Accessibility links

Нәресте ұрлаған әйел сотталды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Алматыдағы № 1 перзентханада дүниеге келгеніне үш күн болған сәбиді ұрлаған келіншек 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұрланған баланың туыстары бұл жазаны әділ деп айту қиын дейді.


Дүйсенбі, наурыздың 14-і күні Алматының Алмалы аудандық соты, перзентханадан жаңа туылған нәресетені ұрлаған азаматшаға қатысты үкім шығарды.

- Қылмыстық кодекстің 125 бабы негізінде 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығаралды, - деді Алмалы аудандық сотының төрағасы Арман Шамшиев.

Оның сөзінше, қылмыстық істі қарау барасында айыпталушы Анна Савчинаның өз кәнісін толығымен мойындағаны және оның үш жастағы қызы бар екендігін ескеріп, тағылған айып негізінде мүмкіндігінше жеңіл жаза тағайындаған көрінеді.

КҮЙЕУІНЕН ҚОРҚЫП БАЛА ҰРЛАУ

Дегенмен, айыпталушының адвокаты Евгений Стуканов бұл шешім тым қатал екенін және оны қайта қарауды талап ететіндігін айтып отыр.

Ал ұрланған баланың әжесі Татьяна Анатольевна сот үкіміне қатысты қандайда пікір айтудың қиын екендігін жасырмады.

- Үкімге қатысты не айтарымды білмеймін. Қандайда пікір айтуы қиын, - дейді Татьяна Анатольевна.

2010-шы жылғы қарашаның 20-ы Алматыдағы №1 перзентханада жаңа туылған Ратмир Юсупжанов жоғалып кеткен еді. Арнайы жүргізілген операция барысында полиция баланы ұрлап әкеткен Анна Савчинаны тұтқындады. Үш күннен кейін ұрланған бала ата-анасына қайтарылды. Бұл оқиғадан бес күн өткеннен кейін аталған перзентхананың бас дәрігері қызметінен босатылды.
Коснтантин Скоробогатов, жәбірленуші жақтың өкілі. Алматы, 14 наурыз 2011 жыл

Жәбірленуші жақтың өкілі Константин Скоробогатовтың сөзінше, бұл қылмысқа перзентхана басшылығы мен қызметкерлерінің де кінәсі бар.

- Перзентхананың бас дәрігері өзі басшылық еткен мекеменің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі міндетті еді. Бұған дейін де дәл осы перзентханада осыған ұқсас оқиға болғаны белгілі. Соған қарамастан, мекеме басшылығы, ондағы қызметкерлер және қалалық денсаулық сақтау департаменті ешқандай шара қолданбады. Күзетшілер мен бейне бақылау камераларын орнатқанда мүмкін бұл жағдай қайталанбас па еді, - дейді жәбірленуші жақ өкілі.

Оның сөзінше, айыпталушы Анна Савчина осыдан үш жыл бұрын дәл осы перзентханада босанған. Ол бұл перзентханада ешқандай бақылау мен тәртіптің жоқ екендігін өз көзімен көріп-білген. Сондықтан Савчина өз ойын дәл осы перзентханада жүзеге асырған деп отыр.

Сот ісі материалдары бойынша 25 жастағы Анна Савчинаның алғашқы күйеуінен тапқан үш жастағы қызы бар. Екінші рет тұрмысқа шығып, аяғы ауыр болғанымен түсік тастаған. Екінші күйеуі тастап кетеді деп қорыққан ол, жаңа туған нәрестені ұрлап алған.

СОТ ҚАТАҢ ТҮРДЕ ҚАДАҒАЛАУДЫ ТАПСЫРДЫ

1-ші перзентханада бұған дейін де бала ұрлау оқиғасы тіркелген. Осыдан үш жыл бұрын дәл осы перзентханада медбике өмірге келгеніне екі-ақ күн болған қыз баланы ұрлап кеткен еді. Ол жолы сәби көп кешікпей Алматының шетіндегі үйлердің бірінен табылып, аман-есен 19 жастағы анасына қайтарылған болатын.

Ал оны ұрлаған №1 перзентхана медбикесы осылайша бала туа алмайтын туысына «жақсылық» жасамақ болған. Сол кезде полиция перзентхана басшылығын емес, тек медбикеге қатысты қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартқан еді.
Арман Шамшиев, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының төрағасы. Алматы, 14 наурыз 2011 жыл

Осыны ескерген сот, Алматы қалалық прокуратурасына перзентхана қызметкерлерінің жұмысын бақылауға алып, босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

- Сот Алматы қаласының прокуроры мен денсаулық министрлігін бірнеше мәселеге назар аударып, тиісті шара қолдануды тапсырады. Біріншісі, қылмыстық іске жол берген нөмірі 1-ші перзентхана қызметкерлерінің қызметіне назар аударып және мұндай қылмысқа ендігіде жол бермеу үшін алдын алу жұмыстарының жүргізілуін қадағалау. Жүргізілген жұмысқа қатысты бір ай мерзімінде Алматы қалалсының Алмалы аудандық сотына хабар беруі тиіс, - деді Алмалы аудандық сотының төрағасы Арман Шамшиев.
XS
SM
MD
LG