Accessibility links

Белсенді жастар Алматы келбетін сақтағысы келеді


«Алматының архитектуралық коды» рop-up мұражайы көрмесі. Ортадағы үстелде қала тарихының кезеңдері мен архитектуралық стильдері баяндалған. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.
«Алматының архитектуралық коды» рop-up мұражайы көрмесі. Ортадағы үстелде қала тарихының кезеңдері мен архитектуралық стильдері баяндалған. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.

Алматыда тарихи ғимараттарды бұзудан қорғау проблемасына арналған көрме ашылды. Оны ұйымдастырған энтузиаст жастар Алматының 100-ге жуық сәулет нысаны жинақталған каталог та құрастырып жатыр.

УАҚЫТША МҰРАЖАЙ

«Алматының архитектуралық коды» деп аталатын рop-up мұражайы –санаулы күндер, яғни сәуірдің 6-сына дейін Алматы архитектурасы тарихын баяндайтын уақытша көрме. Қазақ-Британ техникалық университеті ғимаратында ашылған көрме «Таймлайн» бөлімінен басталады. Ұзын үстел бетінде жайылған парақтарда қаланың орта ғасырлық қоныстан бастап қазіргі заманға дейінгі тарихы баяндалған. Оның ішінде Верный бекінісінің іргесін қалау, 1887 және 1910 жылдардағы күшті жер сілкінісі, бас арықтың құрылысы (1899), Алма-Ата атауын өзгерту (1921) сияқты Алматы тарихындағы маңызды даталар бар. 1920 жылдардан бастап қазірге дейінгі кезеңдердің конструктивизм, өтпелі кезең (ар-деко), неоклассицизм, жасанды ұлттық архитектура, тағы да өтпелі кезең, советтік модернизм, постмодернизм, эклетика және китч тәрізді бір-бірінің орнын басқан архитектуралық стильдер бөліп көрсетілген.

«Ескерткіштер» бөлімі жергілікті, республикалық маңызы бар ескерткіштер мен ертеректе ескерткіш деп танылған, оның ішінде кейін мүлде жойылған ғимараттар белгіленген карта түрінде жасалған.

«Детальдар» және «Паттерндер» бөлімдерінде Алматыда совет заманында салынған ескі ғимараттарының архитектуралық бөлшектері, паттерндерінің (үлгі) фотосуреттері көрсетілген.

«Алматыда серуендеу» өлкетану сайтын жасаған америкалық Дэнис Кин (газет ұстаған) және Роттердамнан Вьетнамға бара жатып Алматыға соққан оның голландиялық танысы ArchCode Almaty тобы шығарған газетпен танысып тұр. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.
«Алматыда серуендеу» өлкетану сайтын жасаған америкалық Дэнис Кин (газет ұстаған) және Роттердамнан Вьетнамға бара жатып Алматыға соққан оның голландиялық танысы ArchCode Almaty тобы шығарған газетпен танысып тұр. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.

Келушілер әсіресе тарихы қызық ғимараттардың фотосуреттері ілінген архитектуралық екі маршрут тартылған екі стендтің жанына көп жиналды. Бір маршрут конструктивизм және неоклассика, екіншісі постмодернизм үлгілерімен таныстырады.

Неге екені белгісіз, бірақ «Алматының архитектуралық коды» рop-up мұражайын ұйымдастырушылар совет үкіметіне дейінгі салынған ғимараттарға мән бермей, совет заманындағы архитектураны көрсеткен. Мысалы, 1935 жылы салынған, ал қазір балалар спорт мектебі орналасқан ғимарат фотосуретте жойылған деп көрсетілген. Жуырда оның сыртқы қабырғаларын өзге түске бояғаны болмаса, ол әлі тұр.

ARCHCODE ALMATY ТОБЫНЫҢ МАНИФЕСТІ

«Алматының архитектуралық коды» рop-up мұражайын сәулетшілер, тарихшылар, өзге мамандық иелерін біріктірген бір топ жас энтузиастер құрған. ArchCode Almaty – Алматының архитектуралық мұрасын зерттеуге арналған жоба. Оның мүшелері Алматы архитектурасы стандартты емес, ерекше екенін көрсеткісі келеді. Олар жұмысты тарихи-мәдени мұра тізімін зерттеп, сәулетшілермен әңгімелесуден бастаған. Бір жыл бойы энтузиастер 100-ге жуық архитектуралық нысан жиналған каталогпен жұмыс істеген. Жуырда ол баспадан шығаруға дайын болады. Бұдан бөлек, олар Алматының ескі ғимараттары туралы баяндайтын сайт құрастырып жатыр.

«Алматының архитектуралық коды» рop-up мұражайы көрмесі. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.
«Алматының архитектуралық коды» рop-up мұражайы көрмесі. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.

Жобаға қатысушылардың бірі жоба жайлы видеоны көрсететін экраннан сөйледі:

- Ішінде ресми танылған нысандар да бар архитектуралық тізімдер көп. Бірақ тәжірибе әлгі тізімге енген ғимараттардың кейбірін бұзып немесе толықтай өзгертіп жібергенін көрсетеді.

ArchCode Almaty тобы кейбір қолайсыз тақырыптарды қозғап жүргендерін айтады. Каталог құрастырудан бөлек, олар лекциялар, кездесулер, пікірталастар, сәулет серуендерін өткізіп және БАҚ-пен жұмыс істеу арқылы Алматыдағы архитектура тақырыбын насихаттайды.

Осы аптаның аяғында ашылған көрмеге алғашқы келушілердің көбі жастар болды. Бірақ Қазақстан архитектурасының бірнеше ардагері де келді. Азаттық тілшісі олардың ArchCode Almaty жобасы және көрме жайлы пікірлерін білген еді.

Қазақстандық архитектор Спиридон Космириди «Алматының архитектуралық коды» рop-up мұражайы көрмесінде. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.
Қазақстандық архитектор Спиридон Космириди «Алматының архитектуралық коды» рop-up мұражайы көрмесінде. Алматы, 31 наурыз 2017 жыл.

Спиридон Космириди:

- Маған идеяның өзі ұнады. Бұл өте қажет нәрсе, әсіресе жастар үшін. Туындылары жайлы айтып беру үшін ғимарат авторларын шақырса тіпті жақсы болар еді.

Алмас Ордабаев:

- Жастар өте пайдалы шаруа бастаған екен. Олар алматылықтарға архитектуралық мұрамызды жоғалтсақ, қаланың қандай күйге түсетінін көрсетеді. Мұны билікке жеткізіп, ескерткіштерді қорғау туралы шынымен жұмыс істейтін заңдар қабылдау керек. Егер мұндай көрмелерден кейін ескерткіштер тізіміне жаңа ғимараттар енсе, мына еңбек ақталады.

ArchCode Almaty жобасына қатысушы Әнел Молдахметова Азаттық тілшісіне жобаның іске қосылғанына бір жылдан сәл асқанын айтты. Оны құруға 2015 жылы белсенділер қорғап қала алмаған Желтоқсан мен Бөгенбай көшелері қиылысындағы совет заманында салынған тарихи ғимаратты бұзу түрткі болған.

- Біз неге бұлай болды деп ойладық. Әлгі ғимараттың неліктен құнды саналатынын олар дәлелдей алмады, - дейді ол.

Әнел Молдахметованың айтуынша, ArchCode Almaty командасы Алматы әкімдігімен де бірлесіп жұмыс істейді.

Қорғау үшін тізімге барынша көп ғимаратты енгізу керек, біз сол үшін жұмыс істеп жатырмыз.

- Деволеперлердің құрылыс салатын ақшасы бар, қала әкімдігі де мұны құптайды. Қалаға баспана да керек. Бірақ бір жағынан, біз сақтап қалғымыз келетін архитектуралық құнды ғимараттар бар. Қорғау үшін тізімге барынша көп ғимаратты енгізу керек, біз сол үшін жұмыс істеп жатырмыз, - дейді ол.

«Алматының архитектуралық коды» рop-up мұражайы көрмесі Қазақ-Британ техникалық университетінің Пән бастау (базалық) факультеті және «Сорос-Қазақстан» қоры қолдауымен ұйымдастырылған.

XS
SM
MD
LG