Accessibility links

Қырылған балық экологиялық апат үрейін тудырды


Жайықтағы балықшылар. Атырау. Наурыз, 2019 жыл
Жайықтағы балықшылар. Атырау. Наурыз, 2019 жыл

Төрт айдан бері балық қырылып жатса да, билік өкілдері апат себебін анықтай алмады. Билік қылмыстық іс қозғалғанын, балықтың қырылуы тоқтағанын, өзен өлі балықтардан тазарғанын айтады. Бірақ мамандар бұл уәжбен келіспей, аймақта өмір сүру қауіпті деп санайды.

Атыраудағы облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы қызыл балық тұқымдастарын қоса есептегенде 119 тоннаға жуық балық қырылғанын мәлімдеді. Оның 110 тоннасы – Луговой бекіре балықтарын өсіретін зауытқа тиесілі. Бірақ кейбір жергілікті тұрғын қырылған балық әлдеқайда көп деп ойлайды.

ВИДЕО: Жайықта қырылған балық.

Жайықта қырылған балық
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

Былтырғы желтоқсаннан бастап қырыла бастаған балық жайын зерттеп жүргендердің бірі – ихтиолог Қалбай Өтепов. Облыстағы 16 балық аулау кооперативінің төрағасы міндетін атқаратын маман жауапты мекеме бірден дабыл қаққанда табиғатқа мұндай орасан залал келмес еді деп санайды.

Ол балық қорғау инспекциясы бірден тексергенде өлген балықтың тым болмаса жартысын құтқаруға болар еді деп ойлайды.

- Өкінішке қарай, енді тым кеш. Атырау облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы былтыр желтоқсандағы сынама қорытындысы бойынша суды қауіпсіз дегенмен оны көпшілікке осы күнге дейін жариялаған жоқ. Олар, тіпті, дер кезінде комиссия құрып, мониторинг жасауға да тырыспады. Болары болып, бояуы сіңген соң өлі балықты жинап алдық деп жар салды, - деп сынады ол.

Жайық өзеніндегі жайын. Атырау. Наурыз, 2019 жыл
Жайық өзеніндегі жайын. Атырау. Наурыз, 2019 жыл

Жайық өзенінде балық жаппай қырыла бастағаны туралы жергілікті жұртшылық былтыр желтоқсанда дабыл қаққан болатын. Әлеуметтік желілерде жүрген видеоларда тау болып үйілген өлген балық мұз еріген соң көбейе түскені көрінеді. Атырау тұрғындары су бетіне қалқып шыққан өлі балық шоғыры бейнеленген видеоларды кеңінен таратып, аймақтағы экологиялық апат туралы үреймен айта бастады. Тек қала жұртшылығының белсенділігінен соң өлі балық жинауға кіріскен жергілікті билік бірнеше мәрте сенбілік ұйымдастырған болатын.

«СУДЫҢ ТҮБІН СҮЗУ КЕРЕК»

Қалбай Өтепов балықтың қырылу себебін билік жеткілікті тексермеді деп налиды.

- Министрлер келіп брифинг өткізгенде үлкен тралды қолданып, өзеннің түбін сүзу керек дедім. Совет өкіметі кезінде осындай әдіс қолданылатын. Бірақ оған ешкім құлақ аспады. «Ауланып жатқан балық қауіпсіз, су таза» дей береді. Зерттеуден соң өлген балықтан аммиак және басқа ауыр металдардың шыққаны айтылды. Олар қайда кетеді? - дейді ол.

Ихтиолог қыста ұйқыға кететін жайынның да қырылып жатқанын мысал етті. Оның сөзінше, егер жайын өліп жатса, бекіре туралы сөз қозғамаса да болады.

Ихтиолог Қалбай Өтепов Жайықтағы жағдай туралы әңгімелеп отыр.
Ихтиолог Қалбай Өтепов Жайықтағы жағдай туралы әңгімелеп отыр.

- Ақпан айы - бекіренің Жайыққа келіп, уылдырық шашатын кезі. Әлі күнге дейін бекіре көрінбейді. Ол нені білдіреді? Судың түбін сүзу керек, - дейді ихтиолог.

Жайықта балық қырылғанымен балық саудасына қарап отырған кооперативтер жұмысын тоқтатқан жоқ. Солардың бірі «Жамбыл» балық кооперативінің балықшылары балық азайып кеткеніне қынжылады. Кооператив төрағасы Руслан Исмағұлов, әдетте, мұндай уақытта жылдық лимиттің 25 пайызын орындайтынын айтады. Көктемгі маусым сәуірдің 24-інде аяқталады. Содан соң балықшылар суға күзде қайта шығып, мұз қатқанша аулайды.

- Балық аз. Келмей жатыр. Мынаның бәрі Жайықта қыста өлген балық. Бұларды арнайы базаға жібереміз. Ауға түсіп жатқандары уақ мөңке балық. Одан кәріз суының иісі шығады, - дейді ол ауға түскен балықты иіскеп тұрып.

Аудағы балықтар шоршып жатқан жоқ, шала-жансар, әлсіз қыбырлайды. Балықшылар оларды екі қайтара іріктейді. Негізгі аулайтындары мөңке, көксерке мен табан балық. Әр кооперативтегі төрт-бес звенода 16-17 адамнан жұмыс істейді. Жалақылары орта есеппен 45 мың теңгенің төңірегінде. Аулаған балығына қарап сыйақы беріледі. Бірақ, биылғы балық қырғынынан соң балықшылар сыйақы туралы ойламайтындарын айтады.

БЕЛСЕНДІЛЕР ТАЛАБЫ

Эколог Галина Чернова Жайықтағы апаттың салдарына алаңдайды. Ол аймақтың экологиялық ахуалына қобалжыған жұртшылықпен бірнеше күн бұрын кездескен Атырау облыстық балық шаруашылығы мен ішкі саясат басқармалары басшыларын «бірден төтенше жағдай жариялау орнына «өзендегі балық теңізге ағып кетіп, құтылып кетеміз» деп есеп етеді» деп кінәлайды. Жайықтағы жағдайды «экологиялық апат» деп бағалаған ол балық тұрмақ айғұлақ-бақалшықтардың да қырылып жатқанын айтты.

"Ақ Жайық" ерекше қорғалатын табиғи аумағына кіре берістегі ескерту жазу. Наурыз, 2019 жыл
"Ақ Жайық" ерекше қорғалатын табиғи аумағына кіре берістегі ескерту жазу. Наурыз, 2019 жыл

- Мен, тіпті, бұл өңірде өмір сүруге қорқамын. Ертең Қашағанда әлдебір жағдай болса, сіздер тағы да осылай төрт ай отырасыздар ма? Бір жарым сағатта күкірт қышқылы көміп қалса ше? Өзен суы мен ихтиофаунаны неге толық тексермедіңіздер? Ауыз су тазартқыш қондырғыға қосымша сүзгіш орнатқан соң ғана ауыз суды пайдалануға беру керек еді. Оның орнына, «бәрі қауіпсіз, бәрі таза» деп өтірік айтып отырсыздар, - деді ол билік өкілдерімен кездесуде.

Экологтың пікірінше, Жайықтың суын ішіп отырған тұрғындарға қосымша су сүзгіш орнатылмаса эпидемиялық ауру тарауы мүмкін. Галина Чернова облыс билігі қызыл балық уылдырық шашатын орынды қалпына келтіруі тиістігін және Жайықтағы балық түрлерін, әсіресе, аналық түрлерін дереу зерттеу қажеттігін айтты.

Ал азаматтық белсенді Қасым Қожантаев балық қырғынының себебін анықтай алмаса облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтан бастап жауапты қызметкерлер отставкаға кетуі тиіс деп санайды. Ол күрделі экологиялық, я басқа даулы мәселелерді шеше алмаған басшылар қызметінен кетіп жататын дамыған елдердегі үрдісті меңзеп:

- Былтыр осындай уақытта түске дейін бір шелек балық аулайтын едік. Қазір екі балық алсақ, оның бірі шірік. Жайықтың мөңкесін бұрын жеп жүрген тауық та жемей қойды. Жайықтың түбіндегі өлі балықты кім жинайды? Мәселені шешпесе, облыс әкімінен бастап қызметінен кетсін, шетелде солай ғой, - дейді ол.

«ӨЗЕН ТАЗА»

Азаттық тілшісіне Атырау облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы бастығы Данияр Баймағамбетов желтоқсанда мониторинг өткізу жоспарланбағандықтан тексерілмегенін айтты. Бірақ биыл қаңтардың 16-сы мен ақпанның 15-сі аралығында ихтиологиялық мониторинг жасалып, өлі балықтан аммиак тапқан. Қазір жағдай қалпына келген.

- Өзенде балық бар, ауланып жатыр. Ветеринарлық тексеріс жасалды. Су сынамасы балықтан залал келмейтінін көрсетті, жей беруге болады, - деді ол.

Атырау облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы бастығы Данияр Баймағамбетов. Наурыз, 2019 жыл
Атырау облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы бастығы Данияр Баймағамбетов. Наурыз, 2019 жыл

Азаттық тілшісінің «сонда басқа балықтардан табылған аммиак қайда кетті?» деген сұрағына Данияр Баймағамбетов:

- Аммиак шіріген балықтан табылған. Аммиактың қайда кеткенін анықтайтын ғалым емеспін. Біз өлген балықты жинап алдық. Өзен таза, - деді.

Бірақ Данияр Баймағамбетов желтоқсандағы су сынамасының қорытындысын Азаттық тілшісіне көрсете алмады. Құжаттың бәрін полицияға өткізіп тастағанын, көшірмесін алмағанын айтты.

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасаның бастығы Артур Сәдібекұлының сөзінше де «Жайықтың жайы тұрақты». Оның айтуынша, өзен табанын сүңгуірлер тексеріп шыққан.

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасаның бастығы Артур Сәдібекұлы. Наурыз, 2019 жыл
Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасаның бастығы Артур Сәдібекұлы. Наурыз, 2019 жыл

- Ақпан айында төтенше жағдай департаментінің сүңгуірлері түсті. Одан кейін су түбіне камера жібердік. Жайықтың қақ ортасында, терең тұста балық жоқ. Өлі балық Жайық жағасына шығып қалған, оны жинауға өздеріңіз қатыстыңыздар, оның бәрі жиналды, - деді ол белсенділермен кездесуде.

Жайықта былтырғы желтоқсанда басталған балық қырғыны бойынша Қылмыстық кодекстің «Суларды ластау, қоқыстау немесе сарқу» деп аталатын 328-бабы мен «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» деп аталатын 204-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ресми ақпарат бойынша, мемлекетке 439 миллион теңге залал келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG