Accessibility links

Түрме бастығы Козловтың «халі жақсы» екенін айтты


Заречный кентіндегі жалпы режимдегі ЛА-155/14 колониясы. Алматы облысы Іле ауданы, 12 қыркүйек 2014 жыл.
Заречный кентіндегі жалпы режимдегі ЛА-155/14 колониясы. Алматы облысы Іле ауданы, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов отырған түрменің бастығы тұтқынның әйелінің қамаудағыларды жаппай ұрып-соғу мен жиі тінтулерге қатысты шағымын мойындамады. Түрме бастығы Азаттыққа сұхбат бергенімен, Козловпен жолықтырудан бас тартты.

Алматы маңындағы Заречный кентінде орналасқан жалпы режимдегі ЛА-155/14 колониясының бастығы полковник Әбілғазы Еділов Владимир Козловтың зайыбы Әлия Тұрысбекованың «оппозиционер Владимир Козловқа жүздеген тұтқынды қарсы қою үшін түрмеде жиі тінту жүргізіліп, тұтқындарды ұрып-соғады» деген шағымын терістейді. Түрме бастығы тұтқындағы саясаткердің әйелі Facebook желісінде жариялаған хабарламаны Азаттық тілшісінің видеокамерасы алдында да жоққа шығарды. Бірақ ол оппозиционердің өзімен жолығуға рұқсат етпеді.

ТҮРМЕДЕ ӨТКЕН КҮН

Азаттық тілшісіне қыркүйектің 12-сі күні Алматы түбіндегі Заречный кентінде орналасқан жалпы режимдегі ЛА-155/14 колониясы бастығынан телефон арқылы емес, тура кабинетінде отырып комментарий алудың сәті түсті. Саяси тұтқын деп танылған Козловтың жағдайын Қазақстандағы және шетелдегі құқық қорғаушылар жіті бақылап отыр. Түрме бастығының Азаттық тілшісін екі-ақ сағат күттіргеніне осы жайттың әсері болған сияқты.

ЛА-155/14 колониясындағы тұтқындарға дәріс беруге бара жатқан мұғалімдер. Алматы облысы Іле ауданы Заречный кенті, 12 қыркүйек 2014 жыл.
ЛА-155/14 колониясындағы тұтқындарға дәріс беруге бара жатқан мұғалімдер. Алматы облысы Іле ауданы Заречный кенті, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Азаттық тілшісі Калашников автоматын асынғанымен, кәдімгі форма киген түрме қарауылдарының ауысу сәтін бақылады. Түрмедегі кезекшіліктен шыққандар ғана (оларды «бақылаушылар» деп атайды) беренді кеудеше мен каска киген.

Колонияға түрмедегі кешкі орта мектепте сабақ беретін бір топ мұғалім кірді. Олардың айтуынша, орта мектепті бітірген тұтқындар кәмелеттік аттестат алады, ал 9-сыныпты бітіргендерге толық емес орта білім алғаны туралы анықтама қағаз беріледі.

Түрме әкімшілігінің Азаттық тілшісі әңгімелесе алған кейбір қызметкерлерінің айтуынша, жуырда жоспарлы жаттығу өткен, бірақ ешкімді ұрып-соқпаған.

Полковник Әбілғазы Еділов Азаттық тілшісімен кездесуінде Әлия Тұрысбекованың Facebook желісіндегі хабарламасын кеше оқығанын айтып, оның әр сөзін терістеді.

ТҰТҚЫН КОЗЛОВТАН ЖЕТКЕН ХАБАР-ОШАР

Әлия Тұрысбекова жуырда Facebook желісінде ұзақ үзілістен кейін ерінің телефон соғуға мұрсат алып, хабарласқанын жазған еді. Тұрысбекованың жазуынша, Козлов «түрме әкімшілігі жиі тінту өткізіп, тұтқындарды ұрып-соғу арқылы оларды маған қарсы қояды» деп шағымданған.

«Түрмедегі жағдай қатты шиеленісіп кеткен. Маска киген әскер кіргізген. Беттеріне маска киген олар тұтқындарды қорқыту үшін қолдарындағы таяқпен қалқандарын ұрып, колонияны қоршап тұрған. Бірақ аяқ астынан әлдебір комиссия келіп қалып (БАҚ-тағы хабарлардан кейін болар), тінтуді кейінге қалдырыпты» деп жазады Әлия Тұрысбекова.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов пен жұбайы Әлия Тұрысбекова. Алматы, 2005 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов пен жұбайы Әлия Тұрысбекова. Алматы, 2005 жыл.

Владимир Козловтың әйелі «мұның бәрі жоғарыдан түскен бұйрықпен жасалып жатыр» деп есептейді.

«Колония әкімшілігі тұтқындардан Володяны қыспаққа алуды талап етеді екен. Әйтпесе бәрін ұрып-соғып, күн көрсетпейді. ҰҚК қызметкерлері мен колония әкімшілігіндегі марионеткалар тұтқындарды Володяға қарсы айдап салғылары келеді, оларға «барлық проблемаларың - соның кесірінен» дейтін көрінеді. Колонияда тұтқындарды күн құрғатпай аяусыз ұрып-соғады. Ешкім ештеңе айта алмайды, таксофон будкаларын құлыптап тастайды немесе тұтқындар тексеруде болған кезде ғана ашық тұрады екен» деп жазады Әлия Тұрысбекова.

Түрме бастығы Әбілғазы Еділов Әлия Тұрысбекованың әр сөзін терістейді. Оның айтуынша, қыркүйектің 11-і күні түрменің жанында жоспарлы жаттығу өткен, бірақ тұтқындарды қорқытып-үркіту мақсат болмаған. Оларды ешкім ұрып-соқпаған. Полковник Әбілғазы Еділовтың айтуынша, әскерді түрмеге тінту жүргізу үшін кіргізбеген.

Түрме бастығы Әбілғазы Еділов: Владимир Козловтың халі жақсы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00
Жүктеп алу

– Жоспар бойынша тінтуді әзірше жүргізген жоқпыз. Тінтуді тоқсанына бір рет жүргіземіз. Өткен аптаның аяғындағы тінту қатаң режимдегі басқа колонияда жүргізілген, – дейді полковник Әбілғазы Еділов.

Азаттық тілшісінің «Козловпен жолығуға бола ма?» деген сұрағына түрме бастығы: «Кездескеніңіз дұрыс болар еді, бірақ басшылық рұқсат етпейді ғой. Оның үстіне кейде тұтқынның өзі де сұхбат беруден бас тартады» деп жауап берді.

Владимир Козлов 2011 жылы мұнайшылардың ұзаққа созылған ереуілі кезінде Жаңаөзен қаласында «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Козлов әуелі Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеде отырған. Ол түрмедегі тұтқындардың ешқайсысы саясаткермен көпке дейін сөйлеспей қашқақтаған. Козловтың жақтастары жаппай бойкотты түрме әкімшілігі ұйымдастырды деп мәлімдеген. Биыл наурыз айында оны Алматы қаласында тұратын отбасына жақын жерге – Алматы облысындағы түрмеге ауыстырған.

Еуропа парламенті Қазақстандағы адам құқығы ахуалына қатысты қарарында «Козлов саяси астары бар себептермен қудаланып отыр әрі оған қарсы қылмыстық іс қолдан жасалған» деп мәлімдеген. Ел билігі бұл айыптаумен келіспейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG