Accessibility links

Әзербайжан мен Қазақстанда жасөспірім қалыңдықтар көбейіп барады


Әзербайжандық 13 жасар қалыңдық.
Әзербайжандық 13 жасар қалыңдық.

Өткен аптада Әзербайжанның Гәнжә қаласында полицияның араласуымен үйлену тойы өтпей қалды. Қалыңдық бар болғаны 13 жаста екен. Мұндай заңсыз некелер Қазақстанда да жиі кездесе бастады.


Тойшылар той қамымен абыр-сабыр болып, әзербайжанның жас қызы Айтен (аты шартты түрде алынып отыр) тұрмысқа шығуға даярланып жатты. Осы қарсаңда қалыңдықтың жақын дос қыздарымен дәстүрлі сауығы өтіп, оның қолына қынадан ою-өрнек салынды.

Той болар күні таңертең қалыңдық сұлулық салонына барып, туған-туыстары қонақтарды қабылдауға даярлықты аяқтап қалған. Тіпті алғашқы айды қалай өткізу де жоспарланып қойған. Той өткен күннің ертеңіне жас жұбайлар Түркияға жол жүрмек болып отырған деп хабарлайды Азат Еуропа/Азаттық радиосы Әзербайжан редакциясының тілшілері.

Алайда ең соңғы сәтте той болмай қалды, өйткені қалыңдықты сұлулық салонында отырған жерінен полицияға алып кеткен екен. Орта мектептің 8-сыныбында оқитын Айтен бар болғаны 13 жаста екен.

КӨРЕ АЛМАУШЫЛЫҚ ПА, ӘЛДЕ ҚҰТҚАРУ МА?

Айтеннің айтуынша, қызғанған туыстары оның тойына қасақана кедергі келтірген. Өзінен 20 жас үлкен күйеу жігіт өте бай адам, бизнесі, үлкен үйі бар, жанына керектің барлығын жасай алатын еді.

Айтеннің анасы оларды ұятқа қалдырып, қызының бақытты болуына кедергі келтірді деп есептейді:

– Мен өзім тұрмысқа 13 жасымда шықтым. Марқұм күйеуіммен өте жақсы
Шақыру қағазын көргенде қалыңдық әлі кәмелетке толмаған, бар болғаны 13 жаста деді. Біз оны полиция бөліміне шақырып алып, бұл некенің заңсыз болатындығын түсіндірдік.

тұрдық. Менің тағы бір қызым атастырылып қойылған. Өзім аурушаңмын, сондықтан қызымды тұрмысқа бермек болдым, оның үстіне олар «жасауға әуре болмаңдар» деді.

Алайда Гәнжә полиция басқармасы бастығының орынбасары Ильдар Балакишиев анасының қызын сатпақ болғанын да қаперден шығармау керек деп есептейді. Әзербайжан заңы бойынша әйелдер 17 жасқа, ал ерлер 18 жасқа толған соң ғана некеге тұра алады.

– Олар әне-міне үйленбекші болған. Шақыру қағазын көргенде қалыңдық әлі кәмелетке толмаған, бар болғаны 13 жаста деді. Біз оны полиция бөліміне шақырып алып, бұл некенің заңсыз болатындығын түсіндірдік, – дейді Ильдар Балакишиев.

Оның айтуынша, қызды сатпақ болған деген долбарды да қаперден шығаруға болмайды: өзіңіз қараңыз, бар болғаны 40 адам шақырып, үйлену тойын жылдам өткізіп жібермек болған. Қызды алдын-ала медициналық тексеруден өткізіп, оның қыздық белгісінің барлығын растайтын анықтама алған. Әрі, ең бастысы, қызды бірден Түркияға алып кетпек болған.

ӘЗЕРБАЙЖАНДАҒЫ АДАМ САУДАСЫ

Әлемдегі адам саудасы жағдайына қатысты 2010 жылы жарияланған АҚШ мемлекеттік департаментінің жыл сайынғы баяндамасында Әзербайжан адам саудасы құрбандары өтетін транзиттік ел және олардың ақырғы келер орны деп аталған.

Әзербайжанның әйелдері мен балаларын Біріккен Араб Әмірліктерінде, Түркияда, Ресей мен Иранда жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді.

Әзербайжан билігінің адам саудасына тосқауыл қою жөніндегі кейбір әрекеттеріне қарамастан, «Билік адам саудасына қажетті барлық шараларды қабылдауға даярмыз деп мәлімдеді. Бірақ бұны іс жүзінде жүзеге асыруда және жоғары дәрежелі адамдардың жезөкшелік пен құлдық еңбекке қатысы оқиғаларды анықтауда саяси ерік-жігерінің жоқтығы олардың бұл мәлімдемелерін жоққа шығарады», деп хабарлайды Азаттықтың Әзербайжан редакциясы.

Әйелдер құқын қорғаумен айналысатын «Темиз Дуния» («Таза Дүние») үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Мехрибан Зейналова бейресми діни рәсімдер арқылы тым ерте қиылатын некелер жас қыздарға ешқандай құқықтық қорған бермей, оларға қатысты қатыгездік жасалуына, тіпті күйеулерінің оларды сатып жіберуіне де душар етеді дейді.

– Тиісті өмірлік тәжірибесі болмағандықтан, жасөспірім қалыңдықтар өзінің отбасылық өмірін дұрыс құра алмайды. Неке тез бұзылып, бұның арты жамандыққа ұласады. Қыздар адам саудалаушылардың, жеңгетайлардың оңай олжасына айналады, – дейді Мехрибан Зейналова.

ТЫМ ЕРТЕ НЕКЕЛЕСУДІҢ САЛДАРЛАРЫ

Дәрігерлердің пікірінше, тұрмысқа тым ерте шыққан қыздар бала көтермейтін бедеу болып қалады. Дәрігерлер бұның негізгі себебі жасөспірім әйел ағзасының толық дамымауымен, ана болу тәрізді күрделі міндетке даяр болмауымен түсіндіреді. Жасы толысқан әйелдердің туған балаларына қарағанда жасы 18-ге толмаған әйелдердің дүниеге әкелген нәрестесінің алғашқы жылы шетінеп кету қаупі анағұрлым көбірек болатын көрінеді.

Заңгерлер мұндай некеде қыздардың ешқандай құқының болмайтындығын
13 жасар қыз бала өзі әлі бала болып тұрып жас баланы қалай тәрбиелейді? Дүниеге әкелген баласы ол үшін тек қуыршақ қана болуы мүмкін.

көлденең тартады: олардың некесі ресми түрде тіркелмегендіктен, ажырасқан жағдайда әйелдер өзіне тиесілі дүние-мүлік пен балаларына алимент алудан қағылады.

Гәнжә аймақтық әйелдер орталығының төрайымы Малейка Ализаде мұндай оқиғаларды Әзербайжанның барлық аймақтарынан кездестіруге болады дейді:

– Әдетте ата-аналар бұны әлеуметтік мәселелермен байланыстырады. Алайда қыз баланың 13 жасында отбасын құрып, некеге тұруға физиологиялық жағынан да, психологиялық жағынан да даяр еместігін олар білулері керек. Сондықтан да мұндай отбасыларда елеулі проблемалардың болары сөзсіз. 13 жасар қыз бала өзі әлі бала болып тұрып жас баланы қалай тәрбиелейді? Дүниеге әкелген баласы ол үшін тек қуыршақ қана болуы мүмкін.

БАЛА ҚҰҚЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ

БҰҰ балалар қорының Әзербайжандағы өкілдігі тым ерте қиылатын некеге байланысты алаңдаушылық білдіреді. Әзербайжан ратификациялаған Бала құқы жөніндегі 1989 жылғы конвенция тек 18 жастан бастап қана отбасын құруға болады деп белгіленген.

Халықаралық стандарттар бойынша, некеге бұдан ертерек тұру адам құқын бұзу болып табылады - әсіресе бұл баланың еркіне қарсы жасалып жатса, тіпті ауыр қылмыс.

Әзербайжанның отбасы, әйелдер және балалар істері жөніндегі мемлекеттік комитеті Қоғамдық ғылымдардың халықаралық орталығымен және БҰҰ-ның Балалар қорымен бірлесе отырып елдің төрт аймағында 488 адамға сұрау салу жүргізді. Зерттеу деректері бойынша, сұрау салынғандардың 58 пайызы ерте некелер қыздың толық келісімінсіз қиылады деп жауап берді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕРТЕ НЕКЕЛЕСУ

Ерте және мәжбүрлі некелер Қазақстанда да талқылана бастады. Бұл тақырыпқа қоғамдастық әлі жіті назар аудара қойған жоқ. Zonakz.net веб-сайтының хабарлауынша, жақында Алматыда имамның, дәрігерлердің және азаматтық белсенділердің қатысуымен болған дөңгелек үстелде осы тақырып талқыланған.

Қазақстанда ерлер мен әйелдер 18 жастан бастап некеге тұра алады. Тек ерекше бір жағдайларда ғана 16 жастан некелесуге рұқсат беріледі. Алайда елде ерте некеге байланысты статистика жоқ. Қазақстанның қылмыстық
Жасөспірім қыздар жүктілігінің үлкендерден айырмашылығы жоқ, бірақ мерзімінен бұрын шала босану мен салмағы төмен баланы дүниеге әкелу қаупі көбірек.

кодексінде некеге ерте тұрғаны үшін жаза қарастырылмағанымен (ескі кодексте бар болатын), мұндай көптеген отбасылар АХАЖ бөлімінде тіркелмейді. Ерте некеге тұрудың кең таралғанын мына жағдайдан байқауға болады. Алматы қаласы мен қала маңындағы Өтеген батыр және Рахат кенттеріндегі мектептерде сұрау салынған 200-ге тарта жасөспірімдердің 45%-ы қыз алып қашуға өздерінің қатысқанын немесе оған қатысқан таныстарының бар екендігін айтқан деп жазады Zonakz.net веб-сайтының журналисі Владислав Юрицын.

«Қыздар мен әйелдердің құқықтарын бұзатын әлеуметтік-мәдени қасаң көзқарастарды аттап өтудің жолдары» атты дөңгелек үстелге қатысушылар ислам жолымен неке қию кәмелетке толмаған қыздармен неке қатынасын азаматтық жағынан заңдастырудың көп таралған түріне айналды деп атап өтті.

Ерте некелесудің соңы қыздардың білім алмай қалуына, жұмысқа тұра алмауына, денсаулығының бұзылуына душар етеді. «Жасөспірім қыздар жүктілігінің үлкендерден айырмашылығы жоқ, бірақ мерзімінен бұрын шала босану мен салмағы төмен баланы дүниеге әкелу қаупі көбірек» деді осы дөңгелек үстелде Алматы емханасы әйелдер консультациясының меңгерушісі Арна Жексенбиева. Жұбайлық міндетті ерте бастау физиологиялық және психологиялық проблемаларды туындатады дейді маман.
XS
SM
MD
LG