Accessibility links

Тұтқынның анасы Назарбаевқа хат жазды


Мейірбек Жанқуатовтың анасы Баян Шүкірғалиева. Атырау, 26 қараша 2012 жыл.
Мейірбек Жанқуатовтың анасы Баян Шүкірғалиева. Атырау, 26 қараша 2012 жыл.

«Террорлық әрекет жасамақ болды» деп айыпталған атыраулық студенттің анасы «Баламды заңсыз қамады» дейді. Ол Қазақстан президенті мен бас прокурорына арыз жолдап, Астанадан арнайы комиссия шығаруды сұраған.

2012 жылы қыркүйек айында Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылының үш тұрғыны - Мейірбек Жанқуатов, Махамбет Исағалиев және Ыбырай Әдір тұтқындалды. Оларға «Террористік актілер жасамақ болды, мал ұрлап, оның қаржысына заңсыз қару-жарақ алды» деген айыптар тағылды.

ТҰТҚЫНДАУ

Мейірбек Жанқуатовтың анасы Баян Шүкірғалиеваның айтуынша, «баласының бар кінәсі - ораза кезінде (тамыз айында - ред) ауызашарға Ыбырай Әдірдің үйіне барғаны».

- Менің баламды қыркүйектің 25-сі күні сабақтан бос уақытында, ақша табу үшін жұмыс жасап жатқан жерінен алып кеткен. Алдымен «кураторыңмын» деген әйел адам хабарласып, қайда екенін анықтап алған. Бізге оның қамауға алынғанын теледидардан көрген танысымыз айтты. Олар баламды жазықсыз кінәлап, «мал ұрлады», «бомба жасады», «террористік қимылдар жасамақ болды» деп жариялады, - дейді Баян Шүкірғалиева.

19 жастағы Мейірбек Жанқуатов - Атыраудағы аграрлық-техникалық колледжінің студенті. Анасы оның 2012 жылы наурыз айынан бастап намазға жығылғанын айтады.
Мейірбек Жанқуатов. Атырау, 26 қараша 2012 жыл. Фотокөшірме.
Мейірбек Жанқуатов. Атырау, 26 қараша 2012 жыл. Фотокөшірме.

- Ол бізден намаз оқуға рұқсат сұраған еді. Біз оның темекі мен арақтан аулақ болатынын ойлап, келісім бердік, - дейді Баян Шүкірғалиева.

Оның айтуынша, баласы ораза ұстаған. Тамыздың 13-і күні Ыбырай Әдірдің (1966 жылы туған - ред) үйіне ауызашарға барған.

- Ауызашардан кейін Қызылқоға аудандық ішкі істер бөліміне шақырды. Барсақ, Мейірбек (баласын айтады - ред) пен бөлім тергеушісі Мұхамбет Балғожиев және ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің (ҰҚКД) тергеушісі Қайрат Сисенов отыр екен. Олар маған «Балаңызды Әдірдің үйіне неге жібердіңіз? Ол - теріс жолда жүрген адам» деді, - дейді Шүкірғалиева.

Айтуынша, «артынан үйге келген Қызылқоға ішкі істер бөлімінің қызметкерлері баласының діни кітаптарын, мобильді телефонын алып кеткен».

- ҰҚКД тергеу бөлімі бастығы Аман Әбуғалиевпен кездескенде баламды не себепті қамап отырғандарын сұрадым. Маған Мейірбектің «Ауызашарда флешканы Ерболатқа бердім» деген түсініктемесін көрсетті. «Сол үшін оның күдікті Әдірмен байланысы бар деп санап отырмыз» деді, - дейді Баян Шүкірғалиева.

Анасының айтуынша, баласы оған ҰҚКД тергеушілерінің азаптағанын айтқан.

- «Мені токпен ұрып, қинап, түсініктеме жаздыртты. Мен Әдірдің үйіне бір-ақ рет, ауызашарға шақырған соң бардым. Мама, мен кінәлі емеспін. Сондықтан барлық органдарға, Астанаға, БАҚ-қа хабарлап, көмек сұраңыз» деп жылады. Неге жөнімен намаз оқып жүрген адамнан террорист жасағылары келіп отыр? – дейді Баян Шүкірғалиева.

Ол қазанның 30-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бас прокурор Асхат Дауылбаевқа хат жолдап, Қызылқоға аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚКД қызметкерлерінің заңсыз әрекетін тексеретін комиссия құруды сұраған.

Шүкірғалиева «Бұған дейін Мейірбекті қылмыскер ретінде республикаға хабарлап қойғаннан соң, соларын жалған түрде «дәлелдеп» шыққылары келіп отыр» деп санайды.

Баян Шүкірғалиеваның сөзін мына жерден көре аласыз:

Баян Шүкірғалиеваның сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00


МІНЕЗДЕМЕ

Қызылқоға аудандық «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Бауыржан Балтабаевтың құзырлы органдарға жазып берген мінездемесінде «Мейірбекті мешітке келуші жамағаттың бірі ретінде танимын. Мешітке келгенде ішкі тәртіпке бағынатын, теріс ағымдарды насихаттайтын топтардың арасынан байқалмады. Мінезі бірқалыпты, сәлемі түзу, ислами мінез-құлықты бойына дарытқан жастардың бірі» деп жазылған.

Мейірбек Жанқуатов оқитын Атырау аграрлық-техникалық колледжі жер қатынастары бөлімінің кураторы Шамұратова да құқық қорғау органдарына жазбаша мінездеме беріпті. Кураторы шәкіртін «ұстамды, адамдармен тез тіл табыса білетін студент» деп бағалаған.
Мейірбек Жанқуатовтың адвокаты Әбілғазы Нағиев. Атырау, 26 қараша 2012 жыл.
Мейірбек Жанқуатовтың адвокаты Әбілғазы Нағиев. Атырау, 26 қараша 2012 жыл.

Жанқуатовпен бірге оқитын студенттер мен жұмыстағы әріптестері де оны «еңбекқор, қақ-соқпен жұмысы жоқ, адал, биязы бала» ретінде суреттейді.

Күдіктінің адвокаты Әбілғазы Нағиевтің айтуынша, «Жанқуатовқа тағылған айыптар бұған дейін терроризм бабымен 10-14 жылға сотталған 42 адамның тағдырын еске түсіреді».

- Әрине алдымен айып тағып, артынан қылмыс құрамы болмады деп ешкімнің айтпайтыны белгілі. Сондықтан оны террорлық актілерге қатысы бар демесе де, насихаттады деуі әбден мүмкін, - дейді адвокат.

БИЛІК ТАРАПЫНЫҢ ЖАУАПТАРЫ

Баян Шүкірғалиеваның баласының кінәсіздігі және оған көрсетілген қысым туралы шағымын тексерген Атырау облыстық прокуратурасының прокуроры Серік Мусин Азаттық тілшісіне бұл мәселеге қатысты түсінік беруден бас тартты.

- Мен сізге ештеме айтпаймын, жауапты Шүкірғалиеваға жібердім, - деді ол.

Ал Шүкірғалиева Атырау облысы прокурорының орынбасары Серік Шалабаевтың қолы қойылған жауапты үш аптадан соң алғанын айтты.

Онда баласына тағылған айыптардың дәлелдері бар екені, ал қысым туралы шағымының негізсіз екендігі айтылыпты.

- Бұл тек құтылу үшін жазыла салған жауап болды. Олар балаға медциналық сараптама жасатуға да мән бермеген. Шын мәнінде баламның басына пакет кигізіп, токқа соғып, қыстап түсініктеме жаздырған, - дейді Баян Шүкірғалиева.
Шын мәнінде баламның басына пакет кигізіп, токқа соғып, қыстап түсініктеме жаздырған.


Бұл мәселеге байланысты Азаттықтың атынан Атырау облыстық ҰҚКД бастығы Ақдарбек Кенжебековтың атына қарашаның 13-і күні сауал жолданған еді. ҰҚКД баспасөз хатшысы Темірбек Мұқашев:

- Сауалдарыңызды алдық, артынан қоңырау соғамыз, - деген. Содан бері қандай да бір жауап айтылған жоқ.

Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың атына жіберілген хатқа 2012 жылы қарашаның 8-і күні жауап келген. Онда бұл істі тексеру «Атырау облыстық прокуратурасына тапсырылғаны» айтылған.

Мейірбек Жанқуатов, Махамбет Исағалиев және Ыбырай Әдірге тағылған айыптар бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Атырауда терроризм бабымен бұған дейін де 47 адам сотталған еді. Былтырдан бері қала көшелерінде бірнеше мәрте жарылыс болды.
XS
SM
MD
LG