Балалар үйінің түлегі Светлана Назарованың өмірінде қолы жеткен алғашқы пәтері – Алматы шетіндегі жаңа ықшам аудандағы бес қабатты үйде. Светлананы көшірісуге балалар үйінде бірге тұрған досы Қайыржан Төлеков көмектесіп жүр. «Әуелі жаңа шкафты құрап алайық» деп, екеуі картон қораптардағы заттарды әлі шығармаған.
Светлана Назарова пәтер кезегіне 2010 жылы, Алматыдағы №1 балалар үйінде жүрген кезінде тіркелгенін айтады.
– Ол кезде 15 жаста едім. Балалар үйінде біздің құжаттарымызбен айналысатын әлеуметтік қызметкер әйел болған. Мені және тағы бірнеше баланы пәтер кезегіне қойғанын сол кісіден естігенбіз, – дейді Светлана Назарова.
Қайыржан Төлеков те баспана кезегінде тұр, ол бір бөлмелі пәтерді екі жылдан кейін аламын деп күтіп жүр.
– Жаңа жыл мерекесі қарсаңында біздің балалар үйі түлектерінен Света ғана емес, тағы 20 бала пәтер алды. Олар Светаның үйіне жақын маңда. Қонаққабарып тұрамыз. Мына ықшам аудандағы пәтерлерге газды әлі қоспапты, ал достарымыздың электр пеші бар, сондықтан кешкі асты көбінесе бірге ішеміз, – дейді Қайыржан Төлеков Азаттыққа.
2013 жылғы шілденің 9-ында «Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың баспаналы болу құқығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енген. Заңда жетім балаларға Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген басымдықпен бірінші кезекте баспана беруді қарастыратын норма енгізілген. Заңға түзету енгізілгенге дейін жетім балалар баспана кезегінде тұрған 11 әлеуметтік категорияның ішінде тоғызыншы категорияға кіретін.
ПӘТЕР ҚҰНЫН БӨЛІП ТӨЛЕУГЕ БОЛАДЫ
Светлана Назарованың қолында Алматы қаласы әкімдігі жалға беруші ретінде көрсетілген жалға алу шарты бар. Құжатта баспананы пайдаланғаны үшін ай сайын қанша ақша төлейтіні жазылған. Оның мөлшері – 9020 теңге. Жалға алу сомасы баспана аумағына байланысты белгіленеді әрі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі бекіткен «Төлем мөлшерін есептеу әдістемесіне» сәйкес есептеледі. Светлана Назарованың қолындағы жалға алу келісім-шартында көрсетілген жалға алу ақысы пәтер құнын төлеу сомасына кірмейді.
Светлана Назарованың келісім-шартымен танысып шыққан алматылық адвокат Жангелді Сүлейменовтің Азаттыққа айтуынша, қазіргі кезде тұрғын үй заңы аясында кезекте тұрғандарға берілетін пәтердің екі түрі бар. Оның бірі – кейін жекешелендіруге болмайтын әрі уақытша пайдалануға берілетін баспана. Оның шарты бойынша, баспана жағдайын жақсарту мүмкіндігі пайда болған адам көшіп, пәтер немесе үйді кезектегі өзге адамға қалдырады. Кейде әкімдік пәтер, үйлерді жеке тұлғалардан жалға алады. Екінші түрі – әкімдіктің өз қорындағы баспананы жалға беру. Кейін оны бөліп төлеу құқығын пайдаланып сатып алуға болады. Әкімдік Светлана Назароваға осындай баспана берген.
Жангелді Сүлейменовтің айтуынша, баспананың толық құқылы меншік иесі болу үшін жаңа ықшам аудандағы пәтерлерге қоныстанған Светлана Назарова сияқты балалар үйі түлектері пәтерді жекешелендіру туралы арыз беруі тиіс.
– Олардың құжаттарын тексеретін тұрғын үй комиссиясы құрылады. Ондай баспана әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға берілетіндіктен, мемлекет бөліп төлеуге келіседі. Тұрғын үй комиссиясы жекешелендіру туралы арызды қарап, келісімін бергеннен кейін 10 жылға есептеп, пәтер құнын бөліп төлеу кестесі құрылады. Ал оның көлемі 9 мың теңге емес, одан әлдеқайда көп сома болып шығады. Мысалы, пәтер құны 5 миллион теңге болса, жылына 500 мың теңге төлеу керек болады. Оны 12 айға бөлсек, балалар үйі түлектерінің айына 41 мың теңгеден көп ақша төлеуіне тура келеді, – дейді Жангелді Сүлейманов.
БАЛАЛАР ҮЙІ ТУҒАН ҮЙІНЕ АЙНАЛҒАН КЕЗ
Светлана Назарова кезінде он шақты аса хирургиялық операция жасатып,мүгедек деп танылған. Қазір оның мүгедектік дәрежесін алып тастаған. Бойжеткен сервис және технологиялар колледжінде оқиды. Болашақ мамандығы – шаштараз-визажист. Бір кездері шаштаразда қосымша жұмыс істеп, кәсіптің қыр-сырын үйренген. Қазір клиенттерінің шашын өздігінен қия алады.
Светлана балалар үйінен кеткеннен кейін ересектер өміріне бейімделуі қиын болғанын айтады.
– Психологиялық тұрғыдан өте қиын болды. Көп жыл бір орында тұрып, тәрбиешілер мен достарыңа әбден бауыр басып кеткен кезде өмірің күрт өзгереді. Бізді жасөспірімдер үйіне ауыстырғаннан кейін де көпке дейін балалар үйіне барып жүрдім. Психолог, тәрбиеші апайлардан ақыл-кеңес сұрайтынмын. Ол кісілер маған бір айға бюджет құру, азық-түлік сатып алу сияқты қарапайым нәрселерді үйретті, – дейді ол.
Психолог, тәрбиеші апайлардан ақыл-кеңес сұрайтынмын. Ол кісілер маған бір айға бюджет құру, азық-түлік сатып алу сияқты қарапайым нәрселерді үйретті.
Светлана Назарова жасөспірімдер үйіне ауыстырған кезде өзге балалармен бірден тіл табысып кете алмай, талай жанжалдасқанын айтады.
– Жаңа келген балаларға әлімжеттік көрсетеді, бірақ мен өзімді қорғауды үйрендім. Жасөспірімдер үйінде спорт шаралары, концерттер өтіп тұратын. Бірақ дүкенде кеңесші-сатушының жұмысын тапқаннан кейін бос уақытым мүлде қалмайтын. Колледждегі сабақ пен дүкендегі жұмыстан кейін жатақханаға жетіп, тезірек ұйықтасам дегенді ғана ойлап келетінмін, – дейді ол.
Балалар психологы Алтынай Мырзатаева Азаттыққа берген комментарийінде «балалар үйі түлектері баспана мен өзге материалдық игіліктерге ғана мұқтаж емес, балалар үйінен кеткеннен кейінгі психологиялық-педагогикалық көмекке де зәру болады» деп есептейді.
Балалар үйі түлектерін 16 жасқа толғаннан кейін жасөспірімдер үйіне жібереді. Ол жақта да тәрбиеші, психолог, дефектолог мамандар бар болғанымен, көбі балалар үйіне қайта оралып жатады. Балалар үйіне төрт жасында түсетін жетім балаларға тәрбиешілер анасын жоқтатпауға тырысады. Балалар үйінде олар өздерін жайлы сезініп, ол жерді туған үйін сияқты көреді. Психолог «олар балалар үйіндегі ерекше өмірге, күн тәртібіне, тәрбиешілерге бауыр басып кетеді де, ересек өмірге бейімделе алмай қиналады» дейді.
Алтынай Мырзатаеваның сөзінше, ондай балалар бірінші кезекте баспана мен күнкөріске жететіндей жалақы төлейтін жұмыс тауып алуы керек, одан соң тұрмысын реттеп, қоғаммен қарым-қатынас орнатуды үйренуі тиіс.
Алматы әкімдігі баспасөз қызметі дерегінше, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 2014 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан 60 пәтер, 2015 жылы 59 пәтер берілген. Әкімдік 2016 жылы 151 пәтер бөлгенін айтады.