Алматы қаласындағы Майлин көшесінде орналасқан, ресейлік «Газпромнефть» компаниясына қарасты жанармай бекетінде АИ-95 маркалы бензиннің бір литрі 153 теңгеден сатылып жатыр.
Ал қала маңындағы Өтеген батыр кентіндегі екі жанармай бекетінің бірінде осы бензиннің бағасы - 163 теңге, ал екіншісінде - 153 теңге.
Жанармай бекеті қызметкерлері Азаттық тілшісіне маркасы бірдей бензин бағасының бұлайша екі түрлі болуын «жанармай сапасына байланысты» деп түсіндірді. Олардың айтуынша, «құрамында тез және таза жанғыш қоспалары бар бензиннің бағасы - 163 теңге, ал құрамында мұндай қоспалары аз яғни сапасы сәл төмендеу АИ-95/96 маркалы бензин – 153 теңге».
Бензиннің бұл түрі осыған дейін 145 теңгеден сатылып келген еді.
Ресейлік «Газпромнефть» компаниясының Алматыдағы офисіне телефон шалған Азаттық тілшісіне өз аты-жөнін атағысы келмеген компания қызметкері: «153 теңгеден сатылатын бензин әдеттегі АИ-95 маркалы бензин талабына ғана жауап береді. Ал 163 теңгелік бензиннің сапасы АИ-98 маркалы бензин сапасымен бірдей» деп жауап берді.
АИ-95 маркалы бензин Helios және «ҚазМұнайГаз» компанияларына қарасты жанармай бекеттерінде кеше қымбаттаған. АИ-95 маркалы бензиннің бір литрін Helios – 154 теңгеден, «ҚазМұнайГаз» 150 теңгеден сатып жатыр.
Тамыздың 20-сында Алматыдағы Royal Petrol компаниясына қарасты жанармай бекеттерінде АИ-96 маркалы бензин де қымбаттап, бір литрі 153 теңге болды. Компания қызметкерлері басқа бензин түрлерінің бағасы өзгеріссіз қалғанын айтады.
Азаттық тілшісі бензин бағасының өзгеруіне байланысты бәсекелестікті қорғау агенттігіне хабарласқан еді. Агенттік қызметкерлері бұл мәселені білетіндіктерін, бірақ «басшылықтағы ауыс-түйіске байланысты әлі ештеңе шеше алмай жатқанын» айтты.
«Біз оларға ұлттық экономикалық министрлігі арқылы, министрдің бұйрығымен ғана шығамыз. Өз бетімізше ештеңе істей алмаймыз. Өйткені басшылықтар қазір өзгеріп жатыр» деді агенттіктің баспасөз хатшысы Мейіржан Сүлейменов.
Бұған дейін Азаттық Алматыдағы ресейлік «Газпромнефть» компаниясына қарасты жанармай бекеттері АИ-92 маркалы бензинді шектеп сатып отырғаны туралы жазған.
Шілде айының соңында Астанада өткен брифингте Қазақстан мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин тамыз айынан бастап жанармай бағасы айтарлықтай қымбаттайды деген ақпаратты жоққа шығарған. Алайда ол «ғаламдық экономиканың құрамдасы бөлігі болғандықтан Қазақстан отын бағасын үнемі тежеп ұстап отыра алмайтынын» да ескерткен еді.