Accessibility links

Алматы жастары «Жаужүрек мың бала» туралы


«Жаужүрек мың баладағы» президентті атап өту
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:29 0:00

«Жаужүрек мың баладағы» президентті атап өту

Көрермендер 12 миллион АҚШ доллары жұмсалған «Қазақфильмнің» жаңа картинасын «Көшпенділерге» ұқсатып тұрған жалғыз-ақ нәрсе – президенттің кіріспе және қорытынды сөздері екенін айтады.

Өткен аптадан бастап, Қазақстан кинотеатрларында режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» атты тарихи драмасы көрсетіле бастады.

Бұл фильм 18-ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының қиын-қыстау өмірінен сыр шертеді. Сондықтан фильмде соғыс өнері туралы көріністер өте көп. Туындыға жоңғарларға қарсы күресте ересек сарбаздармен бірге елі мен жерін қорғауға бел буған мың жас жауынгер туралы аңыз желісі негіз болған. Фильмнің аяғында жүз жылдық соғысты аяқтап, қазақ халқының жоңғар езгісінен азат еткен Аңырақай шайқасы көрсетіледі.

15 ЕЛДІҢ МАМАНЫ ТҮСІРГЕН ФИЛЬМ

Ресми ақпарат бойынша фильм 2011 жылдың ақпан айынан бастап 90 күн ішінде түсірілген. Түсірілім орны мезгіл-мезгіл ауысып отырған. Әуелі ақпан айында Қапшағай аумағында түсірілсе, көктемде - Шарын шатқалында, кейіннен - Қапал-Арасан өлкесінде, жаз мезгілінде - Қапшағай аумағында, Таңбалы тас шатқалында жалғасқан. Соңғы түсірілім Үлкен Алматы көлінде өтіпті.

Ресми сипаттамада: «Әскери-патриоттық толық метражды экшн жанрының элементтері бар көркем фильмнің бюджеті 12 миллион АҚШ долларын құрайды» деп көрсетілген.

«Жаужүрек мың бала» фильміндегі басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Аян Өтепбергенов пен Әлия Әнуарбек сомдаған. Онда сонымен бірге жанама рөлдерде Тұңғышбай Жаманқұлов, Досқан Жолжақсынов және Ерік Жолжақсынов сынды белгілі актерлар да ойнаған.
"Жаужүрек мың бала" фильмінің плакаты. "Қазақфильм" веб-сайтынан алынды.
"Жаужүрек мың бала" фильмінің плакаты. "Қазақфильм" веб-сайтынан алынды.

Фильмді түсіру жұмысына 15 елдің мамандары қатысқанымен негізгі рөлдерді қазақ актерлары сомдапты.

- Түсірілім жұмыстары басталғанға дейін қаншама қыруар жұмыс жасалды. Актерлер екі ай бойы қызу дайындықтан өтті – шайқасу мәнерлерін меңгеріп, садақтан оқ атып, атқа мінуді үйренді. Картинаның ең негізгі бөлігі – Аңырақай шайқасын екі түсіру командасымен 9 күн бойы түсірдік. Алаңда шайқасқа қатысқандардың жалпы саны – шамамен 1000 адам, олардың 500-і – салт аттылар. Шайқас көріністерінің қоюшысы Тедди Чэн алаңда бізбен бірге жүрді – үнемі ақылдасып отырдық, - деді фильмге арналған баспасөз мәслихаты барысында режиссер Ақан Сатаев.

«МАДАҚТАУ МЫҚТЫ КИНОНЫҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛДЫ»

Бұл фильмді Алматы кинотетрларының бірінен Азаттық тілшісі де көріп, көрермендерден пікірлерін сұрады.

Фильм Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елінің тәуелсіздігі туралы сөзінен басталып, соңында экран бетіндегі мынадай жазумен аяқталады:
«Аңырақай шайқасынан кейін азаттық үшін күрес басталды. Үш ғасырдан кейін Қазақстан бүкіл дүние жүзі мойындаған шынайы Тәуелсіздікке қол жеткізді. Ғасырлар бойы бабаларымыз армандаған жеңіске қазақ елін қол жеткізген - Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев».

Қала кинотеатрларының бірінде өткен сеанстан соң көрермендердің пікірлерін сұраған кезде олардың көпшілігі киноның ұнағанын айтты. Алматы қаласының тұрғыны Дастан Тастанбекұлы:

- Фильмнің соңында Назарбаевтың қазақ еліне тәуелсіздік әпергені туралы сөз болды. Бірақ киноның мықтылығы сондай халық оған мән беретіндей дәрежеде болмады. Сол сөз жалпы автордың немесе «Қазақфильмнің», режиссердің идеясы болған шығар. Билікті, Назарбаевты мақтау үшін. Бірақ мұнысы жүзеге аспайтын сияқты. Себебі, бұл киноның мықты сюжетінің көлеңкесінде қалып тұр, - дейді.
Ол киноның көп жерлерде қазақ тілінде емес, орыс тілінде көрсетіліп жатқанына қынжылады.
Алматылық көрермендер. 14 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет
Алматылық көрермендер. 14 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет

- Орысша дубляжы сауатсыз жасалған. Фильмдегі кейіпкерлердің сөзі бірінші қазақша естіледі де, сосын орысшасы кетеді. Аудармасы нағыз қазақтың көркем сөздерін дәл бояуында бере алмаған. Мысалы, «апа», «қорамсақ» т.б сөздер аударылмай қалады. «Қорамсақ, садақтарыңды жинаңдар» десе (садақтан кейін де басқа қару түрлері айтылады – Д.Т), ар жағынан «собирать оружия» деп қана қояды, - дейді Дастан Тастанбекұлы.

Жадыра Есімбекова атты медициналық университеттің студенті:

- Енді елбасымыз Қазақстанды әлемге танытып жатыр ғой. Қазақстанды бүкіл әлем біліп жатыр. Сондықтан ол кісінің атын киноға жазудың еш артықтығы жоқ деп есептеймін, - деп жауап берді.

Серік Саттархан есімді жігіт:

- Қазір кез-келген бір игі іске елбасының атын қосу үрдіске айналып кеткен сияқты. Бірақ мына «Мың бала» фильмінің соңғы жағында айтылатын қазақ тәуелсіздігі мына «Аңырақай шайқасынан» кейін Назарбаев қана алып берді деген шындыққа жанаспайды. Елбасының еңбегін бәрі біледі. Бірақ дәл осы тұста оның атын киноға жапсыру артық деп есептеймін. Бірақ кинода еңбек көрініп тұр. Режиссерлік жұмыс көрінеді. Актерлық құрамының ең мықты құрам екені көрініп тұр. Жұмсалған қаржының далаға кетпегені көрініп тұр, - деді.

Ал Мақсат Еркінбек есімді көрермен:

- «Көшпенділерде» де осындай (президент туралы сөз – ред.) бар еді. Бірақ бұл фильм одан гөрі озық тұр. Және мұнда өзіміздің қара домалақ балалар ойнаған. Бір ерекшелігі - сол, - деді.

Фильмнің YouTube желісіндегі үзіндісін төмендегі сілтемеден көріңіз.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG