Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның 11-інде «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің Астана қаласында өткен отырысында 2015 жылға арналған жолдауын жасады.
Назарбаевтың айтуынша, биылғы жолдауды жылдағыдан ерте жасауына әлемдік экономикалық дағдарыс пен шикізат бағасының төмендеуі түрткі болған, осыған байланысты 2015 жылға арналған бюджет қайта бекітілген.
– Менің тапсырмам бойынша үкімет жаңа бағдарлама жасап шықты. Осы тұрғыдан мен Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын «Нұрлы жол» деп жарияладым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«БИЗНЕСКЕ БҰДАН АРТЫҚ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?»
Қазақстан президентінің жолдауының негізгі бөлігі ұлттық қордан бөлінетін қаржы туралы болды.
– Экономикалық дағдарысты қосымша қаржысыз жеңу мүмкін емес. Сондықтан 2015, 2016, 2017 жылдарға арнап жыл сайын 2 миллиард доллардан бөлуге шешім қабылдадым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үйді жалға беріп, әрі қарай сатып алу құқығын беретін жаңа бағдарлама бойынша баспана салынатынын айтты. Бастапқы жарнасыз, делдалсыз, ақша өсімі 1-2 пайызбен шектелетін ипотекалық тұрғын үй салуға 2015-2016 жылдары 188 миллиард теңге, балабақша салу үшін екі жыл ішінде 20 миллиард теңге бөлінбек.
Президенттің сөзінше, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша көлік, энергетика, индустрия және әлеуметтік салаларда жаңа нысандар пайдалануға берілгеннен кейін жаңа жұмыс орындары молынан ашылып жатыр.
– «Елдің өркендегенін білгің келсе жолына қара» деген қағида бар. Айдалада, Бетпақдалада Жезқазған-Бейнеу деген теміржол салдық. Мынау Асқар Мәмин («Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының президенті – ред.) «қазірдің өзінде осы жол бойында қаншама жүздеген қоныстар пайда болды дейді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол «биліктің шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп жатқанын, бизнесті кредиттеуге бөлінген 100 миллиард теңге толық игерілгенін» хабарлады.
– Бизнесті кредиттеу үшін теңдессіз жағдай жасалды. Небәрі 6 пайызбен 10 жылға кредит беріп отырмыз. Бұдан артық не істеу керек бизнеске, Абылай (ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов – ред.)? Ешқандай мемлекет дүниеде бизнеске мұндай жағдай жасамайды, – деді Назарбаев.
ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТУҒАН КҮДІК
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауының жылдағыдай парламентте емес «Нұр Отан» партиясының кеңесінде жасалуы да, оның жаңа экономикалық саясаты да әлеуметтік желілерде түрлі пікір тудырды.
Ғалымжан Оразымбет есімді Facebook қолданушысы жаңа экономикалық саясаттың атауын мысқылдап: «Қасым ханның Қасқа жолы», «Есім ханның Ескі жолы», «Нұрсұлтанның Нұрлы жолы». Президент болайын десем мен салатын жолдың ұйқассыздығы ғана кедергі болып тұр» деп жазады.
Назарбаевтың бүгінгі жолдауына қарағанда сондай [қысылтаяң] күн келген сияқты.Сергей Дуванов
Ал саясаткер Сергей Дуванов ұлттық қордың қаржысы әу баста ең қысылтаяң кезде жұмсалуы тиіс екенін жаза келе: «Назарбаевтың бүгінгі жолдауына қарағанда сондай күн келген сияқты. Бұл – президенттің жолдауынан шығатын басты қорытынды» дейді.
Тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосанов та «жаңа экономикалық саясаттың ұлттық қордағы ақшаны таратумен басталуы – қазіргі үкімет жұмысының сын көтермейтіндігінің белгісі» деп біледі.
– Бюджетті қазіргі экономика бойынша толтырып, сол арқылы мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік мәселесін шешуге тиіс үкімет өз жұмысын дұрыс атқармай отыр. Яғни біздің үкіметтің менеджерлік қабілеті ұлттық қордағы ақшаны жұмсаудан аспайды. Оның үстіне ұлттық қордан бөлінген миллиардтаған теңге әдеттегідей құмға сіңген судай жоқ боп кетуі әбден мүмкін. Өйткені оны тексеріп жатқан ешкім жоқ, – дейді Әміржан Қосанов.
Саясаткердің айтуынша, президент бүгінгі жолдауын парламентте емес, «Нұр Отанда» жасауы арқылы партияның беделін көтеруді көздейді.
– Әрине, мұндай үлкен әлеуметтік маңызы бар жолдау парламентте айтылуы керек еді. Парламентте отырған «Нұр Отаннан» өзге партиялардың өкілдері мемлекет басшысы неге бір партия алдында ғана жолдау жасады деген сұрақ қоюы тиіс, – дейді ол.
Қазақстан президентінің халыққа жолдау жасайтыны бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында хабарланған. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейінгі жолдаулары жылдың басында, бірнеше күн бұрын хабарланып барып жасалатын.