Қарашаның 14-інде Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Атырау облысы әкімдігінің бұрынғы лауазымды тұлғалары мен кәсіпкерлерге қатысты сот үкімі шықты. Тек жарыссөзінің өзі айға созылған бұл іске қатысушылар сот залына сыймады.
Судья Гүлмира Дәулетова төрағалық еткен сот 22 адамның 15-іне бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, оның 8-ін сот залында қамауға алды. Оларға "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "бюджет қаржысын жымқырды", "қызмет өкілетін асыра пайдаланды", "алаяқтық жасады", "жалған құжат жасады" және тағы басқа айыптар тағылған.
СОТТАЛҒАН 15 АДАМ
Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукенов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ оның уақытша қамау изоляторында отырған уақыты ескеріліп, жаза мерзімі бір жылға азайды. Мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң режимде өтейтін Болат Дәукенов 6 жылға дейін мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар Әбдіров 12 жылға сотталды. Оның да мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң режимде өтейтін болады. Асқар Әбдіров 7 жылға дейін мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
Судья Гүлмира Дәулетованың
үкімі бойынша кәсіпкер Александр Корецкий – 11 жылға,
«Госэкспертиза» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны (РМК) директорының орынбасары Тұрланбек Жиенбаев – 8 жылға,
облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Нұрлан Кенжебеков – 8 жылға,
«Батыс Транспорт Сим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) бұрынғы директоры Рахметолла Алшенов – 8 жылға,
«Госэкспертиза» РМК директоры Ұлан Құралбаев – 7 жылға,
«Жолаушылар лизингтік вагон компаниясының» бұрынғы жетекші инженері Азамат Құрмантаев – 7 жылға,
облыстық энергетика басқармасының бастығы Бауыржан Жайсаңов – 7 жылға,
«Арқайым-2005» ЖШС директоры Александр Кузема – 7 жылға,
«Строй ЛТД» ЖШС бұрынғы директоры Эдуард Дурманов – 5 жылға,
облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ибрагим Амиров – 4 жылға,
облыстық қаржы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан Жантеміров – 4 жылға,
Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов – 3 жылға,
«Азия Маркет С» ЖШС бұрынғы директоры Қайырғали Қадыров – 2 жыл 6 айға сотталды.
ЖАЗАСЫ КЕЙІНГЕ ҚАЛҒАН НЕ БОСАТЫЛҒАН 7 АДАМ
Айыпталушы 22 адамның ішіндегі үш әйелдің жазасының орындалуы 5 жылдан 14 жылға дейін шегерілді. «СнабОйлСтрой» ЖШС директоры Айгүл Бейсебекова (5 жылға сотталған), оның қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Айнұр Батырбаева (4 жылға сотталған), бас есепшісі Кенжегүл Сейсенова (4 жылға сотталған) жазаларын қарауындағы жас балалары 14 жасқа толған соң орындайтын болды.
«АНиТА Консалтинг» ЖШС бұрынғы бас директоры Татьяна Шарыпкина қылмыс мерзiмі ескірді деп саналып, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ал «Актобехаусконстракшн» және «BNB Construction» ЖШС бас есепшісі Гүлмира Әзбергенованың айыбы дәлелденбегендіктен ақталып шықты.
Тағы екі кәсіпкер – «Атырау Құрман Құрылыс» ЖШС директоры Құрманғазы Алимов пен менеджер Асхат Есетовке сот шартты жаза тағайындады. Алимов материалдық зиянды өтеген, Есетовке жәбірленуші кешірім берген.
Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевтің дерегінше, 2014 жылы қаңтардың 23-інде басталған бұл іске 2 мемлекеттік айыптаушы, 24 қорғаушы қатысып, 500-ге жуық куәден жауап алған. Сотқа түскен кезде қылмыстық істің көлемі 777 том болған, сот мәжілісінің хаттамасы 200 том, ал сот үкімі 1500 парақтан (яғни 10 томнан) асады.
«Рысқалиевтің 22 адамдық тобына» байланысты іс Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев қызметінен кеткен соң қозғалды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы жазда Атырау қаласына барған сапарында Рысқалиевті «5 жыл 9 ай Атырау облысын басқарған кезде президент тапсырмаларының барлығын орындағаны үшін» алғыс айта отырып жұмысынан босатқан.
Сол жылы күзде Бергей Рысқалиевтің інісі, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқали депутаттық мандатын тапсырып, «Ақжол» партиясынан кеткен.
Көп ұзамай Бергей Рысқалиевке «бюджет қаржысын жымқырды», «қызмет бабын теріс пайдаланды», Аманжан Рысқалиға «алаяқтық жасады» деген айыптар тағылған. Бергей Рысқалиевпен бірге қызмет еткен бір топ лауазымды қызметкерлер мен туыстарының үстінен де қылмыстық іс қозғала бастағаны мәлім болған.
Кейінірек ағайынды Рысқалиевтердің ел аумағынан шығып кеткені туралы хабар тараған. Қазақстан қаржы полициясы 2013 жылы қаңтарда ағайынды Рысқалиевтерге және олардың тоғыз серігіне халықаралық іздеу жарияланған. Полиция «Швейцарияның федералдық прокуратурасы Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға қатысты «қаржы жымқырды» деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатқанын», олардың есепшоттары бұғатталғанын да хабарлаған. Рысқалиевтер пен олардың тоғыз серігіне қатысты жеке соттың қашан болатыны белгісіз.