Accessibility links

Мұсаев пен Кошляк қамаудан босады


ҰҚК-нің бұрынғы офицерлері Әлнұр Мұсаев (оң жақта) пен Вадим Кошляк сотта отыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.
ҰҚК-нің бұрынғы офицерлері Әлнұр Мұсаев (оң жақта) пен Вадим Кошляк сотта отыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Алдын ала қамауда отырған сотталушылар - ҰҚК-нің бұрынғы офицерлері Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякты абақтыдан босатты. Алматылық екі банкирді қастандықпен өлтіру ісін қарап жатқан Вена сотында «қайшы ақпарат» табылған.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев, Рахат Әлиевтің бұрынғы көмекшісі Вадим Кошляк 2007 жылы Алматыдағы «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлап әкетіп, қастандықпен өлтіру қылмысына қатысы бар деп айыпталады. Вена соты қылмыстық істі қарағанына екінші апта болды.

Бұл істегі басты айыпталушы Рахат Әлиевтің адвокаты Клаус Эйнедтердің Азаттық тілшісіне айтуынша, сот Қазақстан жіберген ақпарат пен қазақстандық куәгерлердің сөзіне енді сенбейтінін мәлімдеп, Кошляк пен Мұсаевты босату туралы шешім шығарған.

– Жалған ақпарат берген екі куәгерден жауап алғаннан кейін және Кошляк пен Әлиевке қатысты әскери соттың шешімі туралы Қазақстаннан қайшы ақпарат алғаннан кейін осындай шешім қабылданды. Қазақстан Австрия сотына «іс әлі ашық» деген мәлімет берген, бірақ кейін үкім шығып, іс жабылғаны туралы өзге ақпарат пайда болды. Сондықтан сот Қазақстан жолдаған ешқандай ақпаратқа сенуге болмайтынын мәлімдеді, – дейді адвокат.

Сотталушылардың адвокаттары «бұл – жанжал» деп мәлімдейді. Өйткені Клаус Эйнедтердің айтуынша,бұл істі жүргізген австриялық прокурор Бетина Валлнер «Қазақстан сотының шешімі жайлы білгенмін, бірақ мұның Венада қаралатын іске қатысы жоқ деп есептедім» деп мәлімдеген.

Әлнұр Мұсаевтың адвокаты Мартин Махрер Азаттық тілшісіне «бұл Қазақстан сотының 2008 жылғы шешіміне қатысты әңгіме» дейді. Бірнеше ауыр қылмысқа қатысты айыпталған Рахат Әлиевтің сыбайластары ретінде Вадим Кошляк пен Әлнұр Мұсаевты 2008 жылы Қазақстанда сырттай соттаған. Ал Әлиев «мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру» бабы және өзге де айыптар бойынша 40 жылға сотталған.

Адвокат Махрердің айтуынша, Қазақстан тарапы өкілдері сотта «Қазақстанда сотталушылардың үстінен қозғалған іс әлі жабылған жоқ» деп мәлімдеген. Бірақ 2008 жылғы сот үкімін ресми растайтын құжаттарды көрсеткеннен кейін Вена соты Қазақстанның ақпаратына енді сенбейміз деп ұйғарған.

Жолдас Темірәлиевтің жесірі Армангүл Қапашева.
Жолдас Темірәлиевтің жесірі Армангүл Қапашева.

– Оның үстіне, айыптау тарапынан шақырылған куәгерлер де жалған түсінік берген. Мысалы, мен Армангүл Қапашевадан (банкир Жолдас Темірәлиевтің жесірі – Ред.) «Австрия прокуратурасы тегін жұмыс істейді, яғни ешқандай қажеттілік болмаған, бірақ сіз Австриядағы адвокаттық кеңсеге 14 миллион еуроны не үшін жұмсадыңыз?» деп сұрадым. Ол іс жүзінде 10 миллион еуро жұмсалғанын айтты. Әлгі жауабынан кейін мен «Бұл ақшаны кім төледі? Өзіңіз бе әлде басқа біреу ме?» деп сұрадым. Ол көп адам болғанын, бірақ мұны айта алмайтынын мәлімдеді. Меніңше, сот шешіміне бұл да әсер еткен сияқты, – дейді Мартин Махрер Азаттық тілшісіне.

«Нұрбанктің» құрылтайшысы әрі 2007 жылы жоғалып кетіп, қастандықпен өлтірілген Жолдас Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашева 2008 жылдың аяғында «Тағдыр» қоғамдық қорын ашқан. Ол «мақсатым – Рахат Әлиевтің әрекеттерінен жапа шеккен жандарды біріктіру» деп жариялаған.

Рахат Әлиев. Алматы, 2007 жыл.
Рахат Әлиев. Алматы, 2007 жыл.

Қазақстанның Австриядағы елшісі әрі Қазақстан президентінің күйеу баласы болып тұрған кезінде ықпалы мықты болған Рахат Әлиев 2007 жылы қудалауға ұшырап, Австрияда біраз жыл тұрған. Австрия оны экстрадициялау туралы Қазақстан билігінің өтінішін орындаудан бас тартқан.«Банкирлерді ұрлап әкетті және мемлекеттік төңкеріс әзірледі» деген айыппен Рахат Әлиев сырттай 40 жылға сотталған. Ол бұл айыптарды «саяси қудалау» деп мәлімдеген. Биыл ақпанда Рахат Әлиевтің денесі Вена түрмесінің бір кісілік камерасында асылған күйі табылған. Түрмеде былтыр жаздан бері отырған Рахат Әлиев «өміріме қауіптеніп, Австрия билігіне өз еркіммен берілдім» деп мәлімдеген. Оның қазасына қатысты жайттарды тексеру әлі аяқталған жоқ.

«Нұрбанк» топ-менеджерлерін ұрлап әкетіп, өлтіруге қатысы бар деп айыпталатын Мұсаев пен Кошляктың соты ертең жалғасады.

XS
SM
MD
LG