Accessibility links

Туыстары кранда қарсылық танытқан жігіттің ісі


Сот үкімімен жеті жылға сотталған Азамат Аязбеков. Жеке мұрағаттағы сурет.
Сот үкімімен жеті жылға сотталған Азамат Аязбеков. Жеке мұрағаттағы сурет.

Азамат Аязбековті түрмеден босатуды талап еткен анасы мен әйелі Астанада кранның басына шығып, жеті тәулікке жуық наразылық білдірді. Бас прокуратура оның заңсыз сотталғанын мойындады.

«Ақша бопсалады және билік өкілдеріне қарсылық көрсетті» деген айыппен жеті жылға сотталған 26 жастағы Азамат Аязбеков жазасын түрмеде өтеп жатыр. Туыстары оны «полиция озбырлығының құрбаны болды, ақша бопсалады деп күдікке ілінгендерге қарсы куәлік етуден бас тартқан Азаматты қылмыстық топқа қатысы бар деп жазықсыз соттады» дейді.

Оның кінәсіз екенін дәлелдеу үшін анасы Бағжан Аязбекова мен әйелі Гүлім Бабақова түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, ақыры төтенше қадамға барды. Әуелі олар қазандықтың мұржасына шықса, екінші жолы жаңадан салынып жатқан көп қабатты үйлердің бірінің жанында тұрған құрылыс кранының басына шығып наразылық танытты. Азамат Аязбековтің ісін қайта қарау туралы бас прокуратураның қарсылық қағазына оның туыстары осындай шарасыз амал арқылы қол жеткізді.

Бас прокуратура «Сот-тергеу амалдары толық жүргізілмей, сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбағандықтан жазықсыз жан сотталған» деген ұйғарыммен Аязбековке шығарылған сот үкіміне қарсылық білдірді. Енді Аязбековтің ісі қайта тергеуге жіберілуі тиіс.

«БИЛІК ӨКІЛДЕРІНЕ БАҒЫНБАДЫ»

Азамат Аязбеков 2010 жылдың көктемінде анасы Бағжан Аязбекова тұратын Көкшетау қаласына келген. Алматыдағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейтін үйлі-баранды жігіттің үш жасар қызы бар.

Аязбековтің әпкесі Динараның айтуынша, 2010 жылы сәуірдің 13-і күні анасының Көкшетаудағы пәтеріне жай киім киген полиция қызметкерлері келеді. Өздерін «Нұр Отан» партиясының қызметкерлеріміз деп таныстырған олар «ақша бопсалады» деп айыпталған бір топ жігітке қарсы куәлік ететін адам іздеп жүрген полицейлер екен. Полицейлердің тілінде мұндай топ «ұйымдасқан қылмыстық топ» (ҰҚТ) деп аталады. Анасы мен әйелі «Азаматтың бұл қылмысқа ешқандай қатысы жоқ» дейді.

– Әлгі ҰҚТ-тың жігіттерін ұстаған кезде тергеушілерге дерек жеткіліксіз болып, жас жігіттер тұрады-ау деген кез келген пәтерге кіріп, адамдарды куә болуға
Жаратылысынан өтірік айтпайтын біздің ұл сонысынан зардап шекті.
шақырған. «Есіміңді құпия ұстаймыз, сені ешкім көрмейді, келіп әлгі жігіттерді көрсетсең, тергеуге көмектесесің» деп үгіттеген. Азамат оларға: «Мен ол кезде басқа қалада болдым, ешкімге жала жаппаймын» деді. Жаратылысынан өтірік айтпайтын біздің ұл сонысынан зардап шекті. «Олай болса, сені де осы топтың ішіне қосып жібереміз» деген полицейлер ақыры өз дегендеріне жетті. Інімді ұрып, оны тамырын қиып жіберуге дейін арандатып тынды. Кейін полицияға алып кетіп, Азаматтың өмірі үшін жауапкершілікті өз мойындарына алмас үшін оған «билік өкілдеріне қарсылық танытты» деген жала жауып, әлгі ҰҚТ-қа қосты да жіберді, - дейді Динара Аязбекова.

Сот үкімінде анасы тұратын үйдің подъезінде сол күні туыстарымен бірге болған Аязбеков қызметтік куәліктерін көрсетіп, тергеуге шақыру қағазын бермекші болған «полиция қызметкерлерінің заңды талабын елемей қойған» деп көрсетілген. Бұдан кейін полицейді балағаттап, қорқытып-үркіте бастаған Аязбеков, ішкі істер басқармасына келуден бас тартқан-мыс. Полицейлер оны аулаға алып шығып, қалалық ішкі істер басқармасына жеткізбек болғанда Аязбеков «қарсылық көрсетіп, жұлқынған».

Үкімде «1-пәтердің есігі ашылған кезде ол кіре берісте тұрған үстелде жатқан пышақты жұлып алып, тамырын қия бастаған. Аязбеков денесіне жарақат салмасын деген мақсатпен полиция капитаны Бектұрғанов оның қолынан пышақты тартып алуға тырысқан. Алайда Аязбеков қолындағы пышақпен оң қолының білезігі мен оң аяғын қасақана кескілей берген» деп жазылған.

Сотталған Аязбековтің туыстарының айтуынша, іс жүзінде бәрі керісінше болған. «Азаматты ұрып-соққан полицейлер оны полицияға ешбір негізсіз мәжбүрлеп әкетті» дейді олар. Сарапшылардың ұйғарымына сілтеме жасаған Азаматтың туыстары «полицейдің денесінде ешқандай жарақат болған жоқ, сызат қана болды, ол медициналық көмекке жүгінбеді» деп мәлімдеді.

«АҚША БОПСАЛАҒАН»

2011 жылдың қаңтарында «ақша бопсалады және билік өкілдерінің қызметіне кедергі келтірді» деген айыппен Азамат Аязбековтің дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі тоғыз жылға қатаң тәртіптегі түрмеге кесілді. Өткен жылдың желтоқсан айында Ақмола облыстық сотының кассациялық сот алқасы Аязбековтің жазасын жеңілдетіп, жаза мерзімін тоғыз жылдан жеті жылға дейін шегерді. Бұған Азамат Аязбековтің анасы мен әйелінің алғашқы қарсылық акциясының ықпалы болды. Өздерімен бірге Азаматтың інісін ертіп алған олар былтыр қараша айында «өзімізді өлтіреміз» деген мәлімдемемен Астанадағы қазандықтың мұржасының басында бір тәулікке жуық отырған еді.

Азаматтың туыстарының айтуынша, оның ешбір жазығы жоқ, әлдебіреулер ақша бопсалады делінген 2009 жылдың шілдесінде ол Көкшетау қаласында болмаған. Бірақ сот үкімінде 2009 жылы шілдеде Аязбеков пен тағы екі жігіт Көкшетаудағы дәмханаға келіп, екі жігітпен төбелескен деп көрсетілген. Олардың бірі «арасында Азамат болған топ «Азаматтың қарындасы яки құрбысы болып келетін
Бағжан Аязбекова (оң жақта) мен келіні Гүлім Бабақова (сол жақта) журналистерге бас прокуратураның жоғарғы сотқа берген қарсылығын көрсетіп тұр. Астана, 4 маусым 2011 жыл.
Бағжан Аязбекова (оң жақта) мен келіні Гүлім Бабақова (сол жақта) журналистерге бас прокуратураның жоғарғы сотқа берген қарсылығын көрсетіп тұр. Астана, 4 маусым 2011 жыл.
әлдебір бойжеткенді жәбірледіңдер» деп бізді негізсіз кінәлады» деген түсінік берген. Келесі күні, яғни 2009 жылы шілденің 13-і күні бір топ адам жәбірленушілерді қала сыртына алып шыққан.

Сот үкімінен үзінді: «Ұйымдасқан топтағы Аязбеков ақша бопсалау мақсатында көліктің жүк салғышындағы спорттық сөмкеден аңшылар ұстайтын шолақ мылтықты алып шығып, Бүрбаевқа берген».

Үкімде «жәбірленушілерді тізерлетіп қойып, ұрып-соққан. Кейін басқа бір белгісіз көлікке отырғызып, оларды саяжай жаққа апарған. Ол жерде жәбірленушілердің «Гулима, егер бізден бір қателік кетсе, кешір» деген сөздері бар видеожазбаны ұялы телефонның камерасына жазып алған» деп көрсетілген.

Сот үкімінде «Бұл видеожазбаны таратпау үшін жәбірленушілердің әрқайсысынан 25 мың теңге талап еткен. Ақшаның бір бөлігі бопсалаушыларға сол күні берілген» деп жазылған.

Алайда Аязбековтің туыстары «ақша бопсалады» деген айып жәбірленушілердің бірінің кереғар түсініктерінен басқа ешқандай дәлелмен айғақталмады» дейді. Олардың айтуынша, әлгі жәбірленуші ІІД-не алғаш жазған арызында ақша бопсалаушылардың бәрінің есімін көрсеткенімен, Аязбековті атамаған. Кейін ол автокөліктің салонында болған адамдардың санынан да жаңылысқан. Туыстарының айтуынша, тағы екі куәгер сотта Аязбековті жыға танымаған, «ұзын бойлы жігітті» көргендерін ғана айтқан.

Бас прокуратураға берген өтінішінде Азаматтың анасы Бағжан Аязбекова оқиға болған мезгіл мен орынның тергеу кезінде де, сот отырысында да аталмағанын жазады. Әлгі шолақ мылтық, әшкерелейтін жазбасы бар телефон мен айыпталғандар жүрген автомобиль де айғақ зат ретінде сотта көрсетілмеген.

Азаматтың анасының айтуынша, қылмыс болған күні, яғни 2009 жылы шілденің 13-інде баласының Алматы қаласында болғанын сот ескермеген. Ол өзінің бастығынан қолхат арқылы қарыз ақша алып, келесі күні дәмханалардың бірінде қызының туған күнін өткізген. Аязбековті «Алматыдағы кафеден көрдік» деген куәгерлер мен даяшының сөздерін сот шындыққа жанаспайды деп есепке алмаған.

АЯЗБЕКОВТЕР ОТБАСЫ

Аязбековтер отбасының төрт баласы бар. Динара мен Азаматтан кіші ұл-қыздары Астанада тұрады. Бұрын Петропавловск қаласында тұрған отбасы 2003 жылы Көкшетауға көшіп келген. Қазір мұнда олардың анасы ғана тұрады.

Азамат Аязбеков пен әйелі Гүлім.
Азамат Аязбеков пен әйелі Гүлім.
«Кезінде болған жеке бизнесімізден де сотқа жүгіреміз деп айырылып қалдық. Азамат сотты болғандықтан, енді ешқайсымыз жақсы жұмысқа орналаса алмай жүрміз» дейді Динара Аязбекова.

– Ештеңеміз қалмады. Әлгі полицейлердің кесірінен жұмысымыздан айырылдық. Бұл айып Азаматқа да, бізге де өмірлік таңба болып қалды. «Ақша бопсалаушылар отбасы» болып шыға келдік. Былтыр мені жақсы бір жұмысқа шақырды. Қауіпсіздік қызметі тексеріп, ақыры «Кешіріңіз, сізді жұмысқа ала алмаймыз» деп шығарып салды, - деді Динара Аязбекова.

Інісін ашық-жарқын, жігерлі жас жігіт деп сипаттаған Динара «Азамат мектепте өтетін барлық шараларға қатысатын» дейді.

БАС ПРОКУРАТУРА: СОТ ДҰРЫС ӨТПЕГЕН

Азамат Аязбековтің үкімін қайта қарауды талап еткен анасы мен әйелі жеті тәулікке жуық Астанадағы құрылыс кранында отырды. Әйелдер бас прокуратураның барлық сот актілеріне қатысты қарсылық қағазы қолдарына тиген соң, маусымның 4-і күні краннан түсті. «Сот-тергеу амалдары толық жүргізілмей, сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбағандықтан жазықсыз жан сотталған» деп тапқан бас прокуратураның талабы бойынша Аязбековтің ісі сот қарауына қайта жіберілді.

Бас прокуратураның қарсылығында «Аязбековтің ақша бопсалаудағы кінәсі туралы сот қорытындысы жәбірленуші Гельманов, куәгерлер Қанафин мен Баймановтың түсінігі негізінде шығарылған. Сотталушы мен оның қорғаушысының қылмыс жасалған күні Азамат Аязбековтің Алматы қаласында болғаны туралы дәлелдері тексерілмеген» деп жазылған.

Жоғарғы сот Азамат Аязбековтің ісі қашан және қайда қаралатынын маусымның 7-сі күні хабарлауы тиіс.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG