Accessibility links

Кәсіпорын: айыппұл мөлшері зиян көлеміне сай емес


Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы өндірістік кәсіпорындар. (Көрнекі сурет)
Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы өндірістік кәсіпорындар. (Көрнекі сурет)

Қарағанды металлургиялық кәсіпорны «экологиялық заңды бұзғаны» үшін салынған 36 миллион теңгеден көп айыппұлмен келіспейді. Қарағанды облысында мұндай ірі айыппұлдар сирек салынады. Кәсіпорын өкілдері «зиян көлемін жеті есе асырып көрсеткен» деп мәлімдейді.

Сәуір айында Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты облыстық экология департаментінің «экологиялық заңды бұзғаны» үшін Monopoly-SSA металлургиялық компаниясынан «келтірілген зиянды» толық көлемде өндіріп беру туралы талап-арызын қанағаттандырды. Талап-арыз кәсіпорында тексеру жүргізілгеннен кейін түскен. Азаттыққа соттың хабарлауынша, мемлекеттік бюджетке Monopoly-SSA компаниясынан 36 милион 807 мың теңге көлемінде зиян өндірілмек.

Сот шешімінде «Экологиялық заң талаптарын орындау барысын жоспардан тыс тексеру нәтижесінде экологиялық заң талаптары бұзылғаны анықталды, атап айтқанда, атмосфераға бөлінген зиянды заттар эмиссиясы нормадан асып кеткен, 2015-2018 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары жоспары орындалмаған, қауіпті қалдықтардың паспорты жоқ» деп жазылған.

«Зиян көлемін экономикалық тұрғыдан бағалаумен келіспейтінін» мәлімдеген Monopoly-SSA компаниясы зиянды өтеу туралы талап-арызбен келіспейді. Олар «қадағалаушы ведомствоның есептері тоқтап, ал кәсіпорын жұмысы тұралап қалғанын» айтып шағымданады.

«ЗИЯН» СОМАСЫМЕН КЕЛІСПЕЙМІЗ

Компания кеңсесі Қарағандыда, ал зиянды заттарды көп бөлетін әрі миллиондаған теңгенің талап-арызына түрткі болған металлургиялық пештің өзі Қарағанды облысының Балқаш қаласында орналасқан. Monopoly-SSA компаниясы заңгері Мақсұт Шәріпов Азаттыққа:

Біз экология департаментінің біздің үстімізден түсірген талап-арызындағы ұйғарымы емес, онда көрсетілген сома көлемімен келіспеген едік. Зиянды қалдықтар нормадан асып кеткен жағдайлар болғанын мойындаймыз, бірақ олар жазған көлемнен аз ластағанымызды растайтын құжаттарды көрсеткенімізбен, оны тым асырып есептеген.

- Біз экология департаментінің біздің үстімізден түсірген талап-арызындағы ұйғарымы емес, онда көрсетілген сома көлемімен келіспеген едік. Зиянды қалдықтар нормадан асып кеткен жағдайлар болғанын мойындаймыз, бірақ олар жазған көлемнен аз ластағанымызды растайтын құжаттарды көрсеткенімізбен, оны тым асырып есептеген. Біздің есебімізше, зиян көлемін жеті есе асырып жіберген. Ал сот біздің уәждерімізді негізсіз сынап, елегісі келмейді деп санаймыз, - дейді.

Кәсіпорын былтыр қыркүйектен бері жұмыс істейді. Ол құрамында мыс бар шикізатты өңдеп, мыс штейні түріндегі дайын өнімді сатады, бұл - түсті металдардың кей түрін алған кезде қалатын өнім. Компания «ауаны көбінесе күкірт диоксиді ластайды» деп мәлімдейді. Заңгер Мақсұт Шәріповтің айтуынша, табиғатты қорғау заңын ешбір кәсіпорын 100 пайыз орындай алмайды. Оның айтуынша, миллиондаған теңгенің айыппұлы мен сот сергелдеңі кәсіпорын жұмысының тоқтап қалуына ұласқан.

- Мына сияқты қомақты айыппұл салып тастағаннан кейін экономикалық саясатымызды қайта қарай бастадық. Жалақы төлеу кешіктіріле бастады. Жұртты жалақысыз бос ұстамас үшін қазір кәсіпорынды уақытша тоқтатып, оны қайтадан іске қосуға ақша іздеп жатырмыз, ақыры не болатынын көреміз. Заң жүзінде компания жұмыс істеп тұр деп саналады, бірақ өндіріс тоқтап қалды. Қызметкерлердің бір бөлігі жұмыс істеп, ал қалғандары әзірше жұмыссыз отыр. Мына жағдай реттелер деп үміттенеміз. Оны сот билігі шешеді. Мына қиындыққа қарамастан, мемлекет қана емес, шағын және орта бизнестің мүддесін де қорғайды деп сенеміз, - дейді Мақсұт Шәріпов.

Оның айтуынша,Қазақстандағы шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында жұмыс істейтін компанияда әкімшілікті қоспағанда, 200-ге жуық жұмысшы бар. Заңгердің айтуынша, соттасуға түрткі болған зиянды заттар бөлетін барботаж пеші - Қазақстанда жалғыз пеш әрі «ноу-хау» саналады. Оның көмегімен мыс штейні құрамындағы мысты 50 пайыздан көбейтуге болады . Мақсұт Шәріповтің айтуынша, зиянды қалдықтарды өңдеуге бұрынғы тазарту жүйесінің мүлде шамасы келмейтін, бірақ кәсіпорында тазарту жүйесін іске қосқаннан кейін «зиянды заттарды артық бөлу тоқтаған».

Компания соттың 36 миллион «зиян» өндіру туралы шешіміне қатысты шағымданбақ. Қазір сотта биліктің Monopoly-SSA компаниясынан 50 миллион теңге зиянды өндіру туралы талап-арызымен бірге компания жұмысын уақытша тоқтату туралы талап-арыз да қаралып жатыр. Компания өкілдері бұл арыздармен келіспейді.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖАЙЛЫ ҰСЫНЫСТАР

Қарағанды облысында Балқаш, Теміртау, Жезқазған және Сәтпаев қалалары «қауіпті аймақта» орналасқан. Экологтар металлургиялық өнеркәсіп пен көмір жағатын электр жылу станцияларын ең қауіпті ластау көздері деп атайды. «Қарағанды облыстық экологиялық мұражай» қоғамдық ұйымы директоры Дмитрий Калмыковтың Азаттыққа айтуынша, Қазақстанда экологиялық бақылау талаптары мүлде әлсіз, өйткені «мемлекет экономиканы дамытуға көбірек көңіл бөледі».

Қоршаған ортаны ластағаны үшін үнемі төлей бергеннің орнына, ластаушы кәсіпорынға тазарту жүйесін орнату тиімді болу үшін ластаушы заттар эмиссиясы (ауаға тарауы, өндіріс қалдықтарын тастау, қалдық суларды ағызу сияқты) төлемін көбейту керек.

- Қоршаған ортаны ластағаны үшін үнемі төлей бергеннің орнына, ластаушы кәсіпорынға тазарту жүйесін орнату тиімді болу үшін ластаушы заттар эмиссиясы (ауаға тарауы, өндіріс қалдықтарын тастау, қалдық суларды ағызу сияқты) төлемін көбейту керек. Ал бізде қоршаған ортаны ластағаны үшін кәсіпорын төлеуі тиіс қауіпті заттар атауының тізімін 16-ға дейін қысқартып тастады, сондықтан кәсіпорындарға ластауды азайту үшін ештеңе істемей, ластаушы заттар эмиссиясы үшін болмашы айыппұл төлей салу жеңіл. Қазақстанда жол салу, денсаулық сақтау, білім беру саласын қаржыландыру үшін бюджетке ақша түсіп тұрса болды, ал қоршаған ортаны қорғауға көңіл бөлінбейді. Қазір экономикамыздың күні қоршаған ортаны ластағаны үшін жиналатын төлемдерге қарап қалғандай көрінеді, экономика мұндай төлемдердің көбірек болуына мүдделі сияқты, - дейді эколог Дмитрий Калмыков.

Калмыков экологиялық инспектор кәсіпорынға кез келген уақытта еркін кіріп, нақты заң бұзушылықтарды анықтай алатын Германия, Нидерланды, АҚШ сияқты дамыған елдерді мысалға келтіріп, «ал Қазақстанда мұндай тәртіп жоқ» дейді. Сондықтан «Қарағанды облыстық экологиялық мұражай» қоғамдық ұйымы билікке экологиялық кодекске өзгеріс енгізуді, экологиялық бақылауды күшейтуді ұсынған.

Мысалы, ауаға бөлінетін уытты заттардың нақты көлемін үнемі біліп отыру үшін мемлекет есебінен ірі өндіріс орындарында өлшеу жүйелерін орнатуды ұсынған. Сол кезде кәсіпорындарды тексерудің қажеті болмас еді. Бірақ билік экологтардың бұл ұсынысын құптамады.

Кәсіпорында жоспарлы тексеру болатынын алдын ала ескертіп қояды. Мұндай амалмен «жасырып-жаба» алмайтын заң бұзушылықтарды ғана табуға болады. Ал кәсіпорындар заң бұзушылықтың көбін «жасырып» үлгереді де, тексеруші қауіпті ештеңе таппайды. Сондықтан тексеру тиімділігі мүлде нашарлап кетті.

- Кәсіпорында жоспарлы тексеру болатынын алдын ала ескертіп қояды. Мұндай амалмен «жасырып-жаба» алмайтын заң бұзушылықтарды ғана табуға болады. Ал кәсіпорындар заң бұзушылықтың көбін «жасырып» үлгереді де, тексеруші қауіпті ештеңе таппайды. Сондықтан тексеру тиімділігі мүлде нашарлап кетті. Мұның коррупциямен күресу үшін жасалған амал екенін түсінеміз, бірақ бұдан қазір қоршаған орта зардап шегіп жатыр, - дейді Дмитрий Калмыков.

Дмитрий Калмыковтың айтуынша, кәсіпорындар қоршаған ортаға бөлетін қауіпті заттар тізімі Қазақстанда мүлде қысқарып қалған. Тізімнен мысалы сынап, калий цианиді, мышьяк сияқты жүздеген қауіпті заттарды алып тастаған. Бірақ күкірт және азот оксидтері, көміртек оксиді, шаң-тозаң сияқты негізгі ластаушылар қалған. Бірақ экологтардың айтуынша, өнеркәсіп ошақтарынан бөлінетін зиянды заттар өмір сүру ұзақтығына көп әсер етеді. Сондықтан экологтар елде экологиялық бақылауды күшейту қажеттігіне биліктің назарын талай аударған.

Қарағанды облыстық экология департаментінің БАҚ-пен жұмыс істеуге жауапты қызметкері Мәруа Ибраева да, кейінірек Дархан есімді маманы да Азаттыққа облыс бойынша статистикалық деректер - зиянды заттар бөлгені үшін Monopoly-SSA компаниясынан өзге тағы қандай кәсіпорындарға айыппұл салынғаны және қазір департамент ластаушы кәсіпорындармен қандай жұмыс жүргізіп жатқаны туралы ақпарат беруге уәде еткен. Бірақ уәде етілген жауап әлі түскен жоқ. Мамандар «жұмысбастылық пен басшылықпен әлі келісілген жоқ» деген уәжге сілтейді.

XS
SM
MD
LG