Accessibility links

Велосипедпен Брюссельден Астанаға саяхат


Астанаға велосипедпен келген бельгиялық азамат Гильом Брюир. Астана, 2 қазан 2013 жыл.
Астанаға велосипедпен келген бельгиялық азамат Гильом Брюир. Астана, 2 қазан 2013 жыл.

Брюссель қаласынан велосипедпен шыққан бельгиялық Гильом Брюир осы аптада Астанаға келді. Оның көлігі күннен қуат алады.

23 жастағы саяхатшы Гильом Брюир сапарының мақсаты, жолдан алған әсерлері мен кездестірген адамдары жайында Азаттық тілшісіне сұхбат берді.

Азаттық: Гильом, сіздің кәсібіңіз не? Мамандығыңыз қандай?

Гильом Брюир: Мамандығым - инженер. Бельгияда инженер болып істедім. Бірақ өмірімде ерекше бірдеңемен айналысқым келіп, жұмыстан шығып кеттім. Қазақстанға өзім құрастырған, күн қуатымен жүретін велосипедіммен барғым келді.

Азаттық: Саяхатқа қандай мақсатпен шықтыңыз?

Гильом Брюир: Жұртқа автомобиль мен ұшақтан басқа да көлік түрлері бар екенін көрсету үшін шықтым. Мен сияқты күн қуатымен жүретін велосипедпен де саяхаттауға болады. Бұл велосипед ешқандай отынды, электр қуатын қажет етпейді. Жолда тез жүру үшін батареяны қуаттандыратын күн сәулесі болса жетіп жатыр. Сапарымның басты мақсаты – жұртты жаңа технологияларды пайдалану мен дамытуға ынталандыру.

Гильом Брюир (сол жақтан төртінші) Астанада достарымен суретке түсіп тұр.
Гильом Брюир (сол жақтан төртінші) Астанада достарымен суретке түсіп тұр.
Азаттық: Саяхатыңызды неліктен Астана қаласында аяқтадыңыз?

Гильом Брюир: Бельгиядан шығып, Шығысқа барғым келді. Мені әсіресе Орталық Азия қызықтырды. Арал теңізін зерттегім келген, бірақ ол жақта ешқандай қала жоқ екен, ұзақ уақытқа қала алмадым. Үлкен қала ғой деп Астананы таңдап, осында келдім.

Азаттық: Бұрынғы совет елдерінен қандай мәдени ерекшеліктерді байқадыңыз? Адамдары, жолдары қандай әсер қалдырды?

Гильом Брюир: Жол нашар екен. Құрастырған көлігімнің кез келген жолға жарамды болғанын қалағандықтан, жолдар мен үшін де сынақ болды. Өзімді раллиге қатысып жүргендей сезіндім. Бірақ мұндағы жолдар көп ұзамай жөнделіп, асфальт төселеді деп ойлаймын. Саяхатшы ретінде мұндай жолдармен жүру бір жағынан қызық болды. Бірақ жергілікті тұрғындар үшін күн сайын шаң-топырақтың арасында жүру қандай қиын екенін түсінемін.

Ал адамдар туралы айтсам, мәдениет жағынан үлкен айырмашылық бар. Жолыққан адамдардың көбі достық пейіл танытты. Қиналған кезімде жол сілтеп, көлігіме қарасып, ас-су ұсынғандар болды. Олармен аздап орысша сөйлесуге тырыстым.

Гильом Брюирдің қазақ даласында қалай ас әзірлегенін мына видеодан көре аласыз:



Азаттық: Брюссельден Астанаға дейін қанша күнде жеттіңіз?

Гильом Брюир: Астанаға үш айда жеттім. Брюссельден маусым айының аяғында шыққанмын. 10 мың шақырым жол жүрдім. Әуелі Дунай өзені арқылы Еуропаны, кейін Түркия, Грузия, Әзербайжан, Бакуды басып өттім. Күн сайын велосипедпен 150 шақырым жүріп отырдым.

Азаттық: Жолда қандай қиындықтар кездесті?

Гильом Брюир: Мәдени ерекшеліктер, тіл білмеу, ауа райын, шекарадан өту біраз қиындық тудырды. Бірақ жол-жөнекей көмектескен адамдар да көп болды. Көмек керек кезде тілім жететін қарапайым сөздерді пайдаланып, ымдап болсын түсінісуге тырыстым.

Өзбекстан шекарасына таяу Бейнеу деген жерде әлдебір жігіттер кемпингке арналған заттарымды ұрлап кетті. Қынжылдым әрине. Бірақ ондай жаман жігіттер барлық жерде бар ғой, ештеңе етпейді. Саяхатқа кейбір қиындықтар болатынын біліп шығасың ғой. Қайткенмен жат жерде өз үйіңдей жүре алмайсың.

Енді саяхатқа электр қуатымен жүретін көлік немесе электр мотоциклімен шығатын шығармын. Әйтеуір велосипедтен тезірек жүретін көлік болса деймін. Бұл жолы саяхатқа жалғыз шықтым. Келесі жолы достарыммен шығамын ба деп отырмын.

Азаттық: Сұхбат бергеніңізге рахмет.
XS
SM
MD
LG