Accessibility links

Ақтық сапарға азапсыз аттану


Алматыдағы хоспистегі науқас пен дәрігер. 23 қараша 2015 жыл.
Алматыдағы хоспистегі науқас пен дәрігер. 23 қараша 2015 жыл.

Алматы қаласында 1999 жылы салынған Қазақстандағы алғашқы хоспис қазір Паллиативтік көмек орталығы деп аталады. Талай жанның соңғы тұрағы болған бұл мекемеге жылына мыңдаған науқас өмір жолын азапсыз аяқтау үшін келеді.

Алматыдағы хоспис орталығы қаланың шуы аз, тыныш көшелерінің бірінде, өзге медициналық мекемелер жанында орналасқан. Ескі ғимараттың салынғанына талай жыл болғаны көрініп тұр. Бірақ орталық қызметкерлері «мұнда қымбат дәрі-дәрмек, қазіргі құрал-жабдықтар емес, ауыр науқастың көңілін жұбатып, күнделікті күйзеліске төтеп беретін медицина қызметкерлері керек» дейді.

Азаттық тілшілері хосписке кірген кезде науқастар тиісті процедуралардан кейін тынығып жатыр екен. Бізді қарсы алған Паллиативтік көмек орталығының 1-бөлімі меңгерушісі Галина Котова науқастармен әңгімелесуге рұқсат берді.

«АНАМ ДА ОСЫ ХОСПИСТЕ ЖАТҚАН»

Светлана (аты-жөнін толық көрсетпеуді сұрады) жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққанын 2012 жылы білген, бір жылдан кейін операция жасатқан. 42 жастағы оның екі қызы бар, үлкені 20 жаста, кішісі - төрт жасар. Күйеуі оның қатерлі дертке шалдыққанын естіген соң тастап кеткен.

Алматыдағы хоспис палатасында жатқан науқас келіншек. 23 қараша 2015 жыл.
Алматыдағы хоспис палатасында жатқан науқас келіншек. 23 қараша 2015 жыл.

- Кезінде анам да осы хосписте жатып көз жұмған. Мұнда алғаш жіберген кезде шарасыз күйіме көндіге алмай, еңіреп жыладым. Бұл - үшінші рет келуім, бұл жолы өзім сұранып келдім. Өйткені осында бөлімше меңгерушісінің арқасында тынышталып, жақсы демаламын. Қызметкерлері қамқорлығын аямайды, - дейді Светлана.

Светлана «Үйде бәрі аянышпен қарайды, олардың есіркегенін көргенде еңсең тіпті түседі» дейді. Ол кіші қызын енесіне қалдырған.

- Кеше өкіріп жылап едім, бүгін жақсы болып қалдым, мұндай сәттерде дұға оқи бастаймын. Мұнда жақсы кітапхана бар, әдеби кітаптарды көп оқимын. Мұндай диагнозбен өмір сүру қиын: жедел жәрдемді шақырсаң да келмейді, біз сияқты науқастарға кәдімгі емханаларда укол салмайды. Өзімді осы жерде ғана жайлы сезінемін. Біздің диагнозымыз үкім сияқты ғой, - дейді Светлана.

Біздің әңгімемізге осындай диагнозбен жатқан тағы бір науқас әйел қосылды. Ол еңсесін түсірмей, 27 жастағы ұлына шұлық тоқып отыр.

- Ал мен бесінші мәрте келдім, мұнда тіпті 10 күннен кейін қайта келуіңе болады. Өзімді осында жақсы сезінемін, жегідей жеген ойдан аз да болса арылып, жеңілдеп қаласың. Орталық қызметкерлері - тамаша жандар, мұнда мейірімсіз, қатыгез адамдар жоқ, - дейді Марина.

Кейбір науқастардың туыстары диагнозын айтпауды сұрайды, сондықтан олар айықпас дертке шалдыққанын білмеген күйі қайтыс болады. Паллиативтік көмек орталығының бөлім меңгерушісі Галина Котова «Дәрігерлерге мұндай науқастармен жұмыс істеу тіпті ауыр» дейді. Хоспис орталығына жатып шыққаннан кейін науқастардың жан күйзелісі мен тән азабы сәл де болса жеңілдейді. Бөлім меңгерушісі «перзентханада да, кәдімгі ауруханаларда да адамдар қайтыс болып жатады ғой, бірақ бізде бұл – құдайдың жазғаны» дейді.

Паллиативтік орталықтың 1-бөлімі меңгерушісі Галина Котова. Алматы, 23 қараша 2015 жыл.
Паллиативтік орталықтың 1-бөлімі меңгерушісі Галина Котова. Алматы, 23 қараша 2015 жыл.

- Дауасыз дертке шалдыққан науқастармен жұмыс істеу ауыр, әрине. Мұнда жататын науқастар - ауыр операциядан кейін химиялық терапия алған адамдар, кәдімгі стационарлар қабылдамайтын жандар. Олар бізге тән азабын жеңілдететін ем-дом алу үшін онколог дәрігерлердің жолдамасымен портал арқылы келеді, - дейді Галина Котова.

ЕЛДЕ ХОСПИСТЕР ЖЕТІСПЕЙДІ

Бір науқастың күтіміне қалалық бюджеттен айына 86 мың теңге (280 долларға жуық) бөлінеді, науқас хосписте небәрі бір ай ғана бола алады. Орталыққа көбінесе онкологиялық дерттің төртінші сатысына өткен науқастар, СПИД сияқты созылмалы дерті асқынып, емдеуден қайран болмайтын кезеңге өткен жандар, жүрек, бүйрек, тыныс алу органдары және бауыр, жүйке-бұлшық ет қызметі түпкілікті бұзылған науқастар жатады.

- Ең басты принцип – науқастың дерті қандай ауыр болса да, еш қайран болмаса да оның қалған күндерінің азабын азайтып, өмірін жеңілдететін амал табу. Біз науқастың ағзасын кеулеген рак интоксикациясының азабын жеңілдетуге тырысамыз, іштен қан кетуді, адамның лоқсып-құсуын тоқтатамыз, осыдан кейін науқастың тамаққа тәбеті ашылып, жан төзгісіз азабы бәсеңдейді, - дейді Галина Котова.

Әр науқастың жанында қол жетер жерде қызметкерлерді шақыратын түймеше орнатылған. Орталықта мұсылман және христиан науқастар құлшылық етіп, рухани жұбаныш алатын екі бөлме жабдықталған. Бұл үшін волонтерлер де келіп тұрады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Алматыдағы хоспис

Галина Котованың айтуынша, онкологиялық дертке көбінесе әйелдер шалдығады. Әйелдерде - омырау, кіші жамбас қуысы органдарының, ер адамдарда өкпе рагы, қуық асты безінің (простата) қатерлі ісігі жиі кездеседі. Қазір хосписте жатқан ең жас науқас небәрі 19-да екен.

- Науқастардың бәрі көңіл бөлуді талап етеді. Қатерлі ісік дертіне шалдыққандарға тіпті қиын, олар айықпас дертке мойынсұнып, көндігуі тиіс. Мен мұнда орталық ашылған күннен бері жұмыс істеймін, науқастардың соңғы айлары мен апталарын, кейде тіпті ақтық күндерін барынша жеңіл, мүмкіндігінше жайлы өткізуіне көмектесуге тырысамын, - дейді Галина Котова.

16 миллионнан аса халық тұратын әрі қатерлі ісік дертінен жыл сайын орта есеппен 15 мың адам дүниеден озатын Қазақстанда онкологиялық клиникалар мен хоспис орталықтары жетіспейді. Қазір онкологиялық диспансерлер есебінде 140 мың науқас тұр. Қазақстанда паллиативтік қызмет көрсететін маман даярламайды. Хоспис орталықтары Қарағанды, Семей, Қостанай, Өскемен қалаларында бар. Астанада мұндай жеке мекеме жоқ, бірақ онкологиялық диспансерде хоспис үлгісінде ұйымдастырылған бөлім бар.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG