тудырады, - дейді Андрей Тарков.

Газет шолушысының пікірінше, толық тәртіп орнатудың күні әлі алыс болғанымен, «бұрынғы былықтар біраз азаяды».

Қала автобусы. Алматы, 16 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қала автобусы. Алматы, 16 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы қаласы жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы Әсет Төлеуішев бұл пилоттық жоба екенін, қаланың тағы төрт көшесіне осындай жолақтар түсірілетінін айтады.

— Жолақтарды екі ай бұрын жүргіздік, енді ары қарай не болатынын көреміз. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Тұрғындар арасында сауалнама жүргізіліп, жұрттың 60 пайызы бұл жобаны мақұлдап, 30 пайызы қарсы болғанын және 10 пайызы жауап бермегенін білемін. Келешекте қаланың тағы төрт көшесіне арнайы жолақтар жүргізбекпіз, - дейді Әсет Төлеуішев Азаттыққа.

Қала билігі келешекте «Орбита» ықшам ауданынан бастап Жандосов көшесіне дейін, кейін Тимирязев көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін арнайы жолақтар іске қосылуы мүмкін деп хабарлаған.

Автомобильдер газеті шолушысы Андрей Тарков «тар көшелерде кептеліс тіпті көбейетін болса, шенеуніктер әуелі бәрін ойластырып алғаны жөн» дейді.

Алматының қалалық автомобиль инспекциясының баспасөз қызметі жетекшісі Салтанат Қуанышбекқызының Азаттыққа хабарлауынша, екі айда 1 мың 7 адам ереже бұзған, оның ішінде 84 автомобиль айыппұл тұрағына жеткізілген.

Қоғамдық көлік пен жеңіл көлік жүргізушілерінің тәртібі жақсарғанын екі айдың нәтижесі көрсетті.

- Қоғамдық көлік пен жеңіл көлік жүргізушілерінің тәртібі жақсарғанын екі айдың нәтижесі көрсетті. Қоғамдық көліктің жүрісіне кедергі келтірген машиналар автотұраққа қойылды. Жолақтың тиімді екеніне сөз жоқ, ал кемшіліктер болашақта ескеріледі деп ойлаймын, - дейді Салтанат Қуаншыбекқызы Азаттыққа.

Абай даңғылында такси көліктерін қоятын 40 орын бөлінген. Қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүріп, тәртіп бұзғандарға бес айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, ал тұраққа қою ережесін бұзғандарға 10 АЕК (бір АЕК - 1 982 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бөлінген жолақтың ұзындығы - тоғыз километр.

Маусымның аяғында қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ Алматыдағы Солтүстік айналма жолында да іске қосылған. Москвин көшесінен Бөкейханов көшесіне дейін созылатын арнайы жолақтың ұзындығы – шамамен екі километр.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG