Accessibility links

Рахат Әлиев түрмеде өлі күйінде табылды


Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.
Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.

Австрияда Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің түрмеде қайтыс болғаны хабарланды. Ресми ақпарат бойынша, ол өзіне қол жұмсаған.

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің Австрия түрмесінде өлі күйінде табылғаны хабарланды.

Reuters агенттігінің Австрия сотына сілтеме жасап хабарлауынша, Әлиев "өз-өзіне қол жұмсаған".

​Қазақстандық Vlast.kz сайты Рахат Әлиевтің Венадағы адвокаты Анна Цайтлингерге (Lansky, Ganzger + partner адвокаттық бюросы) сілтеме жасап, 2014 жылдың маусым айынан бері Венада қамауда отырған Әлиевтің "Вена абақтысында асылып қалған күйінде табылғанын" растағанын жариялады.

Австрия ақпарат құралдарының жазуынша, Әлиевтің адвокаты Клаус Айнедтлер клиентінің өз-өзіне қол жұмсағанына күмәнданады. Адвокаттың сөзінше, ол Рахат Әлиевті кеше ғана көрген, оның өзін өлтіруі жайлы сөз болуы да мүмкін емес. Клаус Айнедтлер Әлиевтің қазасы мұқият тексерілетініне сенетінін айтады.

Австриялық Wiener Zeitung басылымының түрме басшысы Питер Прехтлге сілтеме жасап хабарлауынша, Рахат Әлиев өз-өзіне қол салған. Прехтлдің сөзінше, Рахат Әлиевтің суицидтік көңіл-күйі болмаған, сондықтан оған қатаң бақылау жасалмаған. Питер Прехтл Рахат Әлиевтің камерасының шомылатын бөлмесі мен әжетханасынан басқа жеріне видеобақылау орнатылғанын айтты. Австриялық ақпарат құралдарының жазуынша, бинттен жасалған жіпке асылып қалған Рахат Әлиевті сол жерден тапқан. Бұған дейін Рахат Әлиевтің түрме ауруханасындағы бір адамдық камераға сұранғаны хабарланған.

Қазақстан билігі Рахат Әлиевті, ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты және Әлиевтің көмекшісі Вадим Кошлякты 2007 жылы "Нұрбанктің" екі топ-менеджерін өлтіру қылмысына қатысы бар деп айыптайды.

2007 жылы мемлекеттік қызметтен қуылғалы бері президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, Еуропа елдерінде тұрып жатқан Рахат Әлиевті Қазақстан соты "Нұрбанктің" екі топ-менеджері - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысты айыпты деп танып, сырттай ұзақ мерзімге соттаған. Содан бері Астана оны экстрадициялау мәселесін үнемі көтеріп келген. Австрия азаптау мәселесіне қатысты сенімсіздік танытып, екі мәрте Әлиевті Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан. Ал 2011 жылы Австрия прокуратурасы бұл айыптаулар бойынша өз тексеруін бастаған.

Рахат Әлиев өзіне тағылған айыптарды "саяси астары бар" деп жоққа шығарып, өзінің кінәсіз екеніні айтып келген. Былтыр маусымның 5-і күні Әлиевтің соңғы жылдары тұрақтаған Мальтадан Венаға "өз еркімен келгені" хабарланып, ол Австрия билігінің тергеу істеріне көмектесу үшін "тексеру барысындағы қамауда" отырған. Тергеу аясында Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошляк та тұтқындалған.

Желтоқсанның соңында Вена соты Әлиевке адам өліміне қатысты айып таққан. Егер сотта айыбы дәлелденсе, Рахат Әлиев Австрияда сотталуы мүмкін еді. Ал Қазақстанға экстрадицияланса, оны 40 жылдық қамау жазасы күтіп тұрған.​

XS
SM
MD
LG