Accessibility links

Газет пен тілші экс-шенеунікке айып төлемек


"Время" газеті киоскідегі басылымдар арасында тұр. Алматы, 1 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
"Время" газеті киоскідегі басылымдар арасында тұр. Алматы, 1 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қарағанды соты басылым мен журналист экс-шенеунікке тигізген моральдық шығынының өтемақысын төлесін деген үкім шығарды. Ал сарапшы «БАҚ-тың міндеті – ақпарат тарату» екенін еске салады.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық 2-соты республикалық «Время» басылымы мен оның тілшісі Ирина Московкаға қатысты шешім шығарды.

Газет пен журналист қала әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин туралы мақаласын жоққа шығарып, одан ресми кешірім сұрап, ар-намысы мен қызметтік абыройына нұқсан келтіргендері үшін 50 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге тиіс.

«ЖУРНАЛИСТІҢ ТЕКСЕРУГЕ МҰРШАСЫ БОЛМАДЫ»

Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин қарағандылық сотқа журналист Ирина Московканың биыл маусымда жарияланған «Не пойман – не вор?» деп аталатын мақаласына байланысты шағым түсірген.

Мақалада қаржы полициясына Қарағанды қаласының сол кездегі архитектура, қала құрылысы мен жер қатынастары мәселесімен айналысатын орынбасары Айдар Телғаринді жемқорлыққа қатысты айыптаған арыз түскені айтылған. Қаржы полициясы сол мәліметтен кейін Телғариннің телефон әңгімелерін тыңдауға көшкенін баяндаған журналист: «Біреулер Телғаринге аңдуда жүргенін ескертіп, қаржы полициясының ісі аяқсыз қалған» деп жазған.

Шағым иесі Айдар Телғарин журналистің бұл мақаласымен келіспей, сотқа шағымданған. Оның айтуынша, қаржы полициясының өзіне қатысты қылмыстық іс қозғамау туралы қаулысы бар.

Менің де туған-туысым, сырқаттанып жатқан анам бар, оларға бұл мақала өте қатты соққы болды.
Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин.

– Ол қаулы тәртіптік кеңеске жіберілген. Кеңес мені жұмыстан босатпау туралы шешім шығарған. Оны әкімге жіберген, әкім де мені жауапқа тартуға негіз жоқ» екенін айтқан. Оның барлығын тексеруге журналистің мұршасы болмады, – дейді Айдар Телғарин.

Ол қала әкімі орынбасары кезінде «журналистермен үнемі әріптес болғанын», бірақ қазір «жағдайды объективті түрде жазбаған соң» көңілі қалғанын айтады.

– Ирина Московкаға да әрқашан құрметпен қарайтынмын. Ал мына мақаласынан кейін... Менің де туған-туысым, сырқаттанып жатқан анам бар, оларға бұл мақала өте қатты соққы болды, – дейді Айдар Телғарин.

Ол журналистен мақаласындағы мәліметті терістеу жайлы өтініші орындалмаған соң сотқа жүгінгенін мәлімдеді.

«БАҚ МІНДЕТІ – АҚПАРАТ ТАРАТУ»

Ал журналист Ирина Московканың айтуынша, оның «тергеу алды тексеруін жүргізген қаржы полициясының құжаттары негізінде жазылған» мақаласында жаңсақ мәлімет жоқ.

– Қарағанды қаласының сол кездегі әкімі «ешқандай заң бұзушылық жоқ» деген шешім шығарды. Әкімнен мұның себебін сұрамақ болған тұста біздегі шенеуніктер жаппай жұмыстан босап жатты да, жауап беретін ешкім болмады, – дейді мақала авторы.

Елдегі сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калиева да қарағандылық соттың журналист Ирина Московкаға шығарған үкімімен келіспейді.

Ешбір ақпарат құралы заң органы емес, олардың міндеті – тек ақпарат тарату.
«Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калиева.

– Ешбір ақпарат құралы заң органы емес, олардың міндеті – тек ақпарат тарату. Бұл жағдайда журналист қоғамға ақпарат берді, – дейді Тамара Калиева.

Қазір Қарағандының өзге қалаларында да журналистерге қарсы соттар өтіп жатыр. Теміртау қалалық сотында адвокат Майя Блащенконың жергілікті «Вечерняя газета» басылымының тілшісі Айнұр Балакешова мен редакцияға қарсы шағымы бойынша сот процесі басталды. Ал Балқаш қалалық соты қала тұрғыны Әділ Ағыбаевтың «Балхашский рабочий» газетінің тілшісі Оксана Живицкаяға қарсы шағымын қарап жатыр.

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының дерегінше, елде «жала жабу» не «тіл тигізу» айыбы бойынша журналистерге шыққан үкім көбейіп кеткен. Биыл алғашқы жарты жылдың өзінде мұндай 12 іс қозғалып, екі іс бойынша айыптау үкімі шыққан. Бұл істердегі шағым берушілердің арасында тергеуші, судья мен депутат сияқты лауазымды тұлғалар да бар.

Қазақстанның құқық қорғау ұйымдары жала жабу мен ар-ожданды қорлау баптарынан қылмыстық жауапкершілікті алып тастауға үнемі шақырғанымен, Қазақстан билігі бұған келіспейді. Бас прокуратура бұл мәселеде «заңдарында жала жапқан адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған Еуропа елдерін» үлгі еткісі келеді. Ал құқық қорғаушылар «Еуропада қылмыстық жазаны іс жүзінде көптен бері қолданбайды» деген уәж айтады.

Қазақстанда бұдан 17 жыл бұрын қабылданып, содан бері көптеген түзетулер қосылған қолданыстағы қылмыстық кодекс 2015 жылдың 1 қаңтарында күшін жойып, елде одан әрі жаңа қылмыстық кодекс қолданысқа енгізілмек.

XS
SM
MD
LG