Accessibility links

Алматыда бағдаршам бір аптада екі мәрте өшті


Жол апаты. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.
Жол апаты. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Алматының бірнеше көшесіндегі бағдаршамдар өшіп қалып, жол қозғалысы қиындаған сәтте Азаттық тілшісінің көзінше бір адамды көлік қағып кетті.

Қыркүйектің 26-сы күні таңғы сағат 12:00 шамасында Азаттық тілшісі Шевченко мен Шагабудинов көшелерінің қиылысында жеңіл автокөліктің жаяу жүргіншіні қағып кеткенін көріп, оқиға болған жерге жеткенде зардап шеккен бойжеткенге бірнеше адам алғашқы көмек көрсетіп жатыр екен. Бірі жерде жатқан қыздың қолын уқалап, екіншісі бетіне су бүркіп, енді біреулер жедел жәрдем қызметіне телефон шалып, тезірек келулерін сұрап жатты.

«ТАҢНАН БЕРІ ІСТЕМЕЙ ТҰР»

Көлік апатынан зардап шеккен 21 жастағы бойжеткен – Айдана есімді Алматы медициналық университетінің 5-курс студенті болып шықты. Жанындағы екі қыз Азаттық тілшісіне осы жерде орналасқан жатақханада барлығы бірге тұратындарын айтты.

– Мына бағдаршам бүгін таңертеңнен бері істемей тұр. Жұрт жолдан әупірімдеп өтіп жатқан. Айдананы машина қағып кеткені туралы суық хабарды естіп келдік осы жерге, - деді студенттер Азаттыққа.

Оқыс оқиға болғаннан шамамен жарты сағаттай уақыт өткенде жол полициясының қызметкері, тағы бес минуттан соң дәрігерлер де жетті. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Шевченко көшесінің бойындағы көше қиылыстарының барлығында бағдаршам істемей, кептеліс болып жатқасын кешігіп келгенін түсіндірді.

Зардап шеккен студентке алғашқы жәрдем көрсеткен дәрігерлер Азаттық тілшісіне «оның денсаулық жағдайын ауыр деп бағалауға болады» деп хабарлады.

ВИДЕО: Бағдаршам өшкен кездегі жол апаты
Бағдаршам өшкен кездегі жол апаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:30 0:00

«ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІНДЕГІ АПАТ»

Азаттық тілшісі бейсенбі күні сағат 10:45 кезінде Байтұрсынов көшесінің Шевченко және Жамбыл көшелерімен қиылыстарындағы бағдаршамдар істемей тұрғанын байқаған еді. Реттеусіз қалған қиылыстан тезірек өтуге асыққан көліктер жол үстінде кептеліп, жаяу жүргіншілердің де жолдан өтуі қиынға соқты. Тек түскі сағат 13:00 кезінде жол полициясы қызметкері Шевченко мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысын реттеуге кірісті.

Тұрғындар бұл көшелерде аптаның жұмыс күндері көлік қозғалысы қалың болатынын, ал бүгін көлік саны ерекше көбейгенін айтады. Бейсенбі күні
Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында болған атыс орны. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.
Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында болған атыс орны. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.
таңертең Алматының орталығында - Желтоқсан мен Сәтпаев көшелері қиылысында инскассаторларға жасалған қарақшылық шабуылдан соң және генерал Сағадат Нұрмағамбетовты жерлеу шараларына байланысты қаланың орталық бөлігіндегі бірқатар көшелерде онсыз да қозғалыс шектелген еді.

Алматыдағы жол бойындағы бағдаршамдарға қызмет көрсететін «СМЭУ Алматы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің хабарлауынша, қыркүйектің 26-сы күні электр желісінде болған апат кесірінен Сейфуллин және Абай даңғылдарының Құрманғазы, Қабанбай батыр, Жібек жолы көшелерінің қиылыстарында, Жамбыл және Шевченко көшелерінің Масанчи, Байтұрсынов, Шагабутдинов көшелерімен қиылысар тұсында, Наурызбай батыр көшесінің Абай даңғылынан Төле би даңғылына дейінгі аралығында жол қиылыстарындағы бағдаршам жұмыс істемеді. Ал «Алатау» жарық компаниясының баспасөз қызметі Азаттыққа арнайы рұқсат алмай, өз бетінше жер қазу жұмыстарын жүргізіп, жер астындағы кабельді қиып тастаған басқа бір компания кінәлі деп хабарлады. Осылайша кінәлілер тізбегінің ұшын табу мүмкін болмады.

Бағдаршамдардың кенеттен істемей қалуы осы аптада Алматыда екінші рет қайталанды. Бұған дейін қыркүйектің 24-і күні Абылай хан және Сейфуллин даңғылдары, Қабанбай батыр, осы Шевченко көшелеріндегі бағдаршамдар істемей қалған еді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG