Орда бұзар отыздан асқан сұр бойдақ өмірімде Алматыда қонақтаған лашықтардың санынан жаңылдым. Көшкенде арқалай салатын зілдей ауыр екі ала қабымда бір қабат киімім мен кітаптарым бар. Тырнаштап зорға сатып алған сол асыл қазынамның көбі тозды, кейбірін тышқан кемірді. Оқылған мәйегі аздау кітаптарды тиянақты тұрақ болғанда келіп алармын деп қала сыртындағы танысыма апарым тастадым да, көштің басын Сарыарқа жаққа бұрдым.
Астанаға келсем, баяғы “әләуләйім”. Шырт-шырт киінген, сүліктей темір тұлпар мінген, зәулім ғимаратта тұрған жұрт. Шіркін, етек-жеңді жиғанша арзан әрі жайлы пәтер кездессе екен. Оны да тентірей іздеп таптым. “Арзанның жілігі татымайды”. Жауын-шашында аяқ алып жүргісіз мидай батпақ, одан қалса сүзе қарап дікектейтін қожайын зығырды шығарады. “Кедей болсаң көшіп бақ” - тағы кеттім қаңғып пәтер қарап.
Оң жағалаудағы бес этажды көнетоз үйдің екінші қабатындағы үш ауызды қоныстың куықтай бөлмесіне келіп жайғасқаныма мәзбін. Шағын дастарханды жайып асымды ішіп отырғам, қамшы тастам жерде бір тышқан емен-еркін ойқастап шыға келді. Сасқанымнан қолымдағы қасықты сермедім, бұрыштағы қуысқа зу етіп кірді де кетті. "Кезбе неме, тіміскілеп жүрмейтін жерің жоқ-ау тегі, көрді тесіп кіретін пәлелі қудың өзісің ғой, әй қайдам, тас қамалдан қоршалған молаға індетіп ену саған оғайға соқпас" деп тыжырына мұқатып қоям. Күндер өте келе тышқан досыма да бой үйренді. Ол қатқан-құтқанды қатыр-құтыр қажап алаңсыз жүре беретін болды.
Отағасымен аман-сәлемім түзу. Сұлу жас келіншегі сызылып тұрады. Бір жолы “имандай шыным, ішіңде жүрсін...” деді де сырын ақтарды. Сөйтсе, жұбайы екеуі заңды некесінен ажырасқан, бұл күнде бір өзі үш балалы қараусыз аналар санатында көрінеді. Екеуара үкіметтің "қолжетімді баспанасын" жамбасқа басып қалу үшін осылай көз бояу тірлік тігісін жатқызған. Бұйыртса, жуықта судай жаңа үйдің кілті қолдарына тиеді. Аңыра тыңдадым, қара қосыма кіріп қисая құладым. "Өңешіңді жырып, өкіметтен үзіп алған үйшігің құрысын!" Кенет жыбыр еткен сыбыр жетті. Қарғып тұрдым. Басы қылтыңдап, құйырығы шошаңдап досым тышқан жарықтық қуысқа сып етіп көзден лезде ғайып боп үлгірді.
Бағай НАЗАРБАЙҰЛЫ
Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.