Accessibility links

Тіл мәселесі «Еуразия» телеарнасын сотқа әкелді


"Евразия" бірінші арнасы" телеарнасының сайтынан скриншот. 22 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
"Евразия" бірінші арнасы" телеарнасының сайтынан скриншот. 22 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаматтық белсенді телеарнаны «мемлекеттік тілге қатысты талаптарды орындамай отыр» деп айыптайды. Ал БАҚ өкілі ол пікірмен келіспейді.

Желтоқсанның 22-сі күні Алматы қаласы Әуезов аудандық сотында азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың шағымы қарала бастады.

Нарымбаев «Қазақстанның тіл туралы заңын орындамады» деп «Евразия» бірінші арнасы» телеарнасын, «телеарнаның бұл әрекетіне ешқандай шара қолданбай отыр» деп инвестициялар және даму министрлігіне қарасты байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетін сотқа берген.

Судья Алтынай Жұмабаева жүргізген сотқа жауапкер жақтан «Евразия» бірінші арнасының» заңгері Маргарита Царанбул қатысты, ал комитет тарапынан ешкім келмеді

Судья Азаттық тілшісіне залда суретке немесе видеоға түсіруге тыйым салып, тек аудио жазуға ғана рұқсат берді.

«ЕВРАЗИЯ» ТІЛ ЗАҢЫН БҰЗЫП ОТЫР»

Шағым беруші жақ сотта «Евразия» арнасы тәулігіне бірнеше сағат қана қазақша хабар таратады» деп мәлімдеп, өзінің мемлекеттік тілде ақпарат алу құқықтары бұзылғанын айтты. Ол сөздеріне дәлел ретінде арна бағдарламасының скриншотын көрсетті.

Шағымданушы Ермек Нарымбаев.
Шағымданушы Ермек Нарымбаев.

Ермек Нарымбаев бұған қоса арнаның «ресейлік өнімдерді жиі пайдаланатынына» да наразы.

– Арна «апталық ретрансляция жалпы хабар көлемінің 20 пайыздан аспау керек» деген заңды – «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның 34-бабы талабын орындамай отыр, –деді шағымданушы.

Ермек Нарымбаев судьяға телеарнаның «ақпараттық экспансия жасау арқылы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп отырғаны» жайлы да айтты. Алайда судья мұның шағымға енбегенін мәлімдеп, Нарымбаевтан «шағым шеңберінен ауытқымай, тіл мәселесі бойынша ғана сөйлеуді» талап етті.

«БАҒДАРЛАМА САНЫ ХАБАР ТАРАТУ КӨЛЕМІН КӨРСЕТПЕЙДІ»

«Евразия» арнасының сотқа қатысқан өкілі Маргарита Царанбулдың айтуынша, «телеарна тілге қатысты барлық заң талаптарын орындап отыр». Ол сөзіне дәлел ретінде TNS Central Asia зерттеу компаниясы сарапшысы жасаған талдау қорытындысын судьяға ұсынды. Онда телеарна хабарларының 50 пайыздан астамы қазақ тілінде таралатыны туралы баяндалған.

– Арнада жеке тілшілер ұжымы бар, жеке өнімдер жасалады. Шағым беруші арнаның атына кір келтіріп, жоқ жерден дау-дамай жасағысы келеді, – деді «Еуразия» бірінші арнасының өкілі.

Телебағдарлама саны хабар тарату көлемін көрсете алмайды. Себебі бағдарламалардың ұзақтығы әртүрлі.

Маргарита Царанбул шағымданушы Ермек Нарымбаевтың «арна мемлекеттік тіл туралы талаптарды орындап отырғанына нақты бір күнді мысал ете отырып дәлел келтірсін» деген сөзіне:

– Телебағдарламалардың саны хабар тарату көлемін көрсете алмайды. Себебі бағдарламалардың ұзақтығы әртүрлі, – деп жауап берді.

Маргарита Царанбул «Евразия» телеарнасының бұған дейін «азаматтардың мемлекеттік тілде ақпарат алу құқығы бұзылды» деген шағымға байланысты тексеруге ілікпегенін айтты.

СУДЬЯҒА НАРАЗЫЛЫҚ

Сотта шағым беруші жақ азаматтық іске қосымша жауапкер ретінде Алматы қаласы әкімшілігін, ұлттық қауіпсіздік комитетін, инвестиция және даму министрлігін де тартуды өтінді. Алайда судья бұл өтініштерді қанағаттандырған жоқ. Шағымданушы Ермек Нарымбаев сот барысында судьяға «істі бейтарап қарамады» деп наразылық білдіріп, оны ауыстыруды бірнеше рет өтінді.

– Судьяны ауыстыру туралы өтінішті қазір судья Кокамбекова қарап жатыр. Сондықтан бұл іс бойынша әлі сот шешімі шыққан жоқ, – деп жауап берді сот мәжілісінің хатшысы Төленді Боранов Азаттық тілшісіне.

Бүгінгі соттағы шағымданушы Ермек Нарымбаев – елдегі саяси-әлеуметтік мәселелер жайлы азаматтық шараларға қатысып жүрген белсенді. Ол 2010 жылы мамырда оппозиция жиынында «Назарбаев, кет!» деп ұрандап, сол жылы маусымда «полицейге күш қолданды» деген айыппен төрт жылға сотталып, 2012 жылы ақпанда рақымшылыққа ілініп босап шыққан.

Соттағы жауапкер бұқаралық ақпарат құралы (БАҚ) – 1997 жылы «ОРТ Қазақстан» деген атаумен құрылып, 2001 жылы «Евразия» бірінші арнасы» деп аталған телеарна елдің 478 елді мекеніне хабар таратады. Телеарна сайтындағы дерекке қарағанда, бұл ел аумағының 84 пайызын, ал көрермендер аудиториясының 30 пайызын қамтиды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG