Accessibility links

Қазақстанның Еуропа кеңесіне ұмтылмауын әртүрлі жориды


Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті жарнамасының жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Астана, 2010 жылдың желтоқсаны.
Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті жарнамасының жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Астана, 2010 жылдың желтоқсаны.

Билік «Қазақстан географиялық орнына байланысты Еуропа кеңесіне кіре алмайды» деді. Өзге ұйымдарға келгенде биліктің географияға қарамағанын айтқан сарапшылар мұның себебін адам құқығы мәселесінен іздейді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі алматылық адвокат Джохар Өтебековтен бұл елдің «Еуропа кеңесіне (The Council of Europe) кіру-кірмеуі туралы» хат алғанын Азаттыққа енді ғана растады.

– Ол хатқа сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков жауап бергені рас. Басқа ештеңе айта алмаймыз, – деді министрліктің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов шілденің 23-і күні Азаттық тілшісіне.

«ГӘП – АДАМ ҚҰҚЫҒЫНДА»

Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Джохар Өтебеков Еуропаның 47 мемлекеті мүше Еуропа кеңесіне Қазақстанның қосылу-қосылмауы туралы жолдаған сұрағына сыртқы істер министрлігінен жауап алғанын өткен апталарда жариялаған еді. Оның сөзінше, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков қол қойған хатта «Қазақстан географиялық жағдайына байланысты Еуропа кеңесіне мүше бола алмайтыны» жазылған.

ЕҚЫҰ саммитіне келген мүше мемлекеттер басшылары. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
ЕҚЫҰ саммитіне келген мүше мемлекеттер басшылары. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Бірақ Джохар Өтебеков Еуропа кеңесіне мүше елдердің кейбірінің (мәселен, Ресей мен Түркияның) территориясының көбі Азияда екенін айта келе:

– Қазақстанның еуропалық бөлігі – тұтас Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе мен Атырау облыстарының бөлігі – Германия, Ұлыбритания немесе Италиядан үлкенірек қой. Ал сыртқы істер министрлігі түбегейлі түрде бізді азиялық мемлекет деп санайды, – деп наразылық білдіреді.

Джохар Өтебеков Қазақстанның Еуропа кеңесіне талпынбауын географиялық жағдаймен түсіндіргенге иланбайды.

– Еуропа кеңесіне мүше болмаған соң азаматтарымыз Страсбургтегі адам құқығы бойынша еуропалық сотқа жүгініп қорғана алмайды. Билік осыдан қашып отырған сияқты, – дейді адвокат.

Ол Еуропа кеңесіне мүше болу елдегі қарапайым азаматтарға тиімді екенін, мәселен, ол ұйымға қосылған соң Ресейдің сот-құқық жүйесінде ілгерілеу байқалғанын мысал етті.

Страсбургтегі Еуропаның адам құқықтары сотының ғимараты.
Страсбургтегі Еуропаның адам құқықтары сотының ғимараты.

– Адам құқығы бойынша еуропалық сотқа ең көп арыз-шағымдардың Ресейден түскені де – үлкен көрсеткіш. Сол соттың арқасында Ресейде «ойға қонымды мерзім» ұғымын енгізді. Егер іс уақытында қаралмаса, шағым беруші азамат мерзімді бұзғаны үшін өтемақы ала алады. Бұл судьялардың істерді уақытында қарауына дем береді, – дейді Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Джохар Өтебеков.

«ҚУЛЫҚ» ПЕН «РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫ»

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис те «Еуропа кеңесінің құжаттарында территорияға қатысты шарттар жазылмаған, әрі ол ұйымда басым бөлігі Азияда орналасқан мемлекеттер бар» деп біледі.

Ол Қазақстанның УЕФА-ға (Еуропа футбол қауымдастықтары одағына) және Венеция комиссиясына (Еуропа кеңесінің жанында құрылған Құқық арқылы демократияға еуропалық комиссиясына) мүше екенін айта келе:

– Керек кезде – азиялықпыз, керек кезде – еуразиялықпыз. Қазақстан сыртқы істер министрлігі [Джохар Өтебековке] солай жауап берген кезде сәл қулық жасаған. Мен Қазақстанның Еуропа кеңесіне мүше болуға өтініш беруіне еш кедергі көрмей отырмын, – деді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис «Қазақстан Еуропа кеңесіне мүше болса, адам құқығы саласында зор көмегі тиер еді» деп біледі.

Ал саясаткер Әміржан Қосанов «Қазақстан 1999 жылы Еуропа кеңесіне бақылаушы болуға өтініш беріп, екі жылдан соң өтініші қайтарылған соң ол ұйым Астана үшін жабық тақырыпқа айналған» деп сипаттайды. Саясаткер бұл мәселенің енді бір себебі – «Қазақстанның сыртқы саясатының Ресейге тәуелді сипат алып бара жатқанында» деп болжайды.

– Еуропа кеңесі мен Ресейдің арасындағы салқындық баршаға аян. Еуропа кеңесі Ресейді әсіресе адам құқығының өрескел бұзылуына байланысты қатты сынап, әртүрлі санкциялар жариялады. Бәлкім, осы тұрғыдан алғанда Ресей Қазақстанның Еуропа кеңесіне мүше болуына ниетті емес шығар, – дейді Әміржан Қосанов.

Саясаткер Әміржан Қосанов.
Саясаткер Әміржан Қосанов.

Еуропа кеңесі – адам құқығын қорғауды, демократияны таратуды және Еуропада заң үстемдігін арттыруды мақсат ететін халықаралық ұйым. Еуропа кеңесі пікір айту мен жиын және бұқаралық ақпарат құралдары еркіндігіне, азшылықтың теңдігі мен қорғалуына жақтасады. Ұйым мүше елдердің жемқорлықпен және лаңкестікпен күресуіне, қажетті сот реформаларын жүргізуіне көмектеседі.

1949 жылы негізі қаланған, штаб-пәтері Страсбургте (Франция) орналасқан бұл ұйымға арасында постсоветтік елдер де (Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова, Ресей) бар 47 еуропалық мемлекет мүше. Бұл 47 елдің 28-і – Еуропа Одағының мүшелері.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG