Қарашаның 12-сі күні Талдықорған гарнизонының әскери сотында "14 шекарашыны, бір орманшыны өлтірді" деген айып тағылған Владислав Челахтың ісі бойынша сот тыңдауы жабық өтті.
Түстен кейін Челахтың негізгі соты қарашаның 19-ы күні Талдықорған қалалық сотында басталатыны белгілі болды.
Азаттық тілшісі түске дейін болған алдын ала тыңдауда адвокат Серік Сәрсеновтің сотқа бірнеше өтініш түсіргенін хабарлады. Онда Челахты айыпталушы ретінде сотқа тарту қаулысын бұзу, тергеу кезінде заң бұзылғандығы туралы қаулы шығару, қосымша тергеу тағайындау, Челахтың маусымның 5-і күні жазған мойындауын дәлел есебінде санамау, сот отырыстарын аудиотаспаға жазып отыру, адвокат Мұхаметсадықованың қызметінен бас тартуы туралы жазылған. Сот өтініштердің көпшілігін қабылдамай, олар негізгі сот отырысында қаралатындығын айтқан.
Қазақстан ақпарат құралдарының хабарлауынша, адвокат "Челахтың алқа билерден де бас тартқанын" айтқан. Айтуынша, "алқа билер әділдігіне күмән бар, олардан бас тарту жайлы Челахтың туыстарымен де келісілген".
"Істі алдын ала тыңдау шеңберінде Челах және оның қорғаушысы істің сотта алқа билерінің қатысуынсыз қаралуы туралы мәлімдегенін" бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков те растады.
Арқанкергендегі оқиға 2012 жылы мамырдың 30-ы күні мәлім болды. Қазанның 1-і күні Арқанкерген бекетіндегі 14 шекарашы мен орманшының өліміне кінәлі деп қамауға алынған Владислав Челахқа "екі және одан да көп адамды өлтірді", "әскери қызметтен қашты", "әскери мүлікті зақымдады", "әскери қаруды ұрлады", "орманшы мен командирдің жеке мүлкін ұрлады" және "бөтен кісінің үйіне заңсыз кірді" деген айыптар тағылды.
14 шекарашының үшеуінің - Денис Рей, Рүстем Ақылбаев пен Мейірхан Именовтің мәйіттері танылмады. Сарбаздардың ДНК сараптамасын анықтау үшін сүйектер Германияға жөнелтілді. Қыркүйектің 27-сі күні әскери прокуратура Ақылбаевтың ғана сүйегі анықталғанын айтты. Германиядағы сараптамадан анықталмаған екі мүрдені Рей мен Именовтің ата-аналары алудан бас тартты.
Тірі қалған жалғыз шекарашы - 19 жастағы Владислав Челах маусымның 5-інде ұсталды. Маусымның 7-сінде Челахтың «серіктерін өлтіргенін» мойындағаны туралы хабарланды. Челахтың туыстары оған сенбейтіндерін айтты.