Accessibility links

Теміртауда адвокат журналисті сотқа берді


Теміртаулық адвокат Майя Блащенко. 2013 жылғы сурет.
Теміртаулық адвокат Майя Блащенко. 2013 жылғы сурет.

Шағымданушы журналистен «жала жапқаны үшін» моральдық өтемақы талап етті. Баспасөзді қорғау ұйымы дерегінше, тілшілерді мұндай айыппен сотқа тарту жиілеп барады.

Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотында адвокат Майя Блащенконың жергілікті «Вечерняя газета» басылымының тілшісі Айнұр Балакешова мен редакцияға қарсы шағымы бойынша сот процесі өтіп жатыр.

Шағымға «Вечерняя газета» басылымында тамыз айының басында жарық көрген «Прокурор подозревается в предвзятом отношении к Майе Блащенко» атты мақала негіз болған. Ол мақалада «пәтер мәселесіне байланысты алаяқтық жасады» деген айыппен сотқа тартылып жатқан адвокат Майя Блащенконың сот тыңдауы жайлы баяндалған еді.

«МЕНІ ҚАРАЛАУ МАҚСАТЫ БОЛМАҒАН ДЕЙ АЛМАЙМЫН»

Адвокат Блащенко «журналист Балакешова сол мақаласында мені қаралады» деп мәлімдеп, одан моральдық өтемақы ретінде 1 миллион 800 мың теңге өндіріп беруді талап етті. Шағым иесі басылымнан «ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірген мәліметін жоққа шығарған хабарлама жариялауын» да сұрайды.

«Автор мақаласында сот шешімі шықпай тұрып тұжырым жасаған» деген Майя Блащенко Айнұр Балакешоваға ескерту айтып, арнайы баспасөз мәслихатын да өткізгенімен жауапкер тарабынан еш әрекет жасалмағанын мәлімдеді.

Журналист: «Жоқ, мен оны сот анықтамаларынан алдым» дейді. Сондықтан бұл – журналистің өз жорамалы.
Адвокат Майя Блащенко.

– Мен журналистен «Тергеу материалдарымен таныстыңыз ба, әлде сізге арнайы прокуратура тергеушілері айтты ма?» деп тікелей сұрап едім: «Жоқ, мен оны сот анықтамаларынан алдым» дейді. Сондықтан бұл – журналистің өз жорамалы, – деді адвокат Майя Блащенко Азаттық тілшісіне.

Шағым беруші журналисті «істі қосымша тергеуге жіберу туралы қаулыны толық жарияламай, тек үзінділерін ғана алған» деп айыптайды.

– Сондықтан ол мақалада мені қаралау мақсаты болмаған деп айта алмаймын, – дейді шағымданушы Майя Блащенко.

«МЕН СУДЬЯНЫҢ СӨЗІНЕ СҮЙЕНГЕНМІН»

Ал жауапкер – журналист Айнұр Балакешова «дау тудырған мақаламда тергеу органдары мен судьяға сілтеме жасадым, өз бетімше қорытынды шығарған жоқпын» дейді. Ол Блащенконың ісін сот шешетінін жазғанын, өзі ешкімді кесімді түрде қылмыскер деп атамағанын айтады.

Мақаланың барлық жерінде «тергеу бойынша», «сот пікірінше» деген сілтемелер бар.
Журналист Айнұр Балакешова.

– Материалда бірнеше мәрте судьяның сөзін келтірдім. Мақаланың барлық жерінде «тергеу бойынша», «сот пікірінше» деген сілтемелер бар, – дейді Айнұр Балакешова.

Ол адвокат Майя Блащенконың өзін «маған қарсы шағымында позициясын дәлелдеу үшін мақаладағы жекелеген сөйлемдерді контекстен бөліп алған, кейде жарым-жартылай сөйлемдер қолданған» деп айыптайды.

– Сот бәрін реттейді деп үміттенемін, – деді журналист Айнұр Балакешова.

Істі Теміртау қалалық сотының судьясы Гүлсара Қалдыбаева қарап жатыр. Келесі сот отырысы қарашаның 19-ы күні өтеді.

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының дерегінше, елде «жала жабу» не «тіл тигізу» айыбы бойынша журналистерге шыққан үкім көбейіп кеткен. Мұндай шағым бойынша 2013 жылы 16 іс қозғалса да, ақпарат құралдарына қатысты бірде-бір айыптау үкімі шықпаған. Ал биыл алғашқы жарты жылдың өзінде мұндай 12 іс қозғалып, екі іс бойынша айыптау үкімі шыққан. Бұл істердегі шағым берушілердің арасында тергеуші, судья мен депутат сияқты лауазымды тұлғалар да бар.

Қазақстанның құқық қорғау ұйымдары жала жабу мен ар-ожданды қорлау баптарынан қылмыстық жауапкершілікті алып тастауға үнемі шақырғанымен, Қазақстан билігі бұған келіспеді.

Бас прокуратура бұл мәселеде «заңдарында жала жапқан адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған Еуропа елдерін» үлгі еткісі келеді. Ал құқық қорғаушылар «Еуропада қылмыстық жазаны іс жүзінде көптен бері қолданбайды» деген уәж айтады.

Қазақстанда бұдан 17 жыл бұрын қабылданып, содан бері көптеген түзетулер қосылған қолданыстағы қылмыстық кодекс 2015 жылдың 1 қаңтарында күшін жойып, елде одан әрі жаңа қылмыстық кодекс қолданысқа енгізілмек.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG