Accessibility links

Мамандар «заңның мигрантқа тиімсіз екенін» айтады


Полиция ұстаған заңсыз мигранттар Almaty, 27Jan2011.
Полиция ұстаған заңсыз мигранттар Almaty, 27Jan2011.

Мамандар Қазақстандағы еңбек мигранттарына қатысты заң жақсарғанымен, елде әлі де оларды «құлдықта ұстау» үрдісі үзілмегенін айтады. Оған еңбек мигранттарына қойылатын заң талаптарының оларға тиімсіздігі де себеп.

Қырғызстан азаматы Туруубай Айтназаров Астана базарларының бірінде 19 жылдан бері сауда жасап келеді. Оның сөзінше, «Қазақстанда құрылыс немесе үй жұмысына жалданғаннан гөрі, өз бетіңмен сауда жасаған тиімді». Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салығын төлеп жүрген ол заң орындарынан немесе жергілікті азаматтардан қандай да бір қысым көрмегенін айтады. Алайда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген ол:

Астана базарларының бірінде сауда жасайтын Қырғызстан азаматы Туруубай Айтназаров. Астана, 18 желтоқсан 2015 жыл.
Астана базарларының бірінде сауда жасайтын Қырғызстан азаматы Туруубай Айтназаров. Астана, 18 желтоқсан 2015 жыл.

- Қара жұмыс іздеп келген (үй шаруашылығы немесе маусымдық жұмыстарды орындауға келген мигранттарды айтады – ред.) отандастарымның жұмыс берушімен келісімшартқа отырып, заңды түрде еңбек еткенін сирек көремін, - деді.

Ал мамандардың сөзіне қарағанда, «еңбек мигранттарына қатысты әділетсіздік пен қысым осы келісімшартқа отырмаудан басталады».

«КЕЛІСІМШАРТЫ ЖОҚТАРДЫ ҚҰЛ САНАУҒА БОЛАДЫ»

Желтоқсанның 19-ы – Халықаралық мигранттар күніне орай Астанада өткен дөңгелек үстелде үй жұмысына, құрылыс саласына келген еңбек мигранттарының құқықтары сақталмау себептері сөз болды. Мәселен, Қазақстандағы «Парвиз» тәжік мәдениеті орталығы жетекшісі Идирбек Каримов мигранттардың құқықтық ахуалын суреттеп:

- 10-15 мигрант қуықтай жертөледе не аядай бөлмеде тұрады. Ішер тамағы – су кеспе (лапша), санитарлық-гигиеналық жағдай мүлде жоқ, оларды құлша жұмсайды. Сенесіздер ме - апта сайын түрлі жағдайда уәделі ақшасын ала алмай қаңғырып қалған бір-екі адамға еліне қайтуға ақша жинап беріп отырмыз, – деді.

Алайда мигранттар мен жұмыс берушілерге құқықтық семинарлар өткізіп жүрген Қарағанды қаласындағы «Мир Добра» қоғамдық қоры президенті Татьяна Абрамованың сөзіне қарағанда, мұндай жағдайға мигранттардың өздерінің де үлесі бар - келісімшартсыз жүрген еңбек мигранттарын «құлдықта» деп санауға болады.

"Мир Добра" қоғамдық қоры президенті Татьяна Абрамова. Астана, 18 желтоқсан 2015 жыл.
"Мир Добра" қоғамдық қоры президенті Татьяна Абрамова. Астана, 18 желтоқсан 2015 жыл.

- Келісімшарт болмаған соң «қожайын» сөзі мен уәдесін көңіл күйіне қарай өзгерте береді. Соның әсерінен жұмыс соңында берілетін ақша мүлдем азайып, мигрант күйзеліске түседі. Негізі оларға ресми түрде жұмыс істеген пайдалы. Бірақ оған жететін мүмкіндіктері жоқ. Мен мысалы заң бойынша үй жұмысына бес адам шақыра аламын. Олар үшін салық төлеуім керек, көп құжат толтыруым керек. Көпшілік мұны істегісі келмейді. Ресми жариялылықтан қашады, – дейді ол.

Мұны жұмыс берушілер де мойындайды. Аты-жөнін атағысы келмеген Астана тұрғыны Азаттық тілшісіне «өткен жазда Өзбекстан азаматтарына үй салдырғанын» айтты.

- Олардың кәсіби біліктіліктері төмен болды, бір жұмысты екі-үш рет қайта істетіп, қосымша шығындалдым, - деген ол «келісімшарт жасасу еңбек мигранттарының өздеріне де тиімсіз» деген пікірде. Ал Астанадағы қырғыз мәдениеті орталығының жетекшісі Шавкат Исмаилов еңбек мигранты мен жұмыс берушінің өз құқықтарын заңдастыру жолында «білместік басым» екенін айтады.

Құрылыста жүрген мигранттар. Қазақстан, 6 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Құрылыста жүрген мигранттар. Қазақстан, 6 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы көші-қон туралы заң бойынша, еңбек мигранты соттылығы жөнінде және медициналық анықтамалар әкеледі. Мигрант табыс салығын төлеуге міндеттелсе, жұмыс беруші шетелдік жұмысшы жалдағаны үшін алым төлейді. Бір жұмыс берушінің үй шаруашылығы жұмыстарына бестен көп мигрант жалдауына жол берілмейді. Еңбек мигранттарының көбі үй шаруашылығында емес, ірі құрылыстарда заңсыз жүретінін құқық қорғаушылар бұрындары да айтқан еді.

Қазақстандағы Тәжікстан елшісінің бірінші хатшысы Камолудин Саидов бұдан басқа да кедергілерді атады.

- Еңбек мигранттарының тіркеуге тұруына бес-ақ тәулік беріледі. Ол алдымен Алматыға келсе, одан Астанаға пойызбен жетсе, жолға екі тәулігі кетеді. Тіркеліп үлгермей, заң орындарынан қаша бастайды. Оның соңы айыппұл төлеу, сот шешімімен қуылуға жетеді,– дейді ол.

«ҮКІМЕТ БЕЛГІЛЕГЕН ТӘРТІП БАР»

Ал Астана қалалық сыртқы көші-қон басқармасының басшысы Мейрам Қасымов «Үкімет белгілеген тәртіп бар. Сол бойынша, көш-қон полициясы еңбек мигранттарын тіркеуге өтінішті оларды Қазақстанға жұмысқа шақырған (келісімшарт жасасқан) жергілікті адамдардан ғана алады». Яғни, тіркелген мигранттардан заңды орындау талап етіледі, құқықтары да соған сай қорғалады. Оның сөзінше, тіркеуге берілген бес тәулік «аз емес».

Астана қалалық сыртқы көші-қон басқармасы басшысы Мейрам Қасымов. Астана, 18 желтоқсан 2015 жыл.
Астана қалалық сыртқы көші-қон басқармасы басшысы Мейрам Қасымов. Астана, 18 желтоқсан 2015 жыл.

- Бес тәулік деген – уақытша тіркеу. Уақытша тіркеуге тұрған соң бір ай ішінде жеке сәйкестендіру нөмірі, медициналық анықтама сияқты құжаттарды жинауы тиіс. Уақытша тіркеуге үлгермесе, сегізінші тәулікке дейін ескерту беріледі. Демалыс, мереке күндері саналмайды. Сегіз тәулікте тіркелмесе, айыппұл толтырылып, ісі сотқа жіберіледі,– дейді Қасымов.

Көші-қон басқармасы өкілінің сөзіне қарағанда, сот мигрантқа айыппұл тағайындауы мүмкін немесе елден шығарады. Астана қалалық көші-қон басқармасы дерегіне қарағанда, еңбек мигранты ретінде тіркелген шетелдік азаматтарға полиция тарапынан ерекше қысым байқалмайды. Мәселен биыл еңбек мигранты ретінде тіркелген 133 мың мың шетелдік азаматтың 6-7 пайызы, яғни 9 мың 31-і құжаттары дұрыс болмағандықтан әкімшілік жазаға тартылған. Ал сот шешімімен елден шығарылғаны – 3 мың 500 (4 пайыздай – ред.). Ресми ақпаратқа сәйкес, еңбек мигранттарының 66 пайызы құрылыста істейді.

XS
SM
MD
LG