Accessibility links

Астаналық студенттер де жатақхананы армандайды


Жатақхана бөлмесінде тамақтанып отырған студент. (Көрнекі сурет)
Жатақхана бөлмесінде тамақтанып отырған студент. (Көрнекі сурет)

Астанада жатақханадан орын тимей қалған студенттер көп. Оған қолы жеткендер бір бөлмеде сығылысып тұрып жатыр.

Астаналық студент Айнагүл Айтқали мектепті «Алтын белгіге» бітіре алмағанына әлі күнге дейін өкінеді.

– Кезінде «Алтын белгі» алсам, бір жылға 35 мың теңге ғана төлеп, университеттің жатақханасында тұрар едім. Сол жердегі замандастарым секілді «жатақханада теледидар жоқ, тәртіп қатты, бас қаладағы түрлі саяси, қоғамдық шаралдардың «массовкаларына» міндеттеп апарады» деп шағымданбас едім, – дейді студент.

Айнагүл Айтқали Астанадағы жалғызбасты зейнеткердің үйіндегі бір бөлмені айына 30 мың теңгеге жалдайды. Ақшаны Ақтөбе облысындағы ата-анасы жіберіп тұрады.

СТУДЕНТТЕРГЕ ЖАТАҚХАНА ЖЕТПЕЙДІ

Астанадағы оқу орындарының Айнагүл сияқты пәтер жалдап жүрген студенттері аз емес. Қаладағы ірі оқу орны – Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (ЕҰУ) студенттердің жартысына жуығы (12 мыңдай студенттің бес жарым мыңы) жатақханаға мұқтаж. Жатақханаға қолы жетпей жүрген жастардың 96 пайызы – оқуға грант бойынша түскендер.

ЕҰУ-дің жатақханаға қолдары жеткен студенттері Азаттыққа бұдан бұрын берген сұхбаттарында екі-үш адамға арналған бөлмелерде 6-12 студент қысылып-қымтырылып тұрып жатқандарын айтқан еді.

Студенттік жатақхана бөлмесі. Астана, маусым, 2013 жыл.
Студенттік жатақхана бөлмесі. Астана, маусым, 2013 жыл.
Ал студент санының көптігі жағынан ЕҰУ-мен шамалас тағы бір оқу орны – Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жатақхана кезегінде 600-дей студент тұрғанын айтты. Бірақ осы оқу орнының тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Жайнагүл Құсайынованың сөзінше, бұл есепке тек қана жалғыз басты, әлеуметтік жағдайы төмен, әке-шешесі жоқ жетім балалар ғана алынған.

– 1500-дей студентті жатақханамен қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ санитарлық-эпидемиялық талаптарды орындамай жатқан жайымыз бар. Төрт орындық бөлмеге бес студентті амалсыз жатқыздық. Әрине, студенттерге жағдайды түсіндіріп, келісіп отырмыз, – дейді Жайнагүл Құсайынова.

МАГИСТРАНТТАР МЕН ДОКТОРАНТТАР ДА БӨЛМЕГЕ ЗАР

Астанада жатақхана тапшылығын тек бакалавр студенттері ғана емес, магистранттар мен докторанттар да көріп жүр. Жуықта агротехникалық университетінің 600 магистранты мен докторанты премьер-министр Серік Ахметовтің блогына шағым хат жазды. Хатта 2014-2016 жылғы республикалық бюджетте Сейфуллин атындағы агротехникалық университетіне шағын отбасылық жатақхана салу үшін қаржы бөлінгенін айта келіп, сол құрылыс үкіметтің қаулысы кесірінен басталмай тұрғаны баяндалған.

Бастапқыда білім және ғылым министрлігі жатақхананы салып, кейін оны агротехникалық университеттің меншігіне тапсыруға міндетті болған. Алайда үкіметтің мемлекеттік сатып алу тәртібін өзгерту жайлы қаулысынан кейін жатақхана құрылысы басталмай жатып тоқтап қалған. Қаулыға сәйкес, агротехникалық университет акционерлік қоғам болғандықтан жатақхана құрылысы мен қаржылық жобасын тұтас өзі атқаруы тиіс.

«Бұл жағдай жатақхана құрылысын белгісіз уақытқа дейін шегереді немесе осыдан кейін мүлдем салынбай қалуы мүмкін» деп жазады жас ғалымдар.

Атырау мемлекеттік университетінің №2 жатақханасы. (Көрнекі сурет)
Атырау мемлекеттік университетінің №2 жатақханасы. (Көрнекі сурет)
Премьер-министр Серік Ахметовтың блогына түскен хаттың екінші нұсқасы білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың блогына да жіберілген. Министрліктің баспасөз қызметі бұл мәселе бойынша жауап дайындалып жатқанын, ол жауап алдағы күндері министрдің жеке блогында жарияланатынын Азаттыққа хабарлады.

Қазақстанда оқу орындарының жатақхана тапшылығы мәселесі бұған дейін де үкіметтік деңгейде бірнеше рет сөз болған еді. Мәселен, 2011 жылы үкіметтің бір отырысы осы тақырыпқа арналған. Отырыстан шыққан сол кездегі білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Қазақстан бойынша 30 мыңнан астам студент сыятын 34 жатақхана 2015 жылға дейін пайдалануға беріледі» деп мәлімдеген. «Бұл президент Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған іс» екенін айтқан министр «жатақханалардың басым бөлігі әуелі Астана мен Алматы қалаларында салынады» деген еді. Бірақ бұл қалалардағы студенттер әзірше жатақхана тапшылығынан құтыла қойған жоқ.

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің дерегінше, қазір елде 180 жоғары оқу орны бар. Бұл оқу орындарында 600 мыңдай студент оқып жатыр. Елде мұқтаж студентті баспанамен қамтуды міндеттейтін арнайы заң жоқ. Мұндай көмекті жатақханалары бар әр оқу орны ішкі ережесіне сәйкес жасайды.
XS
SM
MD
LG