«Феникс» фильмін түсірушілерге байланысты іс бойынша айыпталған тоғыз адамның барлығы да негізінен қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімі ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi аса ірі мөлшерде иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша айыпталған.
ҮКІМ
Судья Тәкен Шәкіров қылмыстық іс бойынша айыпталған танымал актер Тұңғышбай Жаманқұловты "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi аса ірі көлемде иемденiп алғаны немесе талан-таражға салғаны үшін" (қылмыстық кодекстің 189-бабы) үшін айыпты деп танып, оған жеті жыл мерзімге шартты жаза тағайындады. Сонымен бірге сот Жаманқұловқа мемлекеттік органдарда басшы қызметін атқаруға бес жылға тыйым салған.
Судья Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылық заңы бойынша Жаманқұловтың жаза мерзімінің жартысы қысқартылатынын хабарлады. Тұңғышбай Жаманқұловқа сот тұрғылықты жерін өзгертпеуді бұйырып, тиісті органдарға хабарламастан басқа елді мекендерге кетуге тыйым салды. Ол бақылау қызметіне 10 күн ішінде тіркелуге міндеттелді.
"Феникс" фильмінің режиссері болған Талғат Жәнібеков жеті жыл шартты мерзімге сотталды және сот шешімімен оған да бес жыл басшы қызмет атқаруына тыйым салынды. Рақымшылық заңы бойынша Жәнібековтің де жаза мерзімінің жартысы қысқартылды. Оған да тұрғылықты жерінен ешқайда кетпеу туралы ескертілді.
"Қазақфильм" компаниясының бұрынғы топ-менеджері Гауһар Ысқақоваға сот «қызмет бабын теріс пайдаланғаны» үшін бір жылға бостандығын шектеу жөнінде шартты жаза кесті. Үкімде оның мүлкі тәркіленетіні және өмір бойы мемлекеттік мекемелерде және өзін-өзі басқару органдарында лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылатыны айтылды. Сот рақымшылық заңы бойынша Ысқақованы негізгі жазасын өтеуден босатты. Осы кезге дейін тергеу абақтысында қамауда болған Талғат Жәнібеков пен Гауһар Ысқақова үкім жарияланғаннан кейін сот залынан бостандыққа шықты.
"Феникс" фильмінің атқарушы продюсері Наталья Юдинаға судья жеті жылға шартты жаза тағайындады. Сот рақымшылық заңы бойынша оның да жаза мерзімінің жартысын қысқартып, бес жылға мемлекеттік мекемелерде және өзін-өзі басқару органдарында басшы қызметін атқару құқығынан айырды. Оған да тұрғылықты жерін өзгертпеу, өзге елді мекендерге рұқсатсыз бармау туралы міндеттелді. Одан үйқамағы бұлтартпау шарасы алынып тасталды.
ВИДЕО: Үкімнің толық нұсқасы (орыс тілінде)
Ғизат Сұлтановқа бес жыл шартты жаза тағайындалып, мемлекеттік органдарда материалдық жауапкершілігі бар қызмет атқаруына үш жылға тыйым салды.
Істегі "өзгенің мүлкін иеленді" деп айыпталған басқа тұлғаларға да шартты жаза берілді. Илья Коробейниковке рақымшылық заңы қолданылып, ол үш жыл тоғыз ай шартты жазаға кесілді және мемлекеттік органдарда материалдық жауапкершілігі бар қызмет атқару құқығынан үш жылға айырылды.
Марлен Әбішевтің де жазасы Коробейниковке кесілген үкіммен бірдей болды.
Ал Бижан Әбішевтің бостандығы бір жылға шектеліп, үш жыл басшы қызметін атқара алмайтын, мүлкі тәркіленетін жазаға тартылды. Ол да мемлекеттік органда материалдық жауапкершілігі бар қызмет атқару құқығынан үш жылға айырылды. Рақымшылық заңымен сот оны жазасын өтеуден босатты.
Данияр Әбдіқадыров шартты жазамен жеті жылға сотталды.
Бұған қоса сот мәдениет және спорт министрлігі талабын ішінара қанағаттандырып, Тұңғышбай Жаманқұловтан 3 миллион 405 мың, Талғат Жәнібековтен – 4 миллион 397 мың, Ғиззат Сұлтановтан – 1 миллион 54 мың, Данияр Әбдіқадыровтан – 9 миллион 636 мың теңге (жиыны - аталған төрт адамнан 18 миллион теңгеден астам) қаражат өндіртіп алу туралы шешім шығарды. Сотталушылардан сот шығындары мен сараптама жасауға кеткен қаржы да өндіріліп алынатын болды.
СОТ ШЕШІМІНЕ ЖАМАНҚҰЛОВ ПЕН АДВОКАТТАР ПІКІРІ
Сот залынан шыққаннан кейін Азаттық тілшісі Тұңғышбай Жаманқұловтың үкімге қатысты пікірін сұраған еді. Қазақстанның халық әртісі үкімге риза емес екенін білдіріп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өкпелегенін айтты.
Тұңғышбай Жаманқұлов
Тұңғышбай Жаманқұлов
Қазақстан халық әртісі, мемлекеттік сыйлық лауреаты. Елге негізінен кино актері ретінде танылған ол «Казақфильм», «Ленфильм», «Өзбекфильм» киностудияларының Совет Одағы кезінде және тәуелсіздік жылдары түсірген «Қан мен тер», «Отырардың күйреуі», «Сардар» сияқты 30-ға жуық фильмдеріндегі негізгі кейіпкерлерді сомдаған. Шетелдік және қазақстандық драматургтердің «Турандот ханшайым», «Бонапарттың үйленуі» сияқты бірнеше спектальдерін қойған театр режиссері, спектакльдерде ойнайтын театр актері.
Жаманқұлов актерлігімен бірге өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ өнер академиясының оқытушысы, «Наз» (2001) және «Сөз» (2008) атты көркем-публицистикалық кітаптардың авторы. «Парасат» ордені иегері, Монреальдың «Фипресси», Нидерландтың «Алтын пластина» сыйлықтарының лауреаты, 2007 жылы Қазақстанның «Жыл адамы» атанды. Қазақ, орыс, қырғыз, өзбек тілдерін біледі.
Ақпараттар Алматы қаласының Мәдениет және архивтер басқармасы сайтынан алынды.
- Президентке деген ерекше азаматтық сүйіспеншілігімнен ешқашан айырылған емеспін, бірақ бұл жолы қатты қапалымын. Жазықсыздан жазықсыз жала жабылып, біреулердің ауызбен айтқан сөзіне бола осынша әділетсіздікке ұшырағанымды өзім үлкен азап деп есептеймін. Өз мемлекетімнен мұнша азап көрем деп ойлағаным жоқ. Мен - кісінің ала жібін аттамайтын қазақ деген халықтың баласымын. Өмірі ондай жасаған емеспін. Еңбек етіп жүріп бір кісінің нәпақасына қол жүгірткен емеспін. .. Осындай жағдайда арнайы үндеу жасаған президентіме үлкен інісі ретінде өкпелімін, - деді актер.
Ал Тұңғышбай Жаманқұловтың адвокаты Бақытгүл Қадырбекова сот шешімі қолдарына тимейінше қазір ешқандай да бір мәлімет айта алмайтындарын хабарлады.
- Қаншалықты дәлелдер болғандығын, сот қандай дәлелдерге сүйеніп шешім шығарғанын бәрін оқығаннан кейін қорғауымдағы адаммен келісіп, сосын бір шешімге келетін шығармыз, - деді ол.
Талғат Жәнібековтың адвокаты Серік Айтбаев үкіммен келісетіндерін айтты.
- Бәріне шартты жаза берді. Ол мойындады бәрін де, сол үшін біз шағым бермейміз, қазір өзі шыққаннан кейін ақылдасамыз. Негізі құтылғанына қуанып отырмыз, - деді Серік Айтбаев.
ПРОКУРОРЛАР СҰРАҒАН ЖАЗА
Сот үкімінен бұдан бұрынғы отырыстарда прокурорлар сұраған жазалардың аздаған өзгерістермен тағайындалғаны, бас бостандығынан айырудың бас бостандығын шектеу шарасымен ауыстырылғаны байқалды.
Мамырдың 22-сіндегі жарыссөз алдында айыптаушы прокурор «Феникс» ісіне» байланысты қылмыстық істі ұйымдастырушы ретінде Тұңғышбай Жаманқұловты атап, оны жеті жыл алты айға бас бостандығынан айыруды, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты оны үш жыл тоғыз айын қалдыруды, бірақ жасы келуіне байланысты шартты жазаға ауыстырып, бостандыққа шығаруды сұраған.
Прокурор судьядан Талғат Жәнібековке – алты жыл шартты мерзімге соттауды, және коммерциялық ұйымдарда бес жылға дейін жетекші қызметін атқару құқығынан айыру;
Гауһар Ысқақоваға – бір жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және мемлекетік мекемелер мен ұйымдарда жетекші қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру, рақымшылық туралы заңға сәйкес жазаның негізгі түрінен босату;
Наталья Юдинаға – жеті жылға бас бостандығынан айыру және рақымшылыққа іліктіріп, шартты жазаға кесу, бес жылға дейін коммерциялық ұйымдарда жетекші қызмет атқару құқығынан айыру;
Данияр Әбдіқадыровқа – жеті жылға бас бостандығынан айыру, кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан бес жылға айыру, оны шартты жазаға ауыстыру;
Ғиззат Сұлтанов, Илья Коробейников, Марлен Әбішев пен Бижан Әбішевтерге екі жылдан бес жылға дейін жаза белгілеп, барлығын шартты жазаға ауыстыру жазасын бұйыруды сұраған.
ВИДЕО: "Феникс" ісі" бойынша сотталушылардың соңғы сөзі. Алматы, 26 мамыр, 2017 жыл
Айыптаушы прокурор зардап шегуші тараптың шағымын ішінара қанағаттандыруды сұраған. Осыған дейінгі сот отырыстарында Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекетке 5 миллион теңге қайтарып бергені, енді 29 миллион 862 мың 167 теңге қайтаруы тиіс екені айтылған. Талғат Жәнібеков мемлекет қазынасына 6 миллион 802 мың 25 теңге, Ғиззат Сұлтанов 2 миллион 915 мың 215 теңге, Данияр Әбдіқадыров 14 миллион 556 мың 794 теңге, Илья Коробейников 3 миллион 489 мың 99 теңге қайтарулары тиіс екені сөз болған.
«Феникс» көркем фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқыруға қатысты айыпталған актер әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов пен ол құрылтайшылық ететін Т.К.Turan Universal Business фирмасына байланысы болған тағы сегіз адамға қатысты сот процесі 2017 жылы наурыздың 9-ы күні басталған. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адам "мемлекеттен кино түсіруге бөлінген 69 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған" деген айыппен сотқа тартылған.