КАРТОПҚА КЕТКЕННЕН ОРАЛМАДЫ
2010 жылы қыркүйектің 1-і күні Бішкекте 12 жастағы Қазақстан азаматы – Ақылбек Назаров белгісіз жағдайда жоғалып кетті. Жасөспірімнің ата-анасы бұл істі Қазақстанның арнайы қызметінен көреді. Соңғы екі айда Қырғызстандағы босқындардың жоғалып кетуі осымен екінші рет тіркеліп отыр. Жоғалған екеуі де - Қазақстанның батысындағы дәстүрлі емес діни топ өкілдерінің отбасынан.
Ақылбек Назаров сәрсенбі күні сағат 14.00 шамасында Бішкекте тұрып жатқан үйінен дүкенге шығады. Үйден 300 метр қашықтықта орналасқан дүкеннен анасының тапсырмасымен картоп алып келуге кеткен. Алайда бала сол кеткеннен үйге қайтып оралмаған.
– Шамамен жарты сағат өткенде мен оны іздей бастадым. Далаға шығып, баруы мүмкін жерлердің барлығын қарап шықтым. Еш жерден таппадым, – дейді жасөспірімнің әкесі Назар Жұбанышев.
Ата-ана сол күні-ақ Бішкектегі БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Бас комиссары басқармасының кеңсесіне, жергілікті милицияға арыз жазған. Әзірге ешқандай хабар жоқ.
Қазақстан азаматтары Назар Жұбанышев, Диянат Ердешов, Абзал Сайфоллаұлы және Қанат Өскембаевтар діни көзқарастары үшін Қазақстанды тастап кетуге мәжбүр болғандарын айтып, отбасыларымен бірге осыдан біраз уақыт бұрын Қырғызстандағы БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша Жоғарғы комиссары кеңсесінен көмек сұраған. Алайда әлі күнге дейін олардың мәселесі шешілмей жатыр.
Қырғызстанды сағалаған бұл босқындар өздерін белгісіз біреулердің аңдығандарын, үйлерін заңсыз тінткендерін айтады.
ЕКІ АЙДА ЕКІ АДАМ ЖОҒАЛДЫ
Азаттық радиосы шілде айының 13-і күні Қырғызстанның Кант қаласында тұрып жатқан босқын қазақ әйелі Самал Қисметованың жоғалып кеткендігін хабарлаған еді. Дәрігердің қабылдауына кетіп, сол күйі үйіне оралмаған 24 жастағы әйел тек тамыздың 12-сі күні ғана табылды.
Самал Қисметова өзін белгісіз үш адамның ұрлап, Қазақстанға алып кеткенін айтқан.
– «Өлтіреміз» деп қорқытып, өзінің Қырғызстанға теракт ұйымдастыруға келгені туралы жалған куәгерлік жасатқызған. Дәл осындай жаланы бізге де жапқызған. Оның айтқан сөздерін түгелдей бейнетаспаға түсірген, – дейді Бішкектегі босқындардың бірі.
Самал Қисметованы еркінен тыс ұстағандар оған күш көрсетіп, ұрып-соққан, денесінде содан қалған іздер бар дейді өзге босқындар. Ұрлаған адамдар келіншекті туберкулезден емдейтін ауруханаға алып келіп, «сұрағандарға осында жаттым деп айтасың» деп ескертіп, сол жерге қалдырып кеткен. Қазір Самалдың ұрлануына қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бішкектегі қазақ босқындары соңғы екі айда болған осы екі жайтқа Қазақстанның арнайы қызметінің қатысы бар деген ой айтады.
ДІНИ СЕНІМІ ҮШІН ҚУҒЫН КӨРУ
1996 жылы Батыс Қазақстандағы бірнеше отбасы «елдегі ресми ислам діни басқарманың уағыздайтыны шынайы дінге сәйкес келмейді» деп, мешітке баруды тоқтатқан. Олар намазды өзара бірігіп оқи бастаған. Кейін қауымдастық мүшелері көбейіп, 15 жылдың ішінде дәстүрлі емес діни қауымдастыққа 400 адам кірген.
«Орталық Азиядағы адам құқығы» ассоциациясының ақпаратына қарағанда, 1998 жылы осы қауымдастықтың 15 мүшесі ешқандай заңды негізсіз тұтқындалған. Қалғандары полицияның тіркеуіне алынған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қауымдастықтың 14 мүшесі жалған айыптаулар негізінде түрмеге жабылған, оның үшеуі әлі күнге дейін темір тордың арғы жағында отыр.
Осы қауымдастыққа кіретін 60 отбасы 2005-2006 жылдары Қазақстаннан кетіп, барлығы дерлік Еуропа Одағы елдерінен саяси баспана сұраған болатын. Олардан кейін де діни сенім-нанымы үшін сырт елге қоныс аударуға мәжбүр болғандар бар.
Атырау облысында азаматтар діни наным-көзқарасы үшін билік орындары тарапынан қысымға ұшырайтындығы туралы Азаттық радиосы бұған дейін бірнеше рет хабарлаған еді. Осындай себептермен қудалауға түскендіктен, ондаған адам 2006 жылы бала-шағасымен Батыс Қазақстаннан Чехияға қашып барды. Қазір олардың жалпы саны екі жүзден асады.
Бірақ Чехия билігі бұл босқындардың Қазақстанда жүйелі түрде қуғын-сүргінге ұшырайтындығына айғақ-дәлелдер жоқ деген желеумен оларға босқын мәртебесін бермей отыр. Сол себепті Батыс Қазақстаннан барған кейбір босқындар Чехиядан Еуропа Одағының өзге елдеріне заңсыз өтпек болды.