Асымжанға қоңырау шалғанымызда ол зағип жандарға арналған кітапханаға келуімізді өтінді.
Ол кітапхана автобустар тікелей келе бермейтін қуыстау жерде, Бөгенбай батыр мен Ғани Мұратбаев көшелерінің қиылысында орналасқан. Асымжанды кітапхананың кіре берісінде күтіп алдық.
ЗАҒИП ЖАНДАР ӨЗГЕГЕ ЕМЕС, ӨЗ ТҮЙСІГІНЕ ЖҮГІНЕДІ
- Бос уақыт көп шыға бермейді. Бүгін бір жағы сіздерді сылтауратып, екінші жағы кітаптар қарайын деп келдім. Қолым қалт ете қалғанда осында тартамын, - дейді ол.
Қолындағы таяғын екі жағына қарай жылдам-жылдам сермеп, жедел басып келе жатқанын көріп, «автобустармен жүру қиын емес пе, өзіңізге қажетті автобусты қалай білесіз» деп сұрадық.
Моторының (автобустың) дауысына қарап танимыз. Сіздер аңғармағандарыңызбен әр мотордың дауысы әртүрлі ғой, біз үшін түйсік бірінші орында.
- Басқа салған соң бәріне көнесің ғой. Алғашында, енді қалай жүремін, адамдар сыртымнан қарап тұр ғой деп ойлайтынмын. Қазір үйрендік, кейде аялдамада адамдар болса, «Пәленінші автобус келгенде айта салыңызшы» деп ескертіп қоямыз. Болмаса моторының дауысына қарап танимыз. Сіздер аңғармағандарыңызбен, әр мотордың дауысы әртүрлі ғой. Біз үшін түйсік бірінші орында, - дейді ол.
ЖАНАРДАН АЙЫРЫЛУ
Асымжан Хафузов 1979 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Шонжы ауылында туған. Отбасындағы бес баланың ортаншысы Асымжанның айтуынша, үш жасқа дейін көру қабілеті ешкімнен кем болмаған екен. Ал 13 жасқа дейін қарсы алдындағы адамды танып, түстерді ажырата алатын болған.
- Ата-анамның айтуынша, үш жасымда «сварка» жасап жатқан көршінің қасында қарап тұрып қалсам керек. Сонан кейін көзімнен жас аға беретін болған. Қалаға әкеліп операция жасатқаннан кейін бұлдырап болса да көретін еді. Әлі есімде, он үш жасымда ақырғы рет операция жасаттым Алматыда. Оған дейін қарсы алдымдағы адамдарды танып, түстерді ажыратушы едім. Сол операциядан кейін төңірегім түнекке айналды, - дейді Асымжан.
Алматы қаласында орналасқан Островский атындағы №4 арнайы мамандандырылған зағиптар мектебінде білім алған Асымжан қазір сол жерде баян аспабы бойынша дәріс береді.
- Осы мектепті бітіргеннен кейін мектеп директоры менің ешқайда кетпеуімді, осы жерден алған білімімді өзгелерге үйретуімді сұрады. «Кейін жоғары білімді бірдеме қылып бітірерсің. Әзірге осы жерде сабақ бер» деді, - дейді Асымжан Азаттық тілшісіне.
Төрт жыл бұрын Тараздағы педагогикалық университетті сырттай бітіргенін айтқан сұхбаттасымыз «мектептегі табыспен отбасын асырап, пәтерақы төлеу қиын» дейді.
«ӘЙЕЛІМНІҢ БЕТ-ӘЛПЕТІН ДЕ БІЛМЕЙМІН»
Асымжан күндіз мектепте дәріс беріп, кешке кафеге барып ән айтады екен.
- Сейфуллин көшесінің бойынан пәтер жалдап тұрамын. Сосын түнде қайтқанда үйге жақындау болсын деп, Бірінші Алматы темір жол вокзалының маңындағы кафеге музыкант болып орналастым. Әйеліммен де осы кафеде ән айтып жүріп табысқан едім. Ол құрбыларымен бірге кафеге демалуға келген екен. Ішкі жан-дүниемізбен ұғыстық. Әйтпесе оның бет-әлпетінің қандай екенін де білмеймін ғой, - дейді ол.
Асымжан айтып отырған Островский атындағы №4 арнайы мамандандырылған зағиптар мектебі Алматының батыс жақ шетінде, Таугүл ықшамауданында орналасқан. Күнделікті жұмыс кестесін ол былай сипаттайды:
- Кешкі алтыда мектептен шығып кафеге тартамын. Автобуспен жеткенше сегіз болады. Түнгі екіде үйге қайтамын. Бала-шағаны қатарынан кем қылмай өсіру үшін осылайша жанталасуға тура келеді.
Асымжанның айтуынша, көп жерде көзінің кемдігін бетіне басып жұмысқа алмайды, алса да - көп ұзамай шығарып жібереді.
Асымжанның жеті және төрт жасар екі баласы бар.
- Әйелімнің негізгі мамандығы – аспаз. Көру қабілеті өзгелермен бірдей. Маған тұрмысқа шыққанға дейін қаладағы үлкен дәмханаларда істеген. Кейін балалардың қамымен үйде отырып қалды. Бұйыртса, енді кішкентайымды балабақшаға орналастырып, жарымды жұмысқа шығарамын. Үйде отыра беру де оңай емес, - дейді ол.
Кітапханадан шыққан соң Азаттық тілшілері Асымжанды көліктеріне отырғызып, мектепке жеткізіп салған еді.
- Сіздер басқа жолға түсіп кеттіңіздер-ау деймін. Жол мұндай емес секілді болатын, - деді ол.
Расымен де басқа жолға түсіп, қиыс кетіп қалыппыз.
Асымжан Хафузовтың күндіз мектепте жұмыс істеп, түнде кафеде ән айтатыны туралы шағын сюжетті мына жерден көре аласыз: